Саясат | Политика

Н.Нығматулин: қазақша сұраққа қазақша жауап бермегеніңіз дұрыс емес

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наринэ Микаелян цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкіліне қазақ тілінде сұрақ қойды

 Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қазақ тілінде қойылған сұраққа орысша жауап беремін деп мәжіліс төрағасынан сөз естіді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наринэ Микаелян цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкіліне қазақ тілінде сұрақ қойды.

Ал вице-министр Асхат Оразбек орыс тілінде жауап қайтарды. Бар қазақшасы “сұрағыңызға рахмет” қана болды. Одан әрі “во-первых, надо сказать…”, – деп орысша зуылдай жөнелді.

Шенеуніктің бұл әрекеті мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинге ұнамай қалды.

“Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе жағдай жасалды. Бірақ, құрметті Асхат Елубайұлы, басқа ұлттың азаматы мемлекеттік тілде сұрақ қойып тұрғанда, қазақ тілінде сайрап тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Соны ойлауымыз керек”, – деді ол.

Депутаттар төрағаның сөзінен кейін ду қол шапалақтады.

Наринэ Микаелян 2016 наурызында Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліс депутаты болып сайланды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

Комментарий