Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

СЫЙ КӨРУГЕ ӘР ҚЫЗДЫҢ ҚАҚЫСЫ БАР

Жыл сайын 8 наурызда «әйел баласына бір-ақ күндік құрмет аз, оларды 365 күн бағалап, құрмет көрсетуіміз керек» деп жатамыз. Бұл сөз жайдан жай айтылмаса керек-ті. Осы орайда қыз-келіншектерімізді, аналарымызды, жалпы әйел қауымын бағалап, оларға қоғамнан өздеріне лайық құрмет көрсете алып отырмыз ба?!

Әйел баласына жай ғана әйел болғаны үшін, бар болғаны үшін, нәзік жаратылыс иесі ретінде назар аударып, қоғамның бағалауын сезіндіре алсақ елімізде көп нәрсе өзгерер ме еді?! Өмірге сәби әкелгені немесе мүгедек болғаны үшін емес, жәрдемақыны әйел болғаны үшін ғана берсек керемет емес пе?! Қазақтың қызы, қазақтың келіні, қазақтың әйелі болғаны үшін сый көрсетіп, сыйақы тағайындасақ қой шіркін. Шыны керек әйелге негізі болмысында көп нәрсе керек емес, айналасы бағаласа, жылы сөзін арнаса жеткілікті.

Осындайда еске түседі, Түркімен елінің Президенті Гурбангулы Бердымухамедов қыз-келіншектерге арнап, жалпы әйел қауымына жыл сайын 8 наурыз мерекесінің алдында мемлекет тарапынан ақшалай сыйақы бөлгізеді. Биыл да Түркіменбашы 27 ақпанда өткен үкімет отырысында экономика және қаржы вице-министріне арнайы тапсырма беріп, әрбір нәзік жандыға 60 манат ақшалай сыйақы табыстау туралы бұйрық берді. Осыған дейін жыл сайын беріліп келген сыйақының көлемі 40 манат болатын. Рас, нарықтық курспен есептегенде бұл мардымсыз ақша. Бірақ бес түйір раушан гүліне жетер көлемдегі ақша әр қыз-келіншекті ер адамдардан даралап, әйелге өзін осы қоғамның нәзік болмысы екенін сезіндіріп, айналасының одан әйел баласы ретінде мейірімділік қана күтетінін еске салып, осы бір болмашы қуанышпен көңілдерге жылу сыйлауы керемет қой! Көлемі болмашы болғанымен, көңілге көктем сыйлар осындай нәрселер маңызды емес пе?!

Тіпті қоғамымызда мемлекет назарынан тыс қалған, бала-шағасы жоқ, осындай мерекелерде қуану орнына көңілі одан сайын құлазитын қоғам мүшелері де бар екені рас қой. «Ұлды тәрбиелегенің – азаматты тәрбиелегенің, қызды тәрбиелегенің – адамзатты тәрбиелегенің» деген қанатты сөз бар. Қыздарымызға жастайынан құрмет көрсету арқылы олардың қоғамдағы қамқорлыққа лайық жан екенін сезіндірсек, адамзатқа берілер тәрбиені солай сіңірсек ғажап емес пе! Ана – ғажап жаратылыс, қыз-қызғалдақ гүл, әйел тұнып тұрған әдемілік. Ендеше сол ғажап жаратылысқа сай құрметті, қамқорлықты, жылына бір келетін мерекеде сөз жүзінде емес, іс жүзінде жасасақ дұрыс-ақ.

Рас, гендерлік теңдік деп соңғы жылдары әйелдерге әр сәт сайын нәзік жаратылыс екенін еске салудың орнына, салмақты көбірек артып жіберген секілдіміз. Мәселен Заңға сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық әйелдер зейнетке ерлер сияқты 63 жасында шығады. Зейнетке шығу жасын теңестіру үрдісі бірнеше жылдан бері жүріп жатыр. Қоғам тарапынан әйелдер үшін зейнет жасын 55, ал ерлер үшін 60 жасқа дейін төмендету туралы ұсыныс айтылғанымен, әзірге оны тыңдар құлақ болмай тұр. Әйелдердің иығына артылар жүкті тым жеңіл деп ойласақ керек, 63 жасқа дейін әйелдер тұрмыстағы тіршілігіне үлгеріп, кір-қоңын жуып, тамағын жасап, жанұясының жағдайын ойластырып, қызметін де істеп, баласын да бағып, «қартаюға уақыт таппай» жүруін құжат жүзінде бекітіп қойдық. Яғни бізде сыйақы тағайындап, әйелге қамқорлық жасаудан гөрі, жыл өткен сайын қойылар талап қатаңдап бара жатыр. Соған қарамастан  қоғамда әйелдердің ер адамдарға қарағанда статистика бойынша жалақысы да, билік орындарында отыру үлесі де төмен. Мәселен зейнетақы қорындағы жинағын ер адамдар 55 жастан, ал әйелдер 50 жастан ала алады. Сонымен қатар, олардың жинаған сомасында да елеулі өзгеріс бар. 2020 жылы осы меже ер адамдарға 10 млн 800 мың теңге болса, әйел адамдарға 14 млн 800 мың теңге болып белгіленген. Соған сай әйел адамдардың зейнетақы қорындағы қаржысын алу уақыты еркектерден жоғары. Неге? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, әйелдер зейнетке шыққан соң орта есеппен 22 жыл, ал, ер адамдар 17 жыл өмір сүреді. Яғни бұл теңсіздік әйелдердің ер адамдарға қарағанда ұзақ өмір сүруінен туындап отыр екен. Бұл жерде де әйелдердің ұзақ жасайтынын есепке алғанмен, жалақысының ерлермен салыстырғанда аздығы, жұмыс барысында бала күтімімен біраз уақыт үйде отыратыны ескерілмеген

Атап айта кетер жайт, мемлекет тарапынан әйел қауымына берілетін жәрдемақылардың барлығы дерлік оның туған баласының санына қарай белгіленген. Ал қоғамымызда қаншама тұрмысқа шықпаған кәрі қыздар бар. Статистиканың өзі қоғамымызда ер адамдарға қарағанда әйелдер санының көптігін көрсетіп отыр. Демек кәрі қыз қатары да өсері сөзсіз. Ана болу бақыты бұйырмаған, жалғызілікті, қоғам назарынан тыс қалған, мемлекеттік қамқорлықты өмірінде сезініп көрмеген осындай жандарға жылына бір рет мемлекет тарапынан сыйақы тағайындап, ең болмаса «гүл көлеміндегі сыйлықты» мемлекет тарапынан ескерсе несі айып?! Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз «Аналарға тағзым күнін» енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Ол да аяқсыз қалды. Тіршілік атаулының анадан тарайтынын еске салатын мереке әлем бойынша 50-ден астам елде аталып өтіледі екен. Ендеше «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп, «жұмақты табанының астынан» іздейтін аналарымызға, қыз-келіншектерімізге жалпы нәзік жандыларымызға келгенде неге сараңдық танытамыз?!

ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 1 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда 18 млн 608 мың 942 адамның  9 млн 537 мың 261-і әйел адам екен. Оның ішінде 18-35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мыңнан астам қыз бар. Бір-екі баласын үлпілдетіп отырған әйелдер де мемлекет қолдауын сезінгісі келеді.  Соған орай баласының санына қарамай барша әйелді қуантудың тетігін енгізсек дұрыс еді.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий