Судья мінбері | Судебная система

Сыбайластық сенімге сызат түсіреді

Сыбайлас жемқорлықтың зардабы үлкен. Мемлекетті іштен ірітіп, дамуына орасан зор кедергі келтіретін бұл кеселден кешенді күрессіз құтылу мүмкін емес. Кешенді жұмыстың негізі сыбайластықпен күреске жалпы жұртшылықты жұмылдыра білуден басталады. Себебі парақорлық пен делдалдыққа көпшіліктің қолдауынсыз тосқауыл қоя алмаймыз. Ал халықтың белсенділігін арттыру үшін індетті жеңуге деген сенімді күшейткен абзал. Өзінің мемлекетке қажет екенін түсінген, өзінің азаматтық дауысы арқылы елдегі тазалықты сақтауға үлес қоса алатынын білген, әрекетінің елеусіз қалмайтынына сенген азаматтардың жемқорлыққа қарсы күресі нәтижелі болары хақ.

Әлем елдерінің тәжірибесіне көз салғанда жемқорлықты жеңудің әртүрлі үлгісі барын байқаймыз. Кеселге қарсы тұрудың арнайы механизмін ойластырған елдер сенім, ашықтық, қатаң жазаға басымдық берген екен. Кейбір елдерде кемшілікті болдырмау мақсатында ынталандыру тетіктері де ойластырылған. Дәл осы шарттар біздің елімізде де барынша назарға алынған. Мәселен ашықтық бүгінде барлық мемлекеттік құрылымдар жұмысының алғышартына айналды. Мемлекеттік қызметтегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар жан-жақты қолданылуда. Тек соттың өзінде электрондық қызметтің арқасында жеткен ізгілік көп. Айталық бұрын арыз-шағымды азаматтар сот ғимаратына келіп, өз қолдарымен тапсыратын. Қазір «Сот кабинеті» сервисінің арқасында арыз-шағымды интернет арқылы үйде, кеңседе отырып-ақ жолдауға болады. Арыздың қозғалысын бақылау да қиындық тудырмайды. Яғни, азаматтарда таныс іздеп, делдалдың көмегіне жүгінетіндей қажеттілік жоқ. Бәрі автоматты түрде шешілген.

Істер де судьяларға компьютердің көмегімен бөлінеді. Бұл судьялардың бірдей жүктемемен жұмыс істеуіне, тамыр-таныстықтың жолын кесуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, бүкіл сот мәжілісі залдары дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда да судьялар мен сот қызметкерлерінің тараптармен ымырыласып, келісімге келуіне мүмкіндік жоқ. Осының барлығы айналып келгенде азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтады.

«Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыс іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін. Жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіреді”, – деді Қазақстан президенті жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткен жиында. Әрине, жемқорлыққа қатысты жасалып жатқан жұмыстар бар. Нәтижесі де жаман емес. Дегенмен сыбайластықты түбірімен жойғымыз келсе бұл шаралар үздіксіз жалғаса беруі керек.

Гүлжан Имансерикова,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий