Әлемде | В мире

Италияның 16 млн адам тұратын аймағы карантинге жабылды

Италия билігі 16 млн адам тұратын елдің солтүстігінде карантин жарияланды. Бұл туралы премьер-министр Джузеппе Конте жариялады, деп жазады ВВС.

Бұл аймаққа енді кіріп-шығу жолдары жабылды.

Шаралар Ломбардияның бүкіл әкімшілік аймағына, 14 провинцияға да қатысты. Туристер арасында танымал Милан және Венеция қалалары да карантинге жабылады.

Контенің айтуынша, бұл тек осы аймақтарға кіріп-шығуға тыйым салу ғана емес, сонымен қатар карантин аймағындағы қозғалысқа да шектеу қойылған. Мұражай, тау шаңғысы курорты, бассейн, спорт залдары, түнгі клубтар және бұқаралық немесе мәдени шаралар өтетін басқа да орындар жабылады.

Мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын жалғастырады, бірақ келушілер бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта отыруы тиіс. Карантин аймағында тұрған адамдарға, үйден шықпауға кеңес беріледі. Карантин режімін бұзғаны үшін үш айға дейін қамауға алу қарастырылған.

Барлық спорттық шара көрерменсіз өтеді. Шектеу кемінде 3 сәуірге дейін жалғасады. Ломбардияның өзінде ғана 10 млн-ға жуық адам тұрады.

Соңғы дерек бойынша, Италияда коронавирус жұқтырған 5 900-ге жуық жағдай расталған, 230 адам көз жұмған, оның ішінде 50-і – кеше қайтыс болған.

Комментарий