Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«Заңның» алыстағы жақындары

Газет шығару – ұжымдық жұмыс. Көптің күшімен, тілеуімен бітетін бейнетті тірлік. Тақырып таңдау, кейіпкер табу, көптің көңілінен шығатын мақала жазу, оны көркемдеп ұсынудың қиындығы мен қызығын редакция жұмысынан хабары бар жандар ғана жақсы түсінсе керек. Басылымның мазмұнды болуы, сапалы дайындалуы тек шығармашылық ұжымға байланысты емес. Беделдің биік, таралым санының өсуіне газет жанашырларының сіңірген еңбегі зор. Осындайда журналистер жұмысын жеңілдетіп, басылымға сырттай тілекші болып жүрген арулардың еңбегін айтпай кетсек адамдығымызға сын. Өйткені, олар «Заң газетінің» штатына тіркелмеген тілшілер. Олар – біздің тұрақты оқырманымыз! Олар – басылымдағы ең жедел, ең сенімді ақпараттың авторлары. Сала бойынша жазылған сапалы, терең, көркем жазылған мақалалардың иесі де солар.  «Олар» деп айрықша екпін беріп отырғаным – сот саласындағы баспасөз хатшылары.

Еңбегін бас бармақты көрсетіп бағалайтын баспасөз хатшыларының көшін Маңғыстау облыстық сотының қос қызметкері Гауһар Нұрханова мен Нұршат Өтеулиева бастап тұр. Екеуі де журналистика факультетін тәмамдағандықтан жазуға епті, газетке қандай материал керегін, оқырманның нені талап ететінін жақсы біледі. Содан болар, олардың жолдаған мақалаларынан қасаң цифрлар мен бос әңгімені сүзіліп қарасаң да таппайсың. Тіпті қозғаған мәселелерінің ерекшелігіне, таңдаған тақырыптарының сонылығына тәнті болатын кезіміз көп. Өңірлік соттардағы судьяларға, мамандарға деген жанашырлықтары әр жазған дүниелерінен анық білініп тұрады. Маңғыстау сотының қос қарлығашы соттағы жаңашылдықтарды түсіндіруге, ол бойынша шаралар ұйымдастыруға да әбден машықтанған.

Басылымға жазылуды ұйымдастыруда ең белсенді болған Батыс Қазақстан облыстық соты дегенде ең бірінші ойға оралатыны – Нұргүл Қанатбаева. Судьялар мен ақпарат өкілдері арасында алтын көпір болған Нұргүлдің жеделдігі ұнайды. Әр ақпараттың халыққа ең қажетті, ең маңызды бөлігін іріктеп, сөлін ғана, маңызын ғана ұсынатыны көңілімізден шығады. Отбасы мен қызметін ақсатпай қатар алып жүретін оның жанұядағы жылылыққа, ұл-қызының тәрбиесіне баса назар аударатынын да байқап, біліп отырмыз. Қарбаласқа толы баспасөз қызметінің қара нарына айналған Нұргүлден өз сотының беделін көтерсем деген аппақ тілекті аңғармай қалу мүмкін емес. «Әйелдің қырық жаны бар» екенін ісімен дәлелдеген Қанатбаеваның қабілетін бағалап, қанаттандырып отыруды басшылар қаперінде ұстаса болғаны.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз орталығы да өзгелерге үлгі етіп көрсетуге әбден лайық. Осы ортада көптен бері еңбек етіп келе жатқан Ардақ Смағамбетова мен Айжан Ысқақованың мақтауға тұрар ісі көп. Әсіресе, екі қыздың әлеуметтік желідегі еңбегін ерекше атап өтпеуге болмайды. Бүгінде Қызылорда облысындағы барлық соттың, судьялардың, тіпті сот мамандарының әлеуметтік желілерде өз жеке парақшасы бар. Қай сотта қандай істің қаралып жатқаны, қандай өзгерістің бары, нендей жаңалықтың күтіп тұрғаны алақандағыдай айқын. Соның бәрін үйлестіріп, бір ортаға ұйыстырып, бір мақсатқа біріктіріп отырған баспасөз қызметкерлері екені ешкімге жасырын емес. Ісіне мығым мамандардың ашықтықтан, жариялықтан қорықпайтынын осыдан-ақ аңғарсақ болады.

Ақтөбе облыстық сотына Сәкен Абдолла төрағалық еткелі бері газетпен қарым-қатынас нығая түсті. Бүгінде облыстық соттың судьялары тұрмақ, аудандық сот мамандарының өзі жаңа бастамаларға үн қосып, жаңа заңдардағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруде белсенділік танытуда. Газет сол арқылы сонау Ырғыздың, Хромтаудың, Шалқардың, Мәртөктің аудандық соттарында атқарылған жұмыстардан хабардар болып, тыныс-тіршілігінен толымды мәлімет алып отыр. Аймақтық соттың айтулы нәтижелерін насихаттаудағы баспасөз қызметкері Анар Айтжанованың үлесі өлшеусіз. Анардың әсіресе мақалаларды сүзгіден өткізіп, таңдаулыларын ғана редакцияға жолдайтын жауаптылығы үшін бас июге болады.

Бас қаламыз Нұр-Сұлтаннан сәлем жолдайтын ботадай қыз – Ботакөз Баянова қос тілге бірдей жүйрік. Ойын жүйелеп айтуға ғана емес, көңіліндегісін кестелеп қағазға түсіруге де шебер. Заң саласының тар шеңберден шықпайтын қасаң терминдерін еркін қолдану, түсінікті етіп жеткізуді де осы қыздан үйренуге болады. Әсіресе Ботакөздің әлеуметтік желілерге салатын түсіндірме роликтері ұнайды. Азаматтарға қажетті заң талаптарын жіліктеп көрсетіп, қарапайым тілмен түсіндіре білетін жазбаларын іздеп жүріп оқитындар көп. Ондағы орнымен пайдаланылған статистикалық деректерді өзіміз де бірнеше рет мақаламызға ұтымды пайдаландық. Эмоциямен жазылатын пікірлерге, қойылған сауалдарға ұстамды тіл қатып, ұтымды жауап қайтаратын Баянованың парасатына да таңданбай тұра алмайсың.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне жауапты Айжан Слямбаева мен Құралай Абдрахманова да ердің жүгін арқалап жүрген мықты қыздар. Аудандық газеттің ішінен арнайы бет ашып, өңірлік соттың өнегелі істерін насихаттаған олар республикалық ақпарат құралдарына да жақсы танымал. Бүгінде қоғам шындыққа зәру, шынайы жазылған шығармаға мұқтаж. Содан болар сотқа ісі түскен адамдардың тағдыры туралы жаза отырып, көпшілік жол беретін заңдық қателіктерге талдау жасаған қос қыздың материалдары үлкен сұраныспен оқылады. Жалқы дерек арқылы жалпының көкейіндегіні сөз еткен Айжан мен Құралай өңір соттарының судьяларын ақпарат құралдарында жарқыратып көрсетуде жүйелі жұмыс жасап отыр.

Досжан Әміров төрағалық еткен соттың бір демде түлеп, бір сәтте ең ашық сотқа айналатынын көзіміз көріп жүр. Бүгінде атаулы мерекені алдымен атап өтетін де, заңды түсіндіру керек болса, айтары бар жандардың басын бір арнаға қоса қоятын да осы сот. Жырдан шашу шашудан да көш бастайтын, спорттық додалардан да еш қашпайтын осы сот. Оларды уақытылы насихаттау баспасөз қызметіне оңай тиіп жатпаған болар. Үлкен жектемемен жұмыс істеуге дағдыланған баспасөз қызметкері Күләш Домалақова ақпараттың қазанында әбден пісті десек шындықтан алыстай қоймаймыз. Десек те Досжан Сарманқұлұлы секілді талапшыл басшымен қызметтес болу, білгенін үйрену кез келгеннің маңдайына бұйырмаған бақ.  Осындай төрағаның жанынан табылып, жасампаз істердің басы-қасында бірге жүрген Күләш Домалақованың  «Заң газетіне» сүйіншілейтін жаңалықтар лайым көп болғай.

Бұдан бөлек, Түркістан облыстық сотының баспасөз маманы Уазипа Алмаева, мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Ақтөбе олыстық филиалының баспасөз қызметкері Анар Тәңірбергенованың басылым жұмысын жандандырудағы үлесі орасан.

8 наурыз қарсаңында «Заң газетінің» тілекшісі, қамқоры болған барша аруларды әйелдер, аналар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Өз ісінің нағыз маманына айналған мақтаулы жандардың еңбегіне табыс, отбасына береке, бірлік тілейміз! Әлемді әдемі еткен әйелдердің жүзінен шуақ кетпесін!

Айнұр Сембаева,

«Заң газеті»

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Загрузка...

Комментарий