Құқық | Право

Жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберемін десе, не істеу керек – министрдің жауабы

Министрдің айтуынша, жұмыс орындары қысқаруы әбден мүмкін, осыған байланысты үкімет жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеп жатыр.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ақылы және ақысыз демалысқа шығу туралы айтты.

“Қазіргі төтенше жағдай мен карантин кезінде жұмыс беруші ақылы демалысқа шығуды ұсынса, ол қайта жақсы, пайдаланып қалу керек. Бірақ кейбір шағын мекемелер қаражаты болмағандықтан, жұмысшыларға ақысыз демалысқа шығуды ұсынуы мүмкін. Еңбек кодексі бойынша ол екі жақтың келісімімен жасалады, сондықтан оған келісесіз бе, жоқ па, өз құқығыңыз”, – деді Нұрымбетов бүгінгі онлайн-брифингте.

Министрдің айтуынша, еңбек нарығына елдің ішкі ахуалы ғана емес, әлемдегі жағдай да әсер етіп отыр. Соның салдарынан жұмыс орындары қысқаруы әбден мүмкін.

“Осыған байланысты үкімет жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеп жатыр. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылады деп сенеміз. Оған қоса, басқа шаралардың нәтижесінде 200 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашуға тырысамыз”, – деп атап көрсетті Нұрымбетов.

Коронавирус эпидемиясы

18 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті. Оның он сегізі – Нұр-Сұлтан қаласында, он жетісі – Алматы қаласында.

Індеттің басқа қалаларға таралуына жол бермеу мақсатында екі қалада 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин жабылады. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатылады.

Екі қалаға тек сол жерде тіркелген азаматтар ғана кіре алады.

16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, режим отыз күнге созылады.

Комментарий