Бас тақырып | Тема дняЭкономика

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУҒА ЫНТА АЗ

Кеңестік кезеңде өзіне ғана емес, өзгеге де киім шығарып, соның арқасында ешкімге жалтақтамаған біздің ел қазір жылына 600 млрд теңгесін аяқ киім сатып алу үшін сыртқа жібереді. Елімізде екі бірдей тері илейтін зауыт бар. Оларды іске қосу үшін мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы жұмсалған. Алайда, бұл жобалар бүгінде тоқтап тұр. Оның жұмысына жан бітіру үшін 60 млн теңге қажет. Бұл «Байтерек» холдингінің бір айлық жалақысының жартысы ғана. Осы ақшаның бөлінбеуінен аяқ киім фабрикаларын терімен жабдықтайтын өндіріс тұралап, онда жұмыс істеп жатқан 7000 адам жұмыссыз қалып отыр.

Мұны «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жағдайы және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдауда Семей қаласындағы Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Бейбіт Рахымғалиев айтқан еді.

Өзгенің өнімін өткізу кімге пайдалы?
Мәселені жіктеп берген Рахымғалиев «еліміздің табиғи әлеуеті, дәстүрі бола тұра жеңіл өнеркәсіптің тұралауы өзгенің өнімін өткізу үшін қолдан жасалған айла-шарғы емес пе?» деген сауалды көпшілік талқысына салды. Шынында неге біз әлі күнге өзімізді киіммен қамти алмай отырмыз? Өз киімін өзі тігіп, артылғанымен біздің базарды толтырған қырғыз, өзбектен неміз кем? Парламенттік тыңдауда бұл салада біраз түйткілдің беті ашылды. Жиында алдымен сөз алған Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіптің экономиканы түрлендіруге, әсіресе, пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндігінің бірі екенін назарға салды. Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіптің адымын аштырмай отырған тосқауыл – ең алдымен өндірістің қымбаттығы.
Екіншіден – арнайы жабдықтардың жоқтығы. Кеңестік кезеңнен мұраға қалған құрылғылардың тозығы жеткен. Отандық кәсіпорындардағы жабдықтарды жаңарту коэффиценті жылына 3-4 пайызды қамтиды. Шетелдік фирмаларда бұл көрсеткіш 15-17 пайыз деңгейінде. Үшіншіден, шикізат тапшылығы. Елімізде синтетикалық материалдар өндірілмейді, ал, отандық табиғи шикізат тапшы. Төртіншіден, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі төмен. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары айналымға қаражат жетпегендіктен және өндірісті жаңғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестицияның аздығынан зардап шегіп отыр. Кәсіпорындар көбінесе банктерден кредит ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайды, келешектегі келісімшарттарды кепіл мүлкі ретінде қарастырмайды. Бесіншіден, жеңіл өнеркәсіп үшін сенімді келешектің жоқтығы. Өткен жылы жеңіл өнеркәсіптің өндірістегі үлесі небәрі 0,4 пайыз болды. Егер күндердің күнінде жеңіл өнеркәсіп жойылып кетсе, қарапайым тұтынушылар мұны байқамауы да мүмкін. Алтыншыдан, кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығаратын көлеңкелі импорттың болуы. Салық пен баж төлемдерінің жоқтығына байланыс­ты, сапасының төмендігіне қарамастан контрафакт бағасы арзан.

Импортқа қызығудың себебі неде?
Қазіргі кезде Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке көбінесе ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр, солардың есебінен кәсіпорындар жұмысын жалғастыруда. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл кәсіпорындарға технологиялық тұрғыдан дамуға, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік сатып алуға алып-сатарлар көп қатысады. Тапсырыс беруші төмен бағаға қызығып, сапасыз импорттық тауар алады. Нәтижесінде бюджет қаражаты елден шығарылып, басқа елдердің экономикасын дамытуға демеуші болуда.

КазАГРО қаржы бөлуге құлықсыз
Семей қаласындағы Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Бейбіт Рахымғалиевтың айтуынша, жыл сайын Қазақстанда мүйізді ірі қараның 3 млн терісі жиналады. Бір теріден он бес пар аяқ киім тігуге болады. Бұл терінің кем дегенде жартысынан тері өңдеу зауыттары аяқ киім үшін былғары дайындай алады. Ал екінші жартысын жартылай фабрикат түрінде сыртқа сатып, валютаның түсімін қамтасыз етуге болады. Алайда, осы өндіріспен айналысатын Арқалық пен Семейдегі екі зауыт тоқтап тұр. ҚазАгро еншісінде бар 50 млрд теңгеден қаржы бөлуге құлықсыз. Бұл тосқауылдан шығудың бір жолы терінің тек 1, 2, 3 сұрыптары субсидиялануы керек. Сонда малдың арнайы орындарда сойылуы жолға қойылып, терінің сапасына мән берілетін болады. «Қазақстандық мазмұн туралы» заң бойынша тендерді ұтып алған компания өз өнімін отандық шикізаттан тігуі керек. Бұл мемлекеттік қауіпсіздік үшін қажет. Өйткені, өз зауытымызда иленген терінің сапасы тиісті орындар тарапынан қадағаланады. Әрі соңғы кезде жастар арасында жиілеп кеткен түрлі аурулардың алдын алу мүмкіндігі.
Тағы бір маңызды мәселе, сұранысқа ие бренд тауарлары бар жеңіл өнеркәсіп орындарының тауарларын өздері сатуға мәжбүрлігінен туындап отыр. «Сауда қызметі туралы» заң азық-түлік саласын реттеуге көбірек бағытталған. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сыртқа шығару да кедергіге толы. Мәселені «АГФ-групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гауһар Насырова ортаға салған еді. Оның айтуынша, тек Қазақстанда жасалған өнімді Еуро Одақтың нарығына шығару үшін 12 пайыздық баж төлеу керек. Ал, Өзбекстан үшін бұл төлем 9,4 пайыз болса, Түркия мен Иран үшін 0 пайыз екен. Осының салдарынан біздің елдің өнімі бәсекеге қабілетінен айырылып отыр. Еуразия экономикалық одағының мүшесі ретінде еліміздің осы ұйымға мүше елдермен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою керек еді, алайда бұл таяуда қол жететін мүмкіндік емес көрінеді. Неліктен? Ол жағы да түсініксіз… Ал, шетелдік өндірушілер үшін Қазақстанда барлық жерде жасыл шам жанып тұр. Олардың үлкен компаниялары отандық брендтерге орын табылмайтын «А» сыныпты сауда-көңіл көтеру орталықтарында өздерінің фирмалық дүкендерін ашып тастаған. Бұл ретте оларға өз елдерінен де тиімді жеңілдік ұсынылып отыр. Мәселен, Түркия отандық компанияларының сауда алаңдарын жалдау ақысын дотациялайды. Қазақстандық өндірушілерге бұл ретте ешқандай қолдау жоқ. Сауда орындарының қожалары өз отандастарын қолдауға құлықсыз.

Электронды сауданы жетілдіру маңызды
«Bench Mark Consulting» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әскер Башеевтың айтуынша, отандық өнімнің тұрақты түрде саудаға шығарылып, сатылуын қамтамасыз етудегі тағы бір тосқауыл тасымал, логистика қызметтерін көрсететін компаниялардың тауар өндірушілермен байланысының жолға қойылмауына байланысты.
Елге мемлекет, бизнес және қоғам қызметінің интеграциясының цифрлық инфрақұрылымы ауадай қажет. Үлкен корпорациялардың маркетингтік ілгерілету мен сату үдерісінің тиімділігін арттыруға арналған цифрлық жүйелері бар. Ал, жеңіл өнеркәсіптің негізгі бөлігі үшін мұндай мүмкіндікке қол жеткізу қаржы мен адамдар әлеуетінің аздығынан өте қиын. Шын мәнінде жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің дені енді ғана тауар айналымын жасай бастаған шағын және орта кәсіпорындар. Олардың цифрлық технология мен ғаламторды пайдалану тәжірибесі жоққа тән. Сондықтан, Қазақстанның барлық аймағындағы түрлі бизнес нысандарын бір орталыққа біріктіріп, оларға ортақ ереже ұсынатын, тиімді мүмкіндіктер беретін сандық жүйенің инфрақұрылымы жасалу керек. Бұл корпоративтік қағидат бойынша бизнес құрудың міндетін елеулі түрде жеңілдетеді. Сонымен қатар электронды сауданы дамыту қажет.
Түйін
Тоқетерін айтқанда, отандық жеңіл өнеркәсіптің түйткілі көп. Дамуға кедергі болып отырған кадр жетіспеушілігін, жергілікті шикізат тапшылығын, субсидия мен кредит беру механизмдерін жетілдірмей бұл салада оң нәтиже болады деп күту қиын. Ең бастысы, жеңіл өнеркәсіптің бар шындығы ашылып, ол елдің жоғары мінберінен бүкпесіз айтылды. Енді тек осы әңгіме нақты істерге негіз болса, саланың бағы жанары анық.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий