Қоғам | Общество

Қазақстанда жыл сайын 1300-жуық жасөспірім қыз түсік жасатады

Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болады. Алайда олардың 1300-ге жуығы түсік жасатады, деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

«Бұл мәселемен біз үкіметтік емес ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен бірлесіп айналысып жатырмыз. БҰҰ-да көмектеседі. Олардың деректеріне сәйкес, 16-18 жас аралығында жасөспірім қыздардың жүкті болуының 4 800-5 000 дерегін тіркейміз. Өкінішке қарай, ерте жыныстық өмірге араласу фактілері бар. Бұған қоса, жыл сайын шамамен дәл осы санаттағы тұрғындардың 1200-1300 түсік жасатуы тіркеледі», – деді ол.

Министрдің айтуынша, түсік жасатқанның өзінде ол заңды түрде жүргізілуі қажет.

«Жүкті қызды учаскелік дәрігер немесе емханалардың жанынан құрылатын Жасөспірімдер денсаулығы орталығының дәрігері мұндай шешімді ата-анасының қабылдауына көндіру қажет. Олар неге және қандай қаупі бар екендігін түсіндіруі тиіс. Медициналық мекемеден тыс жағдайда жүктілікті үзу өте қауіпті. Қыздар денсаулығына нұқсан келтірумен қатар, болашақта ана болу құқығынан, тіпті өмірлерінен айырылуы мүмкін»,-деді министр.

Біртановтің сөзінше, өкінішке орай ата-аналар бұл жағдайды жете түсіне бермейді. Сондықтан кодекске мектептерге нақты жауапкершілік жүктеп, бағдарлама жүргізу ұсынылып отыр.

Комментарий