Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Дүрбелең туғызатындар жауапқа тартылады – мемлекет басшысы

Тоқаев барлық БАҚ пен интернет ресурстар тек ресми мәліметке сүйеніп жұмыс істеуі керек екенін атап өтті

Коронавирус туралы жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіретін азаматтар заңға сәйкес жазаланады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Біз ел-жұртты арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады”, – деді Тоқаев коронавирусқа байланысты телеарналар арқылы жасаған үндеуінде.

Президент барлық БАҚ пен интернет ресурстар тек ресми мәліметке сүйеніп жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.

“Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып қауіпті індетпен күресуіміз керек. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді”, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Қазақстанда коронавирус

Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде тоғыз адам коронавирус жұқтырған: жетеуі Алматы қаласында, қалған екеуі Нұр-Сұлтанда.

Вирус жұқтырғандардың арасында он екі жасар бала бар. Ол Алматыға Германиядан ұшып келген.
16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір таңғы 07.00 дейін күшінде болады.

Осыған байланысты азаматтар үшін ел аумағына кіру және шығу шектелді. Ірі сауда ойын сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, фитнес орталықтар, бар, түнгі клубтар мен моншалар жұмысын тоқтатты. Супермаркеттер мен базарлар, дүкендер жұмыс істей береді.

Мектеп оқушылары дүйсенбіден бастап каникулға шықты. Балабақшалар жабылған жоқ, бірақ баланы апару-апармауды әр ата ана өзі шешеді.

Комментарий