Қоғам | Общество

Таразда ұстаздың жолдаған бейнеүндеуінен кейін мектеп директоры қызметінен босатылды

Бұған дейін Тараз қаласындағы №43 мектептің мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова жұмыстан «негізсіз қуылдым» деп, өзінің жанайқайын бейнеүндеу арқылы мемлекет басшысына және білім министріне жолдаған болатын. Арызданушы ұстаз мектеп директоры Эльмира Өмірбекованың мұғалімдерді жұмыстан қуып жатқанын мәлімдеген еді. 

Жамбыл облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  24 ақпанда Тараз қалалық білім бөліміне қарасты № 43 орта мектеп мұғалімінің өтінішіне байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс комиссиясы құрылған болатын.  Комиссия құрамына білім басқармасының, салалық кәсіподақ, үкіметтік емес ұйым өкілдері енген-ді.

Жарияланған бейнероликте айтылған барлық фактілер бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Онда келтірілген фактілер расталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының шешімімен  К.Бөрімбекова №43 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметіне қайта қабылданды.

Ал, Тараз қаласындағы № 43 мектеп директоры Э. Өмірбекова уақытша қызметінен босатылды.

Қазіргі кезде бұл мәселені облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің,  облыстық білім басқармасының, Тараз қаласы әкімдігінің және “Nur Otan”  партиясы өкілдерінің қатысумен аталған мәселе жан-жақты зерделенуде.

Тексеру іс-шаралары толық аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты шешім қабылданатын болады.

Бүгінгі таңда мектеп қалыпты режимде жұмыс істеп,  оқушылар сабаққа қатысуда. Барлық сабақтар кестеге сәйкес өтуде.

Комментарий