Қоғам | Общество

Алматыда анықталған төртінші науқастың ұлынан коронавирус анықталған

Алматыдағы төртінші коронавирус жұқтырған адам Ресейде Италиядан келген ұлынан COVID-19 анықталған соң, келе сала алматылық дәрігерлерге өзі барып қаралған. Бұл туралы брифингте қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

“Ол жақта туыстарымен бірге болған. Науқастың ұлы сонда коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Алайда ол бізге бұл жайлы айтқан жоқ. Кеше кешке бізге келді, таңертең нәтиженің оң екені анықталды. Әйелі екеуін ауруханаға жатқыздық. Екеуі екі бөлек оқшауланды. Тығыз қарым-қатынаста болғандықтан жұбайына қатаң бақылау орнатылды. Бүгін одан да коронавирусқа тексеру үшін анализ алынды”, – деді Әбілдаев.

Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасында әуе қатынасына шектеу қойылған жоқ.

“Ресей Федерациясы ауыр санаттағы ел тізіміне енбейді. Екінші санаттағы елдердің тізімінде, сондықтан ол жақтан келген азаматтарға тек қоңырау шалып, қажет болған жағдайда медициналық тексеру жүргізіледі. Соған қарай карантинге жатқызылатыны я болмаса тексеруден өтетіні анықталады. Екі ел арасында арнайы келісім бар. Бүгінгі таңда Ресей мен Қазақстан арасында әуе қатынасына шектеу қойылған жоқ”, – деді Әбілдаев.

Ал халықаралық рейстерден келген азаматтардың қалай тексеруден өтетіні жайлы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова жауап берді.

“Халықаралық және мемлекет ішіндегі рейстердегі азаматтар белгіленген тексеруден өтеді. Анкета толтырып, дене қызуы тексеріліп, тұрғылықты жері анықталады да, емдеу орталығына беріледі”, – деді Қалықова.

Естеріңізге сала кетейік, Қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған қазақстандықтар саны 6-ға жетті. Оның 4-еуі Алматыда, 2-еуі Нұр-Сұлтан қаласында.

Айта кетсек, Қазақстанның тағы бір азаматы Германияда карантинде жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі тек ел аумағындағы науқастардың тізімін жасағандықтан, әзірге алты адамды ғана есепке алып отыр.

Комментарий