Қоғам | Общество

Жаңа Жібек жолы – БҰҰ моделі

Алматы қаласындағы Нархоз университеті  «Мемлекеттік басқару» кафедрасының қолдауымен «Ауғанстандағы президенттік сайлау қарсаңы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Айтулы шара БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы конференциялар сериясы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Р.Бультриков, БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолының атқарушы директоры Р.Абазов, БҰҰ Президенті Мохаммед Махди Нури, БҰҰ Өкілдігі Алматы қаласы – В.Самек және А.Мухидов, «AFGQAZ» Қазақстан-Ауғанстан даму және серіктестік қауымдастығының өкілдері, Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институтының өкілі, А. Джунусов Нархоз университетінің қоғамдық және мемлекеттік органдармен байланыс проректоры, Алматы қаласының әртүрлі жоғары оқу орындарында оқитын ауған студенттері мен Нархоз университетінің «Халықаралық қатынастар» мамандығының студенттері қатысты. Шарада Ауғанстандағы президенттік сайлауға қатысты өңірдегі ең күрделі ішкі саяси, геосаяси жағдай, сондай-ақ олардың Жаңа Жібек жолы аймағына саяси тұрақтылыққа ықпалы тұрғысынан өткізуге арналған сындарлы пікірталас болды. Және Ауғанстанда елбасы бес жыл мерзімге әмбебап, құпия және тікелей дауыс беру негізінде сайланатындығы, екінші мерзімге қайта сайлануы мүмкін екендігі, елдің қазіргі президенті Ашраф Гани 2014 жылдың 14 маусымында сайланып, 2014 жылғы 29 қыркүйекте қызметке тағайындалғандығы әңгімеленіп, сарапшылардың мәлімдемесінде, алдағы президенттік сайлауда 18 үміткер өз кандидатураларын ұсынып отырғандығы айтылды.

Шара барысында қазіргі таңда еліміз БҰҰ тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде өзінің басымдықтары аясында ауған мемлекетінің мүддесіне ықпал етіп отырғаны сөз болды. Соның айғағы ретінде өткен жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі еліміздің төрағалығымен «Ауғанстандағы және Орталық Азиядағы аймақтық әріптестікті қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігі үлгісі ретінде» тақырыбында дебаттың өтуі жиында аталып өтілді. Сонымен қатар, жиын қонақтары БҰҰ миссиясы ауған елінде ашық және әділ сайлауды қамтамасыз ету мақсатында Ауғанстанның сайлау институттарын халықаралық қауымдастықтан қолдауды көздеп отырғандығын да тілге тиек етті. Ресей, Қытай және АҚШ елдері 21-22 наурызда Вашингтонда кездесіп, Ауғанстандағы бейбітшілік процесі жайлы әңгіме қозғап, Ауғанстанның егемендігі, тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығына құрметпен қарайтындығы жайлы жиынға келушілер кеңінен әңгімелеп берді. Бір атап өтерлігі Ауғанстаннан келген студенттер шараға белсенді қатысып, өзекті, маңызды сауалдар төңірегінде пікірлер алмасқандығы. Жиын соңында аталмыш университеттің «Мемлекеттік басқару» кафедрасының жетекшісі М.Рысқұлова барлық қонақтар мен Ауғанстаннан келген студенттерге Азиялық зерттеулер институтының директоры, Қазақстанның танымал саяси қайраткері С.Акимбековтің «Ауғаныстан тарихы» атты монографиялық еңбегін ескерткішке ұсынды.

Камила Әкімбеккызы,

«Заң газеті»

Комментарий