Қоғам | Общество

Қазақстанда пәндік олимпиадалар каникул уақытында өткізілмейді

Енді республикалық пәндік олимпиадалар каникул уақытында өткізілмейді, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

«Олимпиадалар енді каникул кезінде өткізілмейді. Өйткені оған сабақта өте белсенді, жақсы оқитын оқушылар қатысады. Біз оларды каникул уақытындағы демалыстан айырмауымыз керек. Балалар демалуы тиіс. Сондықтан, биылдан бастап олимпиадаларды басқа мерзімде өткізетін боламыз», – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр республикалық олимпиадаға қатысу үшін облысқа баратын оқушыларға жақсы жағдай жасалуы керектігін ескертті.

«Республикалық олимпиадаға кем дегенде 1,5 мың дарынды, білімді бала қатысады. Дайындық барысын бөлек қарастырамыз, дегенмен Қарағанды және Алматы облыстарында балалардың қауіпсіздігі, жататын жері, тамақтануы бойынша барлық жағдай жасалсын. Екіншіден, университет басшыларына тапсырма: 1,5 мың оқушы барады, университеттер де олармен жұмыс істеуі қажет. Жаз айларында ғана емес, мұндай жұмыс ұдайы жүргізілуі керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

  • Еске сала кетейік, министрлік осы жылдың 6 қаңтарында Түркістан облысының білім басқармасы республикалық олимпиаданың облыстық турын өткізу барысында өрескел бұзушылық анықтады. Осыған орай, Асхат Аймағамбетов олимпиада, ғылыми жоба байқаулары әділ, таза өтуі керектігін баса айтты.

Комментарий