Қоғам | Общество

Шенеуніктер ғылыми атаққа құмар

Күні кеше Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Сергей Краевойдың қызметінен кету туралы өтінішін құп алды. Оған себеп, орынбасардың 2012 жылы қорғаған диссертациясының көшірме екендігі анықталып, «медицина ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесі алынып тасталуынан басталған. Көршіге күлетін жәйіміз жоқ. Өйткені, өзіміздің де атақ-абыройдан кенде емес шенділеріміз шетінен ғылым кандидаттары мен докторлары.

Ғалым демекші, былтыр бізде де білім мен ғылымға жауапты мекеменің өзінен шу шыққаны есімізде. Министрліктің департамент басшысы қызметін атқарған Анар Қайырбекова вице-министр Фатима Жақыпованың диссертациясын толығымен көшіріп алғанын екі бірдей шетелдік антиплагиат жүйесі растап бергенін айтқан.

Ғылымға жасалған қылмыс

Ғаламтор бетін ашып қалсаң «Диплом, диссертация жазамын» дейтіндердің жарнамасынан көз сүрінеді. Оқу орындарының маңайындағы жарнама тақтайшаларының да беті ғылыми еңбек жазатындардың дәурені жүріп тұрғанын көрсетеді. Оның соңы, өткен жылы докторлық диссертация жаздырамын деп сан соғып қалған «ғалымның» құқық қорғау органдарына шағымдануымен аяқталған еді. Сөйтсе 43 жастағы елорда тұрғыны өзі жете танымайтын адамға докторлық диссертация жазғызу үшін 1,5 млн теңгесін ұстатып жіберген. Ал «Мәскеуде диссертация қорғадым, Ресейдің Ғылым академиясының профессорымын» деп жұртқа жар салып жүрген Қыдырәлі Болмановтың да ғылыми атағын Ресейдің Білім және ғылым министрлігі жоққа шығарған. Бұл тізімде Қыдырәлі ғана емес, елдегі ең бетке ұстар шенеуніктер мен оқытушылардың да біразы бар. «Диссернет» жобасының авторы әрі құрастырушысы Андрей Заякин бірқатар қазақстандық ғалымдар еңбегінің ұрлық екенін анықтап, көшірме диссертациялардың иелерін ғылыми дәрежесінен айыру керек деген ұсыныс тастаған болатын. Алайда, Заякиннің айтқаны аяқсыз қалды.

«Елімізде қаншама профессор, доктор, академиктер бар. Санасаң – саннан жаңыласың. Егер солардың бәрі ұлттың, мемлекеттің дамуына үлес қосса, тың дүниелер бастаса – Қазақстан баяғыда-ақ дамыған отыз ел тұрмақ, одан ырғып алдыңғы қатардағы он мемлекеттің бірі болар еді» деген еді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай басылымдардың біріне берген сұхбатында. Жазушы біздегі көшірме диссертациялар, ғылыми еңбек деп аталатын шалажансар дүниелер мемлекеттің дамуына мысқалдай да пайда қоспайтынын айтады.

Зерттеу «значок» үшін керек

Халықаралық зерттеулердің тұжырымына сүйенсек, Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықты пайдасыз ғылыми мақалаларымен толтырумен әлек. Айтуларынша, біздің ғалымдар дәйегі жоқ журналдарды шығарумен айналысады. Бұл тәсілді олар «ғылымға жасалған қылмыс» деп түсіндіреді. Жыл сайын миллиардтаған теңге заманауи ғылымды дамыту үшін емес, жалған ғылыми журналдардағы ақылы мақалаларға жұмсалады. Шетелдің кез келген өзін сыйлайтын ғалымы мұндай басылымдарда мақала шығарса, абыройы төмендейді деп түсінсе, біздің ғалымдар әзірге сапаға емес, санға көбірек көңіл бөлетін секілді. Мәселен, 2015 жылы қазақстандық ғалымдар халықаралық журналдарда 2436 мақала жариялаған. Алайда дәйексөздер индексі бар болғаны 0,02 құрапты, ал орташа әлемдік коэффициент – 1,00. 1990-1995 жылдары қазақстандық ғалымдар 456 ғылыми мақала жарияласа, 2000 жылға қарай бұл көрсеткіш үш есеге артып, 1112-і құрайды. Бес жылдан кейін бұл көрсеткіш алты есеге асып, 10 809 мақала жарық көрген. Біздегі докторанттарға үш жылда жеті мақала жазу талап етілсе, әлемге әйгілі профессор Стэнфордтың өзі мұнша көп мақала жарияламайды.

Стэнфордты сан соқтырып кеткен ғалымдарымыздың «арқасында» Скопустағы ғылыми жарияланымдар саны бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 2000 жылы 141 орыннан 86-орынға көтеріліп, Орталық Азия аймағы елдерінен және тіпті Еуропалық Одақ елдерінен озып кеткен. Рейтинг реттелгенімен, саны жоқ еңбектен елімізге пайда болмай тұр. Шындығы сол, қазір Қазақстанның құрметті профессорларына қарағанда нигериялық ғалымдардың жұмысы ғылыми әлем үшін әлдеқайда құнды.

Ғалымдарымыз жақсы журналдарда мақала шығара алмауларын ағылшын тілін нашар білуімен түсіндіріп ақталғысы келеді. Бірақ шетелдік қауымдастық өкілдері «мәселе ағылшын тілінде емес, зерттеудің өзінде» дейді. Себебі, қазақстандық ғылыми зерттеулер көбінесе формальды түрде жүргізіледі, яғни нәтижелері ойдан шығарылады. Тіпті зерттеуде олар қолданылған әдіснаманы және жалпы қол жеткізгісі келген нәрсені ағылшынша емес, орыс және қазақ тілдерінде түсіндіре алмайды екен. Технологиясы күн сайын түрленіп жатқан

Жапонияда жалған диссертацияға жол жоқ. Елге жаңалық ашпасаң жапондықтарға ғылыми атақ алу арманға айналады екен. Бізде докторлық дөкей болуға, академик дәрежесі тегінің астына түрлендіріп, абыройын асқақтату үшін ғана қажетті құрал секілді. Белгілі ғалым, көрнекті қайраткер Амангелді Айталы айтпақшы, диссертация, кандидаттық дегендер кейбір министрдің немесе әкімдердің кеудесіне тағатын «значок» сияқты болды. Ал бұл отандық ғылымның апат аузына ақырындап кіріп жатқанын аңғартады.

 

Сіз не дейсіз?

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

«Атақтың артында тамыр-таныстық жатыр»

Қазір өмірбаянын жаза алмайтындар да – ғылым кандидаты мен докторы, құқықтанушы. Осы атақ пен абыройдың артында – тамыр-таныстық тұр. Жоғарыда көкесі барлар креслоға жақын жүретін еді, енді креслоны қойып, ғылымға да басын сұғатын болды. Диссертациялық жұмыстарға баға беретін органдар, ғылым комитеттері, министрліктегі тамыр-таныстық жойылмай, жалған ғылыми дәреже жолға қойылады деу бекершілік. Ол жердегі жауапты мамандар бір жыл сайын өзгеріп отыру қажет деп санаймын. Ондай жауапты міндетке ғылымға жаны ашитын, ар-ұятты білетін ар-ожданы таза, нағыз ғалымдар баруы керек. Сосын бізде диссертациялық кеңестер көрінген жерде ашылып, ғылыми еңбектерден мән кетті. Мысалы, жекеменшік оқу орындарында да сондай кеңестер жұмыс жасайды. Ғылым – жаңалық ашу деген сөз. Көзбояушылыққа салынып көшірме диссертация жазу ұят тірлік. Оның үстіне мемлекет ғылымға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей жатыр. Ғалымдардың еңбекақысы мардымсыз болған соң, көбісі басшылық жағалап кетті. Ғылымы өркендемеген ел артта қалады. Бүкіл өмірін ғылымға арнаса да ғылыми атақ ала алмай жүргендер бар. Ал жоғары басшылықта, жауапкершілік міндеттелген қызметте жүріп ғылым кандидаттығын қорғау күлкілі нәрсе. Нағыз ғалым көп уақытын кітапханада, үнемі ізденіс үстінде өткізеді. Мен кейбір ғылыми атағы бар шенеуніктердің кітапханаға баруға қалай уақыт тауып жүргеніне таң қаламын. Қазір атақ-даңққа ұмтылу басым. Мен бір мысал келтірейін. Бір қаламгер мақаласының соңына «академик, доктор, құрметті профессор» деген тәрізді шұбырған атақтарын қосады. Ал шын мәнінде жоғары партия мектебінде алған білімінен басқа ештеңесі жоқ. Сол партия мектебін бітірген жазушы бүгінде көп ғылыми атағы бар «ғалым» болып отыр. Оның атақтарына қарап, шын мәнінде ғылыммен айналысатын нағыз ғалым екен деп қалуға болады.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы:

«Антиплагиат жүректе болуы керек»

– Жалпы ғылым – еріккеннің ермегі емес. Сондықтан ол – ертеден өте жауапты сала әрі «инемен құдық қазғандай» іс. Соңғы жылдары Еуропада да, ТМД-да да шенеуніктердің диссертациясынан шу шығып жатыр. Бұл жерде халық бір нәрсені түсіну керек: ғылыми дәрежесі бар күллі шенеунік бірдей «көшірімпаз» (плагиат) емес. Мысалы, өзімізде ғылымда жүрген талай мықты азаматтар мемлекеттік қызметке шақырылып, ол жерде де елді ұятқа қалдырған жоқ. Сонымен бірге ғылымды, ғылыми атақты «уақытша белес», «керек тастың ауырлығы жоқ» деп қарағандар да аз емес. Міне, плагиат осы жерден шығады. «Антиплагиат» жүйесі мың жерден жетілген болса да санада, жүректе антиплагиат орнықпаса – бәрі де бекер. Сөз жоқ, Еуропа плагиатқа өлердей қас. Бұл дұрыс! Жалған мақала, диссертация жазғаны анықталған адам (шенеунік пе, басқа ма) сол күні тақыр жерге отырады. Біздің пысықайлар осы әшкере үшін жазған адаммен, газетпен, сайтпен күреседі. Сөйтіп «итжығыс» жалғаса береді. Мұны қалай тиямыз? Бірінші, өте қатаң талап пен заң керек. Екінші, ғылымдағы өтірік формализмнен құтылуға тиіспіз. Ол не? Жалған және есеп үшін белгіленген өлшемдер. Мысалы, Скопус мақалаларын алайық. Оның «авторы» 4-5 адам болғанымен, шын жазғаны – жалғыз ғалым болуы мүмкін. Осыны бәріміз көріп-біліп тұрып үндемейміз. Тіпті шапалақ ұрамыз. Сөз соңында ғылымды қор қып, тіпті мазақ етіп жүргендерге Абай пайымымен «Өзіңді бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден!» деп айтқым келеді.

 

Аягүл МАНТАЙ, жазушы:

«Докторлық – білімнің көрсеткіші емес»

– Мәскеудегі Ресей Халықтар Достығы университетінің магистратурасын бітірдім. Төртінші семестрде тек қана магистрлік жұмыспен айналыстық. Тобымыздағы тоғыз адамның магистрлік жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарағанын байқадым. Магистрлік жұмысын докторлық диссертация деңгейінде жазып шыққан магистранттар болды. Сол кезде жазған жұмысымызды антиплагиатпен қайта-қайта тексерді. Байқағаным, бұл жерде бізге қарағанда ғылым саласында былық аз. Мұнда курстық жұмыстың өзін студенттер ізденіп жазады. Интернеттен көшіріп алып, өткізе салу деген жоқ. Себебі, оқытушылар әр курстық жұмысты аса ыждахатпен оқиды.

Жақында оқу бітіргелі көрмеген мәскеулік құрбыммен кездестім. «Ғылымға үлкен қабілетің бар. Аспирантураны неге жалғастырмадың?» десем «Ғылым деген – үлкен жауапкершілік» дейді. Тобымызда ғылымға қабілеті бар мықты жастар бар еді. Маған да Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде аспирантурада оқуға ұсыныс болды. Бірақ, бас тарттым. Өзіме «ғылымға қабілетім жоқ» дедім. Шын мәнінде, Қазақстанда әдебиеттану саласынан докторлық қорғаған біраз адаммен салыстырғанда жақсы диссертация жаза алам. Бәлкім, ішкі сыным қатал шығар. Бәлкім, мен өткен мектеп, Мәскеу мектебі маған осындай тәрбие берген шығар.

Расымен, біздің елде шенеуніктердің диссертация қорғауы сәнге айналған секілді. Шенеунік жұмыс істей ме, әлде диссертация жаза ма? Әлде олар екі жыл демалыс алып, диссертациясын жазып жатыр ма екен? Жалпы диссертация жазу үшін демалыс алған шенеунік бар ма? Шенеуніктердің докторлық диссертация қорғауы науқанға айналды. Қазаққа докторлық диссертация қорғаған шенеунік емес, шын мәнінде, білімді, халыққа жақын шенеунік керек. Докторлық, магистрлік – білімді адамның көрсеткіші емес.

Жадыра МҮСІЛІМ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий