Жаңалықтар | Новости

Ең қауіпті вирус жайлы 15 дерек

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті коронавирус туралы көпшілік біле бермейтін 15 жаңа деректі жариялады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) COVID-19 коронавирусының таралуына талдау жүргізу үшін Қытайға халықаралық сарапшылар тобын жіберді. Олардың жұмысының қорытындысы бойынша үлкен баспасөз конференциясы өтіп, Бейжіңге, Уханьға, Шэньчжэньге, Гуанчжоу мен Чэндуге бару туралы арнайы есеп жарияланды.

Мұнда ең қызық фактілер мыналар:

1. COVID-19 әдетте үлкен қашықтыққа таралмайды. Науқаспен тығыз байланыста болғанда ғана ауа тамшылары арқылы жұғуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен инфекция жұқтырушының отбасы мүшелері ауырады.

2. 2 055 ауруға шалдыққан аурухана қызметкерінің көпшілігі үйде немесе Уханьда індеттің ерте сатысында, барлық сақтық шаралары сақталмаған кезде жұқтырған.

3. Аурудың ұзақтығы әдетте екі апта. Ауыр жағдайларда 3-6 аптаға дейін барады.

4. Бүгінде Ухань қаласы орталығы саналатын Хубэй провинциясында 65 мыңнан астам адам ауру жұқтырған. Басқа провинциялардан оған медициналық мекемелердің 40 мыңға жуық қызметкері жіберілді.

5. Науқастарға 45 аурухана қызмет көрсетіп жатыр, олардың ішінде 6-ы – өте ауыр халде жатқандарға, 39-ы – қатты ауырып жатқандар мен 65 жастан асқандарды емдеуде. Қысқа уақыт ішінде 2600 орындық екі жаңа аурухана бой көтерді.

6. Қазіргі уақытта Қытай апта сайын коронавирусты анықтайтын 1,6 млн жиынтық шығарып жатыр. Тест сол күні нәтиже береді. Елде температурасы шыққан кез келген адам дәрігерге барып, вирусқа тест тапсырады. Уханьнан шалғай жатқан Гуандун провинциясында 320000 адам тестілеуден өтіп, соның ішінде 0,14%-ы ауру жұқтырғаны анықталды.

7. Ауру белгілері білінбеген науқастар өте сирек кездеседі. Вирус белгілері ауру жұқтырғаннан кейін бірнеше күннің ішінде пайда болады.

8. Ең жиі кездесетін белгілері: қызу көтерілу (88%) және құрғақ жөтел (68%), әлсіздік (38%), жөтел кезінде қақырық тастау (33%), демікпе (18%), тамақ ауыру (14%), бас ауыру (14%), бұлшықеттердің ауыруы (14%), қалтырау (11%). Жүрек айну және құсу (5%), мұрын бітелу (5%) және диарея (4%) сирек кездеседі. Тыныс алу жолдарының асқынуы COVID-19 белгілеріне жатпайды.

9. Қытайда 44 672 ауру жұқтырған адамды тексерген кезде олардың өлім-жітімі орта есеппен 3,4%-ды құраған. Бұл көрсеткіш жасына, жынысына, денсаулығына байланысты басқа да проблемалардың болуына және денсаулық сақтау жүйесі реакциясының жылдамдығына байланысты. Мысалы, бұрын жүрек-қан тамыр аурулары болған науқастар арасында өлім деңгейі 13,2%, қандағы қанттың жоғары деңгейі — 9,2%, қысымы жоғары адамдарда – 8,4%, созылмалы респираторлық аурулары бар адамдарда – 8% болған. Денсаулығымен ешқандай проблемасы болмаған адамдардың арасында көз жұмғандар – 1,4%.

10. Қытай ауруды емдеудің әр түрлі әдістерін тексеріп, олардың ең тиімдісі ел бойынша енгізілді. Осының арқасында өлім деңгейі бір ай бұрынғыдан төменірек.

11. Адам қаншалықты жас болса, жұқтыру ықтималдығы мен асқынулары соғұрлым аз. Қазіргі уақытта жұқтырғандардың 72,8%-ы – 40 жастан асқан адамдар. 19 жасқа дейінгі жастар мен балалар – ауру жұқтырғандардың 2,1%-ын құрап отыр.

12. Әйелдер де ерлер сияқты жиі ауырады. Алайда, ауру жұқтырған қытайлық әйелдердің 2,8%-ы ғана осы аурудан көз жұмса, ал ерлерде бұл көрсеткіш 4,7%- ға жетті. Жүктіліктің соңғы айында ауру жұқтырған әйелдердің балалары сау. Жүктіліктің ерте кезеңдерінде инфекцияның ұрыққа әсері туралы айту әзірге ерте.

13. Жаңа вирус генетикалық жағынан 96%-ға жарқанаттардағы коронавирус белгілеріне және 86-92 %-ға кесіртке тәріздес жәнтіктер коронавирусына ұқсас. Осылайша, мутацияланған вирустың жануарлардан адамдарға берілуі COVID-19 пайда болуының ең ықтимал себебі болып отыр.

14. Қаңтар айының соңында Қытайда ауру жұқтырғандар саны азаюда. Қазіргі уақытта орташа алғанда күніне 329 жаңа оқиға тіркеліп отыр. Бір ай бұрын олардың саны шамамен 3 000 болды.

15. Індетті ұстап тұрудың ең тиімді факторы – Қытай бүкіл ел бойынша ауру жұқтырғандар арасында сауалнамалар өткізген. Олардан басқа адамдармен жақын арада болған байланыстары туралы сұраған, содан кейін оларды тексерген. Ол үшін Уханьда 1 800 команда жұмыс істеп жатыр, олардың әрқайсысында кем дегенде 5 адам бар.

Комментарий