Экономика

Қазаққа қайсысы жайлы: Пәтер ме, әлде жер үй ме?

Пәтерде тұратындар жер үйді армандайтынын, ал жер үйде тұратындар кейде пәтерге көшуге де кет әрі емес екенін білесіздер ме? “Адамға ештеңе жақпайды” деп бекер айтпаса керек. Ал сырт көзбен бақыласақ, қайсысы анағұрлым пайдалы?

Пәтер үйде болмайтын, түнде ұйықтауға ғана келетін жандар үшін жайлы шығар деп жазады, ИпотекаБлог. Ал отбасы мүшелері көп, жерге бауыр басып қалғандарға жер үй ыңғайлы десе де болады. Бірақ таразының екі жағына қандай артықшылықтарды қоя аламыз?

 

Пәтерде тұру: дұрысы мен бұрысы

Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 10 млн азамат қалаларда және қалалық жерлерде, ал 8 миллион азамат ауылда тұрады. Қазақстанда урбанизация немесе басқаша айтқанда, ауылдық жерлерден қалаларға көшу процесі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда елдегі тұрғын үйдің жалпы саны шамамен 5,1 миллион болады, оның ішінде 3,2 млн пәтер және 1,9 млн жер үй бар. Демек статистика бойынша ел азаматтарының басым бөлігі пәтерде тұратын болып шықты.

Плюс 1. Көршілер

Пәтерде тұрудың бірінші артықшылығы – көршілердің көптігі. Көршілер, әсіресе әжелер сіздің өміріңіздің әр сәтін қалт жібермей қадағалап отырады. Бұл сіздің пәтеріңізге әрдайым көз салып отыратын қосымша күзет бар деген сөз.

Плюс 2. Инфрақұрылым

Үйдің жанында мектеп, балабақша, үлкен және кіші дүкендер, сұлулық салоны және тіпті кафе болуы мүмкін. Егер сізде көлік болмаса да, қаланың кез келген жеріне бару оңай, өйткені аялдамалар әрқашан сізге жақын орналасады.

Плюс 3. Пәтер жаңалау мүмкіндігі

Егер сіз апаттық деп танылған немесе тозығы жеткен үйде тұрсаңыз, жаңа пәтерге тегін көшуге болады! Әкімдік сізге көмектеседі. Ал жер үйде өкінішке орай, жыртығыңызды тек өзіңіз жамайсыз.

Плюс 4. Аула тазалығы

Пәтердегі өмір қыста тамаша — ауланы қардан тазартудың қажеті жоқ. Пәтер иелері кооперативі бұл жұмысты өз мойнына алған. Жер үй тұрғындары дәл осы тұста пәтерге қызыға қарайды.

Плюс 5. Байланыс

Су, газ және жарық сияқты коммуникациялар дайын болады. Оларды өзіңіз жүргізбейсіз. Бұзылып жатса, арнайы қызмет келіп жөндеп береді.

 

Пәтердің де өз бұрыстары бар. Онсыз болмайды:

Минус 1. Көлік тұрағы

Бірінші минус – көліктің кіріп-шығуы мен оны тұраққа қою. Көліктер саны артқалы бері, аулада орын табу мүмкін емес. Паркинг бар болса, оны сатып алып, қосымша шығындалу қажет.

Минус 2. Пәтер аумағы

22 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде жүріп-тұру қиынның-қиыны. Әрине, шағын пәтер уақытша таңдау болуы мүмкін. Оны сатып, қаржы қосып, не ипотека алып, үлкен әрі жайлы баспанаға айналдыруға болады.

Минус 3. Коммуналдық төлемдер

Коммуналдық төлемдердің қымбаттығы – айтарлықтай минус. Шынында да, су, электр, газ, қоқыс шығару және басқа шығындарды төлеуден басқа, подъездерді, шатырларды, үйді күтіп-ұстау және басқа да ортақ үй қажеттіліктерін жөндеу үшін кететін шығындар бар.

Минус 4. Шу

Көп қабатты үйлерде, әсіресе дыбыстық оқшаулауы нашарлау панельді ғимараттарда шу өте көп болуы мүмкін. Сізге тыныштық қажет болса, пәтер жаныңызды күйзелтіп жібереді. Көршілердің әңгімесін үйде отырып, естіп жүру кімге ұнайды?

 

Ал енді жер үйдің бар сырын ақтарсақ. Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Алдымен дұрысын саралайық:

Плюс 1. Таза ауа

Әдетте, егер адам жеке үйде өмір сүруді таңдаса, онда ол қаладан тыс жерде тұруды жөн көреді. Онда сіздің ауаңыз таза, аулада самал жер ұрып тұрмақ. Денсаулыққа да, көңіл-күйге де жағымды фактор.

Плюс 2. Үйдің аумағы

Орташа алғанда, пәтердің ауданы 40-100 шаршы метрді құрайды десек, үйлер одан үлкендеу келеді. Сонымен қатар, екінші, үшінші қабат қосып өсе беруге ешкім кедергі емес.

Плюс 3. Бау-бақша

Өз бақшаңның жемісі мен көкөнісін жеуге не жетсін шіркін! Экологиялық таза өнімдер, даладағы жұмыс сіздің денсаулыңығызға ғажап әсер етеді.

Плюс 4. Коммуналдық төлемдер

Жер үйдегі коммуналдық төлемдер көлемі сіздің қажеттіліктеріңізге байланысты болып келеді. Сіз өзіңіз пайдаланған ресурстар үшін ғана төлейсіз. Есептегіштерді қойып, нақты жұмсалған нәрсеге ақша төлеу әсіресе тиімді емес пе.

Плюс 5. Үнсіздік және тыныштық

Қала сыртындағы үйдің тыныштығы керемет. Қонақ шақырып, ештеңеге алаңдамай уақытты көңілді өткізе аласыз. Көршіңіз “қой” демейді, әжеңіз “әй” демейді.

 

Бірақ масаттануға әлі ерте. Жер үйдің де кемшіліктері бар. Оғанда тоқтала кетсек:

Минус 1. Инфрақұрылым

Жер үйге көп жағдайда көлік қажет болады. Метро, автобус сынды қоғамдық көлікті пайдалана алмайсыз. Көлігіңіз бұзылып қалса, трассаға дейін жаяу жүріп қиналуыңыз мүмкін.

Минус 2. Өзіңе ғана сену

Сіз үшін қарды ешкім тазартпайды. Сондықтан ерте тұрып жұмысқа кірісуге тура келеді.

Минус 3. Жол

Егер жол нашар болса, онда сорыңыз қайнайтыны хақ. Жаңбырда, көктемде балшық болып жататын жерлерден өтіп, күнара көлікті жууға тура келеді. Киіміңіз де былғана беретін болады.

Минус 4. Байланыс

Әдетте, қаладан алыс жерде байланыс нашарлай түседі. Сонымен қатар, кабельдік интернет пен теледидар қосу мүмкіндігі шамалы болады.

 

Осының бәрін оқып, дұрыс шешім қабылдай аласыз. Ең бастысы, қайда тұрсаңыз да, баспанаңыз сізге қуаныш сыйлауы керек. Хан сарайындай зәулім үйде тұрса да, өзін бақытсыз сезінетін бейбақтар бар, өзгенің лашығын жалға алса да, бақыттан басы айналып отырған отбасы бар. Сіз кім болғыңыз келеді? 

Комментарий