Судья мінбері | Судебная система

Зияткерлік меншік заңмен қорғалады

Еліміз егемендік алғалы бері дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды дейтін болсақ, сол арқылы халықаралық қатынастарда өзіне сәйкес құқықтар мен міндеттерді қабылдап отыр. Солардың бірі зияткерлік меншікті қорғау. Зияткерлік меншік адамның ой-санасымен жасалғанның барлығына қатысы бар өнертабыстар, әдеби және драмалық туындылар, сондай-ақ, коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар мен үлгілер. Міне, осы аталғандардың барлығы бүгінде заңмен қорғалады. Еліміз Дүниежүзілік Зияткерлік меншік ұйымының мүшесі, сол себепті зияткерлік еңбек кез келген адамның жеке мүліктік құқығы немесе жеке меншігі.

Зияткерлік меншік құқығы біреудің меншігіне берілмейді және тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаланылады. Заңда белгіленген тәртіппен рәсімделген және материалдық тұлғаға көшірілген зияткерлік меншік нысандарының бәрі нарықтық тауар айналымында жүзеге асырылады, әрі материалдық емес құндылықтар түрінде есепке алынады. Зияткерлік меншіктің басты сипаттамасы меншікті пайдаланудың жеке құқықтарын тек зияткерлік меншіктің иесі, яғни автор ғана шамалай алуында, сондай-ақ, оның рұқсатынсыз зияткерлік меншікті бөтен адам пайдалана алмауында.

Зияткерлік меншік құқығы өзге де меншік құқықтары сияқты, авторға өз туындысынан немесе шығармашылық жұмысынан табыс табуына мүмкіндік береді. Бұл мәселе дүниежүзілік адам құқықтары декларациясының 27 бабында нақтыланған. Зияткерлік меншік құқығын бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 198, 199-баптарына сәйкес, жауапкершілікке тартылады.

Мемлекет тарапынан зияткерлік меншік құқығы саласын дамытуға жоғары деңгейде көңіл бөлінуде. Өйткені, дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру, дүниежүзілік сауда ұйымына кіру тәрізді маңызды мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыруда авторлық және сабақтас құқықтар мен өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды факторлардың бірі блып саналады. Сондықтан зияткерлік меншік келешекте мемлекет азаматтарының әл-ауқаттылығы деңгейін белгілейтін, құнды ресурс ретіндегі ауыз толтырып айтарлықтай маңыздылыққа ие болмақ.

Қазіргі таңда зияткерлік қызметтің жаңа салалары пайда болуда. Міне, осыларды құқықтық қорғау үшін елімізде зияткерлік меншік туралы заң жұмыс істеу үстінде. Бұл заман талабы да. Атап айтар болсақ, Қазақстанда зияткерлік меншік объектілерінің құқығын қорғау «Авторлық құқық және аралас құқықтар туралы», Қазақстан Республикасының Патенттік, «Тауар белгісі, қызмет ету белгілері және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қол қою туралы» заңдары жүзеге асыруда. Тіпті, қолданыстағы Әкімшілік, Азаматтық және Қылмыстық кодекстерде Зияткерлік меншік құқығы департаменті Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің зияткерлік меншік мәселелерімен айналысатын уәкілетті мемлекеттік органы болып табылатындығы да айтылған.

Десек те, бүгінгі таңда елімізде әділет органдары тарапынан зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды және зияткерлік еңбекті, кәсіпкердің еңбегін қорғауда нәтижелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Сонымен қатар, соңғы уақытта контрафактімен, жалған, сапасыз өнімнің айналымына қарсы Алматы қаласы Әділет департаменті тарапынан біршама тұшымды шаралар ұйымдастырылды. Бұл дегеніміз зияткерлік меншікке қатысты заңның ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын білдіреді.

Ерлан ШАЙХАДИНОВ,

Алматы қаласы

Әділет департаменті

Зияткерлік меншік құқықтары

бөлімінің бас маманы

Комментарий