Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Субсидияның соңы сиырқұйымшақтанып кете бере ме?!

Мен Алматы облысы Панфилов ауданындағы «Шүкет ата» шаруа қожалығының жетекшісімін. Біз Елбасы жариялаған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларына сенім артып, шаруа қожалығын 2015 жылы жаңадан құрдық. Себебі, осы бағдарламалардың шарттарында 14 пайызбен несие беріп, кейін оның 7 пайызын Үкімет өзі субсидиялайды деген талап бар болатын. Сөйтіп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚнан 6 миллион теңге алып, оған сол кездегі ОҚО-ның «Ордабасы» асыл тұқымды шаруашылығынан 220 бас тұсақ және 10 қошқар сатып алдым.

Жер алдым, қыстаулық қора, үй-жай салдырдық. Малдың қысқы жем-шөбін дайындап, қыстан мал басын аман алып шығып, көктемде төлдету науқанын да дұрыс атқардық. 2016 жылы 90 бас қойды сатып, несиенің алғашқы бөлігі – 1 миллион 200 мың теңгені төледім. Ойым – субсидия шарттарын бұлжытпай орындап, субсидияға қайтарылатын 600 мың теңгені алып, шаруашылығымды одан ары дамыту болатын. Алайда, маған субсидия қайтарылмады. Себебін сұрасам, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Аграрлық несие корпорациясындағы» мамандар «Үкіметте қаржы жоқ» деді. Ал, бізбен олардың отырған келісімшартында «Үкіметте ақша болмаса, төленбейді» деген тармақ жоқ. Керісінше, субсидияның қағидалары бойынша, 39-бабында «Үкіметте ақша болмаған жағдайда, несие төлеушінің қаржысынан қайтару керек» делінген. Өкінішке қарай, олар осыны да орындамай отыр. 2017 жылы мен несиемді сәуір айында төлеуім керек еді. Ол кезде қой төлдеп жатты да, мал арық болғандықтан сата алмадым. Маусым айында мал семіргенде сатып, 985 мың теңге несиемді төледім. Ол кезде олар маған 90 күн кешіктіргенімді айтқан жоқ.
Содан субсидияға қайтаратын қаражатты тосып жүрдім. Түспеген соң, жыл аяғы желтоқсанда өтініш жазып, Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Бекішовке кірдім. Ол кісі осы несиемен айналысатын мамандарын шақырып алып, «Мына «Шүкет ата» шаруашылығына қайтарылатын субсидия неге қайтарылмаған, беріңдер» деп тапсырма жүктеді. Енді берілетін шығар деген оймен шаруаммен айналысып жүре бердім. 2018 жылдың қаңтары өткен соң тағы да білмек болып, Т.Бекішовке тағы бардым. Сөйтсем алдыңғы жолғыдай емес, Бекішов өзгеріп қалған, «қайда барсаң сонда бар, ақшаң жоқ» деп ұрысып, қуып шықты. Бұдан кейін мен «Аграрлық несие корпорациясының» басшысы Сарыбаевқа да өтінішімді қалдырдым. Алматы облысының әкіміне бардым. Бірақ облыс әкімі алдын ала жазылу арқылы қабылдайды екен, алдымда 500 адам барын айтты. Болмаған соң, орынбасары С.Бескемпіровке кіріп, жағдайымды айтып едім, ол ешқандай жауап бере алмады.
Амалым таусылған соң Ауыл шаруашылығы министріне, сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Ө.Шүкеевке де хат жаздым. Олардан 2016 жылы Үкіметте қаржы болған жоқ деген жауап келді. Ал, 2017 жылы 1 сәуірде №50-ші Бұйрық шығарыпты. Ол бұйрық бойынша кім несиені 90 күн кешіктіріп төлесе, субсидия берілмейтіні көрсетілген екен Ал, несие алған бірнеше шаруа бұл бұйрықтан бейхабармыз, білмейміз. Келісімшартта, басқа да құжаттарда біздің мекенжайымыз, телефонымыз бар ғой, хабарлап айтса болмай ма?! Бізге бұл бұйрық туралы 2018 жылы бір-ақ айтып отыр ғой. Ал, келісімшартымызда жылдың аяғына дейін төлесек болды деп көрсетілген-ді. Не керек, 2017 жылы белгіленген мерзімнен 15 күн өтіп кетті деп, мені субсидиядан шегеріп тастапты. Біз заңгерлерден кеңес алдық. Олардың айтуынша, келісімшартта қалай көрсетілсе, келісімшарт уақыты біткенше солай кетуі керек. «Аграрлық несие корпорациясының» осыншама заңсыздықтарына қарамастан, 2018 жылы несиемді уақытында тағы қайтардым. Субсидия қайтарудан 2017 жылы шығарып тастаған соң, өткен жылғы субсидияны тағы бермей отыр. Үш жылда 5 миллион 500 мың теңге төлесем де, маған 1 теңге де субсидия қайтармады. Ендігі айтатындары сотқа жүгін дейді. Сонда өздері шешетін жұмысты сотқа неге сілтейді?! Тағы бір айтарым, меніңше «Аграрлық несие корпорациясындағылар» несие қайтару мерзімін дұрыс белгілемеген. Олар сәуір айына қойған. Ал, бізде сәуірде мал төлдейді және ол кезде арық болады. Сондықтан несие қайтару мерзімін мал семіріп, төлі өсетін кезге – маусым мен желтоқсан айының арасына қойса дұрыс болар еді. Егер біздің Үкіметіміз еліміздегі ауыл шаруашылығын көтереміз, экономикамызды дамытамыз десе, шаруаларға дұрыс жағдай жасауы қажет. Субсидиядан қаржымызды алсақ, мал азықтық шөп, дәнді дақылдар ексек дейміз. Шаруашылығымызды әртараптандырып, ірі қара мал, жылқы түлігін де бақсақ деген жоспарымыз бар. Осылайша еліміздің экономикасын көтеруге өз үлесімізді қоссақ деген ойымыз болды. Алайда, қазір субсидияны ала алмай, шаруашылығымыз банкротқа ұшырауға айналды. Мен әлі 4 жыл несие төлеуім керек. Сонда министр ауысқан сайын шарттары өзгеріп кететін бұл қандай бағдарлама..? Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Аграрлық несие корпорациясындағылар» несие алған оншақты шаруашылықпен дұрыс жұмыс жүргізбей, не істеп отыр..? Мемлекеттік қызметкердің этикасы дегенді неге сақтамайды? Сұрағымыз көп, облыстағы басшылар мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған жауап бермеді. Енді жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы Асқар Мамин мырзадан үміт күтеміз…
Мұхтар АҚЫНОВ,
«Шүкет ата» шаруа
қожалығының жетекшісі
Панфилов ауданы
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Комментарий