Қоғам | Общество

Қайтыс болғаннан кейін донор болуға қалай қарайсыз?

Қазақстанда 3323 адам донор кезегінде тұр. Заң бойынша дене мүшесі сау әрбір адам донор бола алады. Қазақстанда азаматтардың 30 пайызы ғана көз жұмған туыстарының дене мүшелерін алуға қарсылық білдірмейді. Ал қалған 70 пайызы түбегейлі қарсы болады. Олар көбінесе бұның себебін шариғатпен байланыстырып жатады. Исламда адам мүшелерін ауыстыруға тыйым салынған ба және донор болу үшін қандай талаптарды орындау керек?

Мамандар ағзаны тірі донордан емес, мәйіттен транспланттау экономикалық тұрғыдан да, қауіпсіздік тұрғысынан да әлдеқайда тиімді екенін алға тартады. Статистика бойынша, қайтыс болған бір адамның органы бес-алты науқастың өмірін құтқарады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантация күту парағында 3323 адам тұр,олардың ішінде:

  • бүйректі транспланттауға – 2832 ересек және 77 бала;
  • бауырды транспланттауға – 242 ересек және 5 бала;
  • жүректі транспланттауға – 156 ересек және 10 бала;
  • өкпені транспланттауға – 1 ересек адам бар.

Қазақстан ағзаларды транспланттау саны бойынша ТМД елдерінің арасында үшінші орында.

2012 жылдан бері Қазақстан Республикасында барлығы 1800 астам ағзалар мен тіндерді (ткань) ауыстыру оталары жасалған, онын ішінде 366 дене мүшесі қайтыс болғаннан донорлардан алынған.

Кім донор бола алмайды?

Алайда кез келген жанның донор бола алмайтынын да ескерген жөн. Мәселен, 60 жастан асқан кісілер донор бола алмайды. Өйткені олардың ағзалары қартайған. Тіпті 40-тан асар-аспас жасында ішкі органдары жарамсыз болып қалатын адамдар да болады. Яғни, донор болатын жанның салмағы, қан тобы, өзге де медициналық көрсеткіштері реципиентке сәйкес келуі тиіс.

Исламда адам мүшелерін ауыстыруға тыйым салынбаған

Көп жағдайда донорлыққа адамдардың діни наным-сенімі кедергі болып жатады. Әл-Мәдина мешітінің ұстазы Қайрат Базарбайұлының айтуынша, ислам дінінде транс­плантацияға, яғни мүше ауыстыруға рұқсат етілген.

«Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды тарансплантация жасауға рұқсат бар. Сонымен қатар, көмекке зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық. Өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге берген жағдайда да оның құрметі төмендемейді», – дейді имам.

Сондай-ақ, имам шариғатта трансплантацияға тірі донордың өзіне немесе өлгеннен кейін оның туыстарына ағзаны сатып, пайда табуға тыйым салынатыны туралы айтты. Яғни адам ағзасы қайырымдылық мақсатында берілуі керек.

Исламда өлінің ағза мүшелерін тірі адамға көшірудің өзіндік шарттары бар:

  • Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім емес. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлік болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуі тиіс. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болу керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.
  • Трансплантация жасау шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын, әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты дәлелдеуі тиіс.
  • Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет етуі шарт. Өйткені трансплантация жасау адам денесін қорламауы керек. Яғни адамның өсиеті оның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Себебі бұл – Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет.
  • Өліден тіріге көшіргелі жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Яғни ұрпақ таратуға атсалысатын адам ағзалары болмауы қажет.
  • Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Және ағзаны көшіру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс.

Донор туралы заң

Жақында ғана Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне донорлық мәселесі туралы өзгерістер енгізілгенін айтты.

«Әрбір мемлекет донорлық мәселесін өз дәстүрі, өз тарихы, дайындығы бойынша шешуі керек. Осыны ескере отырып, біз халық денсаулығы кодексі туралы заң жобасына өзгерістер енгіздік. Ең маңызды мәселе – қайтыс болған адам біздің базаларда өз ой-пікірін білдірмесе, ешқандай ақпарат болмаса, сол адамның туыстары келісім бергенде ғана марқұм донор бола алады. Ал туыстары келісім бермесе, донор болмайды», – деді Елжан Біртанов.

Бұған дейін «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 169 бабының 10 тармақшасына сәйкес Қазақстанда келісім беру презумпциясы болды. Яғни адам емханада донор болудан бас тарту жөніндегі құжатқа қол қоймаса, көз жұмған соң, оның органдарын трансплантациялауға рұқсат етілген.

Бұл норма 2009 жылы Ұлт денсаулығы кодексінде бекітілген еді. Бірақ іс жүзінде күшіне енбеген.

Адам өлер алдында донар бола алатынын, не болмайтынын айтып өз еркімен арыз қалдыра алады. Мұндай норма бар. Ол әр адамның еркі екені заңды түрде бекітілген. Біздің әрқайсымыз өзіміздің емханамызға барып, арыз жазуымызға болады. Дегенмен халықтың негізгі бөлігі бұл мәселеден хабарсыз десек те болады.

Бірақ бұл қайтыс болған адамнан органдарын ала беруге болады деген сөз емес. Ол өте қатаң түрде нақты талаптармен реттеледі. Медицина қызметкерлері осының негізінде жасақталған кодекс және заң ережелеріндегі барлық процедураларды қатаң ұстануға міндетті:

  • Әрбір азамат өзінің өлімінен кейін донор болудан бас тартуға құқылы. Себептері әртүрлі болуы мүмкін, бұл оның тірі кезінде жеке шешімі болады.
  • Науқас қайтыс болған жағдайда немесе бас ми өлімі тіркелген кезде басқа органдары өмірін сақтайтын аппараттың көмегімен қосылып тұрса ғана донорлыққа пайдалануға болады. Осындай факт тіркелген кезден бастап, 1 сағаттың ішінде туысқандарына хабарлау міндеттелген. Бұның барлығы өлімнен кейінгі донорлық туралы шешім қабылданғанға дейін іске асырылуы тиіс процесс.
  • Науқастың өлімі туралы туысқандарына хабарланғаннан кейін донорлық туралы шешім қабылданады. Бұл өте маңызды заңды және этикалық кезең. Туысқандары тұлғаның өлімі басқа адамға органдар қажеттілігі салдарынан болмағанына сенімді болуы керек.

Сондай-ақ, заңға сүйенсек, ағзаны саудалау да, ғаламтор арқылы жарнамалау да қылмыс. Дәрігерлер де ағзасын саудалайтын адамдардың кездесетінін жасырмайды. Қылмыстық кодекстің 113-ші бабы бойынша мұндай адамдар 7-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Осыдан 2 жыл бұрын Алматыда қызына 15 мың АҚШ долларына бүйрек сатып алмақшы болғаны үшін әйел адам 1,5 жылға шартты жазаға кесілді. Елімізде бұдан басқа оқиға тіркелген жоқ.

Қалай донор болуға болады?

Өтінішті тіркеу адамның тұратын орнына қарай өзі тіркелген емханада жүзеге асырылады. Адам арнайы арыз толтырады, онда өлген соң органдарын донорлыққа пайдалануға болатындығы жазылады. Арыз ақпараттық жүйеге түседі. Егер адам аяқ асты қаза тапса, не миы өлсе, яғни бұл туралы дәрігерлер консилиумы белгілесе, ақпараттық жүйе қолжетімді болмақ. Сол кезде ғана дәрігерлер адамның өлгені туралы және донор болуға келісім бергендігін білетін болады. Ондай шешім болған жағдайда, дәрігерлер туысқандарының рұқсатынсыз органдарын ала алады.

Донор болуға ниетті адам транспланттау жөніндегі қызметтерді көрсететін Денсаулық сақтау ұйымына құжаттарды нортариалдық куәландырып, ағзалардың бөлігін алуға және оларды керек адамға беруге келіседі.

Бұл ретте тірі донор жан-жақты медициналық зерттеуден өткеннен кейін, дене мүшелерін алуға болатындығы туралы консилиумның қортындысын алуы тиіс.

Айта кетейік, жылына көлік апатынан шамамен 3 мыңға жуық адам қайтыс болады, олардың жартысы жастар.

Халықаралық тәжірибеде донор мәселесі жеңіл әрі тез шешіледі. Мысалы, көп елдерде азаматтар жүргізу куәлігін алғанда, қандай да бір жағдай болып жатса, дене мүшесін беруге келіскені немесе қарсы болғаны туралы ақпарат базада тұрады. Сондықтан адам қайтыс болған жағдайда туыстарын іздеп жатпай-ақ мәселе бірден шешіледі.

 Айнұр Мұхади

Комментарий