Саясат | Политика

Назарбаева: Туған жеріміздің бір қарысын да ешкімге бермейміз

Парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстанның сыртқы жауы жоқ, басты жауымыз жауапсыздық пен сын-қатерге дер кезінде төтеп бере алмау деп айтты.

“Қазақстан – бұл біздің жеріміз. Біз аға ұрпақ алдында да, балаларымыз алдында да ол үшін жауаптымыз. Бәріміз де мұны жақсы түсінеміз. Біздің сыртқы жауымыз жоқ. Біз ешқашан ешкімге туған жеріміздің бір қарысын да бермейміз. Бұл тұрғыдан бізді ешқандай көрші ел қорқытып отырған жоқ”, – деді Назарбаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы парламенттік тыңдауды қорытындылап.

Сондай-ақ, Назарбаева қазақстандықтардың басты жауы: жауапсыздық, біліксіздік, асығыс шешім қабылдау, қағаз есептер кесірінен жағдайға дұрыс баға бермеу және әр күннің сын-қатеріне дер кезінде төтеп бере алмау екенін жеткізді.

Сенаторлар елдің аграрлық саясатының негізгі міндеті халықты азық-түлікпен 80%-ке қамтамасыз ету деп санайды.

“Бұл дегеніміз, ішкі нарықты қорғау, ауыл шаруашылығы саласының табысын арттыру, жаңа технологияларға көшу, барлық заманауи стандарттар мен талаптарға сай азық-түлік өндіру. Сол кезде біздің фермерлерге де сапа сертификатын алу үшін түрлі инстанция аралап, қағаз жинап, өнімдерінің пайдалы екенін дәлелдеп жүруге тура келмес еді”, – деді ол.

Айта кетсек, сенат басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы парламенттік тыңдау өткізіп, аграрлық сектордың жүйесіз реформалағандығының кесірінен тұтас ауылдар жойылып кетіп жатқанын айтқан болатын.

Комментарий