Бас тақырып | Тема дня

Жанжалды бастаған жан қалай жәбірленуші болады?

Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданындағы Әден ата ауылының тұрғындары, әкелі-балалы Базаралы Сүлейменов пен Абылайхан Бектай бір күнде істі болып шыға келді. ҚазҰУ-дың заң факультетін тамамдаған Б.Сүлейменов те, магистрлік дәрежесі бар А.Бектай да заңнан қаражаяу жандар емес. Керек десеңіз, мемлекеттік қызмет атқаратын елге сыйлы азаматтар. Өздеріне қатысты қаралған 3 томдық істің материалдарын ұсынған екеуі қылмыстық істің қолдан құрастырылғанын, айыпты екендерін айғақтайтын дәлел жоқ екенін алға тартып отыр. (Құжат көшірмелері редакцияда).

 

 

Дабыры бізге жеткен дау былтырғы жылдың 12 шілдесінде орын алған. Базаралы Сүлейменовтың айтуынша, сол күні Жетісай қаласынан құрылыс заттарын сатып алып 3 газел жалдап үйіне жеткізбек болады. Үш газелдің соңынан ілескен Сүлейменов көшеге кіргенде алдында кеткен газелді көршісі Кәрімжан Үсетовтің бөгеп тұрғанын көреді. Әрине, мұндай жағдайда жүргізушілердің не себепті тоқтатқанын, жолмен не себепті өтуге болмайтынын сұрайтыны заңдылық. Алайда, өзінің айтқанына елдің қарсы келмейтініне әбден үйренген Үсетов жүргізуші Каликовты орынсыз сұрағы үшін бетінен,денесінен бірнеше рет ұрады. Оны көрген ұста Жәнібек Телғозиев жақынымен (К.Үсетовпен туыстық қатысы бар) көліктен түсе салып бас сауғалайды. Осылайша көліктерді тоқтатуға ешқандай заңды құқығы болмаса да Үсетов тәртіпті белден басады.

Жалдап келген жүргізушісіне күш көрсетіп, былапыт сөздермен боқтап жатқан соң Б.Сүлейменов араға түсіп, жағдайды реттемек болған. Бірақ «жәбірленуші» бұған да тұра ұмтылып, жағынан салып қалады.

Сүлейменовті де боқтықтың астына алады. Каликовты көліктен жұлып алмақ болып тап берген Үсетовті сабырға шақырам деп таяқ жеген әкесін көріп А.Бектай көмекке ұмтылады. Әрине, адами тұрғыдан алғанда әкесіне болысу баланың міндеті. Осылайша әкесі мен Үсетовті ажыратам деп жүріп Бектай да жанындағылармен арыққа құлап кетеді. Бағанадан жағдайды сырттай бақылап тұрған Үсетовтің әйелі осы сәтте айғайға басып, ұлын көмекке шақырады. Бұрынғы аз болғандай енді Үсетовтің ұлы дауға араласып, А.Бектай, Б.Сүлейменовтерге тұра ұмтылады. Ал Үсетов үйінен барып алып шыққан тырмағын айналасындағыларға оңды-солы сілтеумен болады. Қайта әбүйір болып, әрі Б.Сүлейменовтің қой-қойлап, қақпайлауының арқасында тырмақтан ешкім зардап шекпейді. Кейіннен «жәбірленуші» тырмақты еден жуғыш деп шатастырғысы келгенімен, шындықтың аты шындық. Оның үстіне куәгерлер бар. Егер Сүлейменов ажыратпағанда бұл тырмақпен Үсетовтің қанша адамды жаралайтынын болжау қиын.

Сол күні жанжалды ушықтырмай доғарғысы келген Сүлейменов газелдегі затты басқа көршінің қоршауы арқылы ауласына түсіріп алады. Осымен іс тамам болған шығар деп ойлаған. Сөйтсе қателескен екен. Ауруханаға 13 күн жатып шыққан ол құзырлы орындарға шағым түсіріп, ауыр дене жарақатын алған адам болып шыға келген.

Енді іс материалдарына назар аударайық. Оған сәйкес көше тәртібін қадағалау құзыреті берілмесе де асфальтты сылтауратып жанжалды бастаған да, айналасындағыларды боқтап, қол жұмсаған да өзге біреу емес, өзін «жәбірленушімін» деп көрсеткен К.Үсетов. Өкініштісі бізде кім бұрын арыз жазса, соныкі көбіне шындық деп танылып, басымдық соған беріліп жатады. Жалпы алғанда Әбдіраман ата көшесі Үсетовтің меншігі емес. Сондықтан, көліктерді өткізбей ортақ көшеде азаматтар құқығын шектеген Үсетовтың ісі құзырлы орындар тарапынан дұрыс дәрежеленбеген. Осының өзі полиция, прокуратура жағдайға салғырт қарап, немесе біреуге басымдық беру үшін әдейі жасаған деген күмәнді ойға жетелейді.

Екіншіден, «жәбірленуші» мен «айыптыны» сырттай қарап-ақ кімнің физикалық тұрғыдан мықты екенін болжау оңай. «Таяқ жедім» деген арызды құзырлы орындар тереңірек тексергенде іс бұлай ушықпас еді. Жанжалды қолдан ұйымдастырып, елді ала тайдай бүлдірген адамның «жәбірленушіге» айналуына құзырлы орын қызметкерлері де кінәлі.

Үшіншіден, осы жағдайға қарамастан Б.Сүлейменов К.Үсетовтің үйіне, ауруханаға 4 рет (12,13,14 шілде және 28 тамыз) кешірім сұрап барады. Ондағысы көршілер арасындағы сыйластықты сақтау. Бірақ «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейтін нақылды көршілер түсінбеді. Керісінше не кешірім бермей, не келісімге келмей қасарысқан К.Үсетовтің әйелі Ш.Самамбаева құзырлы орындарға талап арыз беріп тынады.

Осыдан кейін іс ресми сипат алып, куәгерлер кезек-кезек шақырылып, түсінік бере бастайды. Ондағы заңбұзушылықтар бойынша Б.Сүлейменовтің құзырлы орындарға жолдаған хаттары жауапсыз қалады. Мәселен, К.Үсетов 15 шілдеде арыз жазды делінген. Ол кезде «жәбірленушінің» ауруханада жатқаны белгілі. Ендеше, арыз қалайша бұл күні тіркелген?

Даудың «қылмыстық» сипат алуына К.Үсетовтың «ауыр дене жарақатын алуы» түрткі болып отыр. Алайда, денсаулық дәрежесін нақтылауда да қателік бар. Себебі, К.Үсетов сотта айтылғандай 21 күн емес, 14 күн (аурухана бас дәрігерінің анықтамасы бойынша 13.07-26.07.2019) жатқан. Ол ұсынған анықтама, медициналық қорытынды, сырқат тарихын, сараптамаларды қанша қарасаңыз да «ауыр дене жарақатына»  мүлде жақындамайды. Тіпті ауруханада К.Үсетовпен бірге жатқандар оның өз қолымен тамақтанып, қандай да бір ауыр сырқат байқамағанын айтқан. Ал қолым сынды деген адам оң қолымен қасық ұстамасы белгілі. Және ауыр дене жарақатын алған адам кемінде ауруханада 21 күн жатуы керек. Неге екенін ауруханадан көңіл толатын анықтама болмаған соң тергеуші С.Әбдіразақов қайта-қайта сараптама тағайындай берген. Осының өзі істі қолдан жасаудың көрінісі емес пе? Ал Б.Сүлейменов пен А.Бектайдың сотта аурухана дәрігерлерін куәгер ретінде шақыртайық деген өтініші қабылданбады. Егер дәрігерлер келсе К.Үсетовті неден емдегендерін толық айтар еді.

Енді сот процесіне оралайық! Жетісай аудандық сотында 2019 жылдың 17 қазанынан басталған сот отырысы 2020 жылдың 8 қаңтарына дейін созылды. Ондағы судья шығарған үкіммен Б.Сүлейменов те, А.Бектай да келіспейді. Неге? Себебі, ең алдымен судья прокурор құптаған айыптау актісінің жетегінде кетті. Аудандық полиция тергеушісі С.Әбдіразақовтың, прокурор Б.Жүсіпбековтің қателері көзге көрініп тұрса да елемеді. Мәселен:

– Сот процесі кезінде Б.Сулейменов пен А.Б.Бектай анықтау және тергеу кезінде адвокат қатыспағанын айтты. Ал іс парағына қарасаң, тергеуші С.Әбдіразақов тергеу адвокат У.К.Абдраимовтың қатысуымен өткенін хаттап қойған. Яғни, тергеуші тергеу процесін үлкен заңбұзушылықпен жасаған.

– Бұл дауды бастаған К.Үсетов екені Түркістан облыстық сотының 18.12.2019 жылғы № 3а-242 шешімімен дәлелденген. Дәл осы сотта К.Үсетовтен таяқ жеп, дене жарақатын алған жүргізуші К.Каликовтың арызы қаралған болатын. Газел жүргізушісінің денсаулығына қасақана зардап келтірген К.Үсетовке осы сотта әкімшілік айыппұл тағайындалған еді. Енді мынаны қараңыз! Дауды бастап, жұдырық жұмсаған К.Үсетовтің ісі әкімшілік құқық бұзушылық болып бағаланады да, ал енді К.Каликов пен К.Үсетовті ажыратып, өзге адамдар зардап шекпеу үшін өз басын қатерге тіккен Б.Сүлейменовтің ісі неге қылмыс боп танылуы керек? Дауды бастаған адам қалай «жәбірленуші» бола салады? Өкініштісі, Түркістан облыстық соты шығарған шешімді ұсынылғанымен, Жетісай аудандық сотының судьясы А.Утемисов оны мүлде назарға алмады.

– Жәбірленуші «ауырлығы орташа жарақат» алды дегенді сотмед сарапшы М.Таушов қойған. Осы анықтамаға қол жеткізу үшін тергеуші С.Әбдіразақов 2 рет сараптама тағайындаған. Не үшін? Ал судья ауруханадан берілген анықтама, сырқат тарихына
назар аудармай, істі таразылау барысында тек сарапшының бір ауыз пікіріне сеніп отыр.

– К.Үсетовтің оң жақ қолында сынық бары анықталды. Бірақ оны дәл Б.Сүлейменовтің, болмаса А.Бектайдың салғанын ешкім дәлелдеген жоқ. Өйткені Үсетовтің К.Каликовты ұрғаны алдыңғы сотта дәлелін тапқан. Яғни, Үсетов жарақатты Каликовқа жұдырық жұмсағанда, болмаса жерге құлағанда қолын тіреймін деп сындыруы мүмкін. Оның үстіне жүргізушіні қорғаймын деп Үсетовпен бірге Б.Сүлейменовтің, А.Бектайдың арыққа құлағаны да сотта дәлелденді. Сынықтың сол кезде пайда болуы да мүмкін. Ендеше дәлелін таппаған заңбұзушылық үшін неге Б.Сүлейменов пен А.Бектай жауап беруі керек? Көріп отырғанымыздай, бұл да сот барысында ескерілмеді.

– Куәгерлер сөзіндегі сәйкессіздік, тырмақты еден жуғышпен шатастыру секілді көрер көзге байқалатын детальдардың ескерілмеуі істің дұрыс тексерілмеген, тергелмегенін, жан-жақты қаралмағанын айғақтайды. ҚР Конституциясының 77 бабы 3 тарауына сәйкес сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы. Ал бұл сотта әкелі-балалы Б.Сүлейменов пен А.Бектайдың сөзі толық тыңдалды, дауысы діттеген жеріне жетті деп айта алмаймыз. Ата заңның дәл осы бабында «айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес», «адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады» делінген. 11 рет өткен сот отырысынан кейін дәл осы Конституция талаптарының ескерілмегеніне тағы бір мәрте көз жеткізе түсеміз.

Б.Б.Сулейменов ұсынған сот материалдарын қарағанда № 5144-19-00-1/229 номерлі істе тергеуші С.Әбдіразақов, прокурор Б.Жүсіпбеков және сотмед сарапшы М.Таушовтың тарапынан көптеген қатенің кеткенін аңғару қиын емес. Осы арқылы олар Б.Сүлейменов пен А.Бектайдың конституциялық құқығын бұзып отыр. Азаматтардың билікке, әділдікке сенімін төмендететін мұндай кемшіліктер уақыт оздырмай жөнделуі тиіс.

Қазір Б.Сүлейменов пен А.Бектай апелляциялық шағым жазып, іске дұрыс баға беріліп, әділ шешім шығар деген үмітпен жүр. Үміт ақталар деп сенеміз.

Комментарий (2)

  1. Маржанай

    Бұл не деген бассыздық? Көше деген бәріне ортақ жер емес пе? Халықтың қолданысына арналған ортақ көше біреудің жеке меншігіне қалай айналып кеткен бе сонда??? Құқық қорғау орындары қайда қарап отыр?!

  2. Бассыздыққой бұл! Сол жерде милициялар не қарап отыр екен? Бірден солар келуі керек еді. Онымен қоса құқық қорғау органдары да жұмыстарын атқаруы тиіс! Бұл жерде әлсіздерге тиісп тұрғо, әділдік жоқ!

Комментарий