Саясат | Политика

Ауылшаруашылығына айрықша басымдық керек

Елімізде етің бағасы күннен күнге қымбаттап барады. Бұл ата кәсібі мал шаруашылығы қазақ үшін ақылға симайтын жағдай болса да бүгінгінің шындығы – осы. Ет жемесе бабы келмейтін халық бұған көнуге мәжбүр. Өйткені, өнімнің қымбат бағасын қалта көтере бермейді. Жері де, дәстүрі де мал өсіріп, ет өндіруге бейім ел неге мұндай жағдайға жетіп отыр? Осы аптада Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның еліміздің мүдделі мемлекеттік орган өкілдері және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерімен Парламенттік тыңдауларға дайындық аясында өткізген кездесуінде осы сұраққа жауап ізделді. Оған Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен мал шаруашылығы бойынша өнім өндірушілер қатысты.

Алдымен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстандағы мал шаруашылығының қазіргі күй-жайымен таныстырды. Сапаров мырзаның айтуынша, елімізде өткен жылы 1,1 млн тонна ет өндіріліпті. Оның экспортқа шығарылып жатқаны соншалықты көп емес. Былтыр бар болғаны 372 тонна ет шығарылған. Бірақ тыйым салынғанына қарамастан тірі малдың экспортталуына тосқауыл болмай тұр. Былтыр Қазақстаннан 156 063 ірі қара және 263 737 ұсақ шетелге шығарылыпты. Тек қазан айының өзінде елімізден 26 781 ірі қара және 22 272 бас ұсақ мал әкетілгені белгілі болды. Бұл әрине ішкі нарықтағы ет өнімдері бағасына өз әсерін тигізіп отыр. Тоқ етерін айтқанда Қазақстан бұл тұрғыда «етікші етікке жарымайдының» кебін киіп отырған жайы бар.

Өз базарын етпен қамтамасыз ете алмай отырып, өзгені тойдыруға ұмтылған бұл әрекеттің өз сыры бар екен. Оны Батыс Қазақстан облысындағы «Кублей» серіктестігінің бас директоры Талғат Берекешевтің сөзінен түйдік. Берекешов мырза қайта өңдеу өнеркәсіп орындарының басты мәселелеріне ортаға салған болатын. Оның айтуынша, басты проблема –қолда бар мүмкіндіктердің толық іске қосылмай тұрғаны. Ет комбинаттары бүгінде бар болғаны 40-45 пайыз қуатында ғана жұмыс істеп тұр екен. Бұған ауыл шаруашылығы министрлігінің бүгінгі күні қолданыстағы мал шаруашылығы жөніндегі бағдарламасы басты себеп болуда. Өйткені, онда барлық субсидиялар өндірістік кәсіпорындарда шикізатты қайта өңдеуге емес, бордақылау алаңдары арқылы жіберіледі. Сондықтан фермерлер малды ет комбинатына емес, бордақылау алаңына тапсыруға мәжбүр. Яғни, олар етті өңдеу комбинаттарына беруге құштар емес. Ал бордақылаушыларға экспорт тиімді, сондықтан субсидиямен алынған мал сатып алушыларға кетіп жатыр екен. Мұндай жағдайда біздің сөреміз қалай қолжетімді бағадағы сапалы етке жарысын?

Мұны Сенат төрағасы Дариға Назарбаева да сөз алған сәтінде айтып, сыртқа мал шығарудың азық-түлік қауіпсіздігіне тигізетін теріс зардабына назар аудартты. «Бізге тек еттің көлемін ғана көбейтіп қоймай, оның сапасын да көтеріп, бағасын арзандатуымыз керек. Өкінішке орай, өндіріліп жатқан ет жеткілікті болса да , базардағы оның құны өсіп барады. Халқымыз үшін ет наннан кейінгі тағам. Ет жемеген қазақтың жайы келмейді. Әр зауыттың 90 пайыз қуатында жұмыс істеген болса, ортада делдалдар да зайып, баға да арзандар еді. Сөйтіп бұл мәселе шешелер еді. Қазір біз бірінші кезекте азық-түлік бағасының қолжетімді деңгейде ұстап, халықтың тоқ болуын ойлауымыз керек. Бұл ретте негізгі сала ретінде ауылшарушылығы үшін айрықша басымдықтар айқындалуы тиіс. Қазақстандықтар туралы ұмытпайық. Олардың дастарқанында қолжетімді дәмді ет болуы керек. Алдымен азық-түлік қауіпсіздігін ойлау керек» деген еді ол.

Сенат басшысы ет саласының жеңіл өнеркәсіппен байланысына да назар аудартты. «Малды сою – бұл да маңызды мәселе. Себебі терінің сапасы бізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына әсер етеді. Сондықтан мал өнімдерін өндіруге кешенді түрде қарау керек», – деген еді ол. Кездесуді қорытындылай келіп Дариға Назарбаева, парламенттік тыңдаудан кейін де жұмыс жалғасатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылдың соңына – 2021 жылдың басына қарай агроөнеркәсіпті дамытудың жол картасы дайын болады. Ол жүзеге асуы үшін зерделі заңдар мен ережелер қабылдануы керек. Ауыл шаруашылығымызды көтеру отандық өндірістің дәмді әрі арзан өнімдерінің дастарқанда мол болуының кепілдігі.

Осы аптда Парламент Сенатында өткен тағы бір жиын да азық-түлік қауіпсіздігіне арналды. Палатаның экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұйтқы болған отырыста сапалы тағамның құрамдас бөлігі – жеміс-көкөніс өндіру мәселесін ғалымдар мен бизнес өкілдері талқылады. Оған Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Қазақ ұлттық жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басшылығы қатысқан еді.

Жиында сөз алған сенатор Дәурен Әділбековтың айтуынша, бұл саланың өзекті мәселесі отандық өнімге арналған сапалы көшет материалдарының тапшы болып отырғандығы. Бұл жағдайдан тек инвестиция тарту арқылы шығуға болады. Ал, қазақ ұлттық жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Серік Садықовтың сөзінен ұққанымыз, бүгінде еліміздегі жеміс дақылдары алып жатқан жердің аумағы 50 мың гектарды құрайды екен. Оған жыл сайын 7 млн. дана жеміс ағашының көшеті қажет. Бүгінде бұл сұраныстың 80 пайызы импорт есебінен жабылып отыр. Ең қымбат жеміс-жидек дақылдарының көшеттері Италия, Испания, Польша, Түркия және Сербия елінен әкелінуде. Сырттан көшеттермен бірге еліміз аумағына түрлі ауру түрлері мен зиякестер де келуде. Оның үстіне шетелден әкелінетін көшеттердің жергілікті ауа райына бейімделуі ұзақ уақыт алады. Ол өз кезегінде өнімнің саны мен сапасына кері әсерін тигізеді.

Сарапшылардың айтуынша, көшет отырғызу материалдарына жұмсалатын қаржының сыртқа кетуі де экономикалық проблемалардың одан әрі тереңдей түсуіне себеп болып отыр. Өйткені, олардың бағасы тым қымбат. Мысалы Өзбекстан мен Қырғызстанда бір көшеттің бағасы 100 теңге болса, Қазақстанда көшет бағасы 400 теңге.

Жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басшысы С.Садықовтың сөзіне сенсек, тиісті агротехникалық ережелерді сақтап өсірілген сапалы көшеттің өзіндік құны елімізде 280-300 теңге екен. Ал, Өзбекстанда 100 теңгеге сатылатын көшеттің сапасы төмен. Ондағы мұндай дұрыс өнімнің бағасы 1000-1500 теңгеден кем емес. Сенатор Мұратбай Жолдасбаевтың айтуынша, осының бәрі жеміс-көкөніс шаруашылығында қатаң реттеу мен стандарттаудың жоқтығының салдары. «Былай алып қарасақ – біз алманың отанымыз. Ал қазір сырттан жүз мыңдаған тонна алма әкелінуде, оның сапасының қандай екені белгісіз» деп қынжылған еді ол осы ретте. Тоқ етерін айтқанда, бүгінде барымызды базарлай алмай отырған жайымыз бар

 А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,

«Заң газеті»

 

Комментарий