Саясат | Политика

Қаржыны тиімсіз жұмсағандар жазаға тартылсын!

Қалыптасқан дәстүрге сай биылғы жылдың бюджеті де нақтыланды. Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында осы шараның құқықтық негізін дәйектеген «2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Алайда, Мәжілістен тұтастай мақұлданып жеткен жылдың басты қаржы құжатын қалаулыларымыз қабылдамай, бірқатар өзгерістермен кейін қайтарды.

Заң жобасы 2019–2023 жылдарға арналған нақтыланған макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде әзірленіпті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде, жыл сайынғы Жолдауларында айтқан тапсырмаларын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» жарлығын, бюджет саласындағы айлығы төмен қызметшілер мен атқарушы органдардың төменгі санаттағы мемлекеттік қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруді 1 шілдеден 1 маусымға ауыстыру туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған.
Сенаторлар үкіметтің бұл уәжін құптағанымен, нақтыланған бюджеттің әлі де халық қажетін толық ашпайтынына алаңдаушылық білдірді. Шын мәнінде мұндай үрдіс бюджет әкімшілері жұмысының олқылығын көрсетеді. Мәселен, жиында қосымша баяндама жасаған Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, елімізде инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүйесіз қаржыландырылуда. Бұл мәселеге сенатор Дүйсенғазы Мусин де назар аудартты. Ол бұл ретте нақты мысал келтіріп, жоба шеңберінде халықтың тығыздығы, инфрақұрылымның жағдайы, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі мол 1781 елді мекен іріктелгенмен, осы жобаны іске асыруға бағытталған ұйымдастыру шаралары және аймақтық стандарттар жүйесін әзірлеу жұмыстарының бүгінге
дейін аяқталмағанын айтты. Ал, сенатор Мұхтар Жұмағазиев Парламент бекіткен республикалық бюджеттің жыл бойы бірнеше рет нақтылануының себептерін жіліктеп берді. Олардың біріншісі жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін қалыптастыру әдістемесінің терістігі. Сенатордың айтуынша, бұл қаражат көлемі қазір ауыл шаруашылығы өнімінің үлесіне емес, оны өндіретін халықтың санына негізделген. Екіншісі, бюджетті жоспарлау бізде жоғарыдан төменге бағытталады. Негізінде бұл шара төменнен басталып, бюджет ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптасуы керек. Үшіншіден, ауыл шаруашылығын субсидиялау ережесінде тұрақтылық жоқ. Оның жиі өзгеруі аграршылардың ертеңгі күніне сенімсіздік тудырады. Бұл шара кемінде үш жыл мен бес жылға созылуы тиіс. Төртіншіден, бюджеттік әкімшілердің жауапкершілігі төмен. Жауапкершілікті көтеру қажеттігін өз кезегінде сөз алған сенатор Е.Мамытбеков те атап көрсетіп, бюджеттік бағдарламалар басшыларының қаражатты сапасыз жоспарлау мен тиімсіз пайдаланғаны үшін тәртіптік жазаны әкімшілік жауапқа тарту жазасымен күшейту қажет деген пікір қосты. Оның айтуынша, бұл үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда жаза нақты белгіленіп, ол уақыты өтіп немесе басқа жұмыс орнына ауыстырылса да қаржы тәртібінің бұзылуына жол берген бюджеттік бағдарлама басшысы болған тұлғаға қолданылуы керек. Айтылған пікірлердің бәрі де жаңалық емес, қай-қайсы да бұған дейін талай рет көтерілген мәселелер. Өкінішке орай, үкімет оларды шешуге үнемі сөз бергенімен, орындауға асығар емес. Уәделер осы жолы да қайталанды. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, құжатты бірден қабылдатудың сәті түспеді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

 

Комментарий