Қоғам | Общество

Түркістанда жаңа радионың тұсауы кесілді!

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан ашылған Халықаралық ақпарат құралының аты «Ясауи ФМ». Қазірше интернет арқылы жұмысын бастаған радионың болашағы зор деп күтілуде. Қазақша және түрікше ақпарат таратып, ұлтымыздың ұлағатын ұлықтайтын бұл үнжария – болашақ журналистердің де теориясын практикамен ұштастыратын ұстаханасы болмақ.
Сондай-ақ, бүгін оқу орны жанынан жаңа телестудия да ашылды! Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да жаңа технологиялармен жабдықталған теле және радио студиясының ашылу салтанаты ерекше өтті. Маңызды шараға университет президенті Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов пен вице-президент Женгиз Томар арнайы ат басын бұрып, лентасын қиды. Қазіргі таңда мұнда журналистика кафедрасында 100-ден аса студент оқуда. Олардың теория жүзінде жиған білімдерін практика жүзінде су жаңа студияларда жүзеге асырады деген сенімдеміз. 
Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері медиа саласындағы мамандар да мұнда ағылып келуде. Университет студенттері облыстың маңдайалды басылымдарымен тізе қосып жұмыс атқаратын меморандумға қол жеткізсе, жақында ғана оқу ордасына тиесілі “Ясауи университеті” газеті электронды нұсқасын жарыққа шығарған болатын. Жоқтан бар жасауға жаны құмар ұстаздар болса, алдағы уақытта еліміздің беделді телеарналары мен радиоарналарынан өз түлектеріміздің үні көпшілікке жол тартады деген сенімде.

Комментарий