Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Раушан ИБРАГИМОВА, туристік компания басшысы: «Туризмге деген көзқарас қана емес, саясат та әлі түзелген жоқ»

– Раушан Шәмілқызы, биыл туризм саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл Қазақстанды туристік державаға айналдыруға мүмкіндік бермек. Бұл қаншалықты негізді?
– Бізге қазір өзгелер сияқты жаңадан бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Қолда барды ұқсатып, өзгелерге жарқыратып көрсете алсақ, соның өзі жеткілікті. Өкінішке қарай, сөзіміз бен ісіміз бір болмай тұр. Әрдайым сөзіміз озып кетіп, өзіміз далақтап артында қаламыз. Әйтпесе, қоғам дамуындағы туризмнің маңызы мен рөлі биік мінбелерден айтылудай-ақ айтылды. Бұл жерде мәселенің бәрі қаржыға келіп тіреліп тұр. Егер инфрақұрылымға қажетті инвестиция салынып, Үкімет туристік қызмет нарығын дамытуға нақты қолдау жасаса, бұл сала жылдам дамып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы күрт көтерілері күмәнсіз.

– Саланы дамыту үшін не істеу керек?
– Біз өзгерістің бәрі ең алдымен адам үшін жасалатынын ұмытып кетеміз. Кейде істелген тірліктің бәрі тек Президентке, Үкімет басшысына, министрге, Парламент депутаттарына не әкімге есеп беру үшін ғана жасалып жатқандай боп көрінеді. Біреумен жарысқа түскендей алашапқын боламыз да, нәтижесінде ешкім еш нәрсеге жауапты болмайды. Мәселен, қаншама оқу орны туризм мамандарын дайындап жатса да, олардың бітірушілері бұл саладан өз орнын таба алмай жүр.
Әрбір сала бойынша маман дайындаудың белгілі бір стандарты болмай ма?
– Болады. Бірақ, оны қадағалап отырған ешкім жоқ секілді. Өкінішке қарай, нарықта кәсіби мамандар емес, әуесқойлардың дәурені жүріп тұр. Сондықтан, туризмге қатысты қызмет түрлерінің әлі күнге дейін өзіндік сапа стандарттары жоқ. Әркім ойына келген бағаны қойып, жұртты шошытып жүр. Елге сырттан келетіндерден гөрі шетелге барып демалатындардың саны басым түсіп жататыны сол себепті.
– Үлкен автожолдар бойындағы дәретханалардың да халықаралық стандарты бар көрінеді…
– Рас айтасыз. Бізде оны ешкім қадағалап отырған жоқ. «Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады» дегендей, шетелдік туристерді алып жүрген кезде мұндай ұятты жағдайға жиі кездесеміз. Егер өркениетті елдердегідей жол бойындағы жанар-жағармай құю орындары мен асхана-кафе, қонақүйлердің орналасқан жері көрсетілген арнайы карта жасалып қойса, ешкім жол бойында бұлай әуре-сарсаңға түспес еді. Егер мұндай жұмыс орындары көптеп құрылып, онда көрсетілетін қызмет сапасының деңгейі жергілікті атқарушы органдар тарапынан қадағаланса, бұл ауылдық елді мекендердің дамуына да ықпал етер еді.
– Ауылдық туризм дегеннің өзі осыдан басталмай ма?!
– Әрине. Бізде осыған үлгі көрсетіп, ұйымдастырып, жол нұсқау жағы әлсіз. Жұрт көп жағдайда туристерге сататын тауарын да, көрсететін қызметін де қымбатқа бағалап, азырақ, бірақ тұрақты түсіп түратын ақшаға күнделікті жұмыс істегеннен гөрі, бір рет сатып көбірек табыс тапқанды артық көреді. Бұл жағынан көршілес елдерден артта қалып қойдық. Мысалы, Қырғызстанда қырғыздар барлық жерге өздерінің киіз үйлерін тігіп, көшпенділердің тұрмыс-салты, ас мәзірі, әдет-ғұрпы мен өзге де ұлттық ерекшеліктерін көрсету арқылы шетелдіктерді ұлттық мәдениетке қызықтыру жағын белгілі бір деңгейде жолға қойған.
– Туризмді дамыту үшін бізге алдымен оның идеологиясын айқындап алу керек шығар. Қалай ойлайсыз?
– Артық болмас еді. Өйткені, туризмнің кей салаға тікелей, енді бір салаға жанама түрде, ал енді біріне екінші-үшінші жақтан қосымша ықпалы бар. Бір туристің сұранысын қамтамасыз ету кезінде, кейде бір емес бірнеше адамға жаңа жұмыс орны құрылады. Мысалы, балалар асық ойнап, бозбала-бойжеткендер алтыбақан теуіп, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту, асау үйрету, аударыспақ, палуандар белдесуін көрсетіп жатса, қыз-келіншектер кесте тігу, құрақ құрау, ас дайындау, апа-әжелер тұсау кесу, бесікке салу, келін түсіру секілді салт-дәстүрлерді көрсетіп, музыканттар ұлттық аспаптарда ойнап, бишілер би билеп, әншілер ән шырқап мәре-сәре болады. Ал мұндай шарадан кейін қонақтар суретке түсіп, кетерінде естелік ретінде қолөнершілердің ұлттық бұйымдарын, кәдесыйларын сатып алып жатады. Көңілінен шығып жатса, келесі жолы таныстарын да ертіп келіп, көргенін, естігенін жыр қылып айтып жүреді. Яғни елдің танымалдығы артып, халықтың абыройы өсе түседі.
Қазақстан шетелдіктер үшін биыл электрондық виза енгізді. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?
– 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында шетелдіктерге бір мәртелі визаны электрондық форматта алу рәсімі енгізіледі деген. Электрондық виза (іскерлік, туристік және емделу үшін) ҚР Ішкі істер министрлігінің Көшіқон қызметі бөлімшелерінде белгіленген тәртіппен рәсімделген қазақстандық тараптың шақыруы негізінде беріледі. Шетелдіктер жарамды электрондық визамен тек Астана және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайлардың бақылау пункттері арқылы Қазақстан аумағына кіреді және шығады. Туристік электрондық визалар 117 елдің, іскерлік және емделу үшін – 23 елдің азаматтарына беріледі деп әлемге жар салып, таудай қылып бастаған бұл жұмыстың әзірге аяғы қылдай болып тұр. Себебі, 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді деген жүйе әлі сәуірге дейін енген жоқ. Мен елдеріңізге барайын деп едім, виза ала алмай отырмын деп бізге шетелдік туристер мен өзге де серіктестеріміз жиі хабарласады. Әзірге олардың сұранысын қанағаттандыра алмай тұрмыз. Өйткені, өркениетті елдердің халқы өзінің демалысын кемінде 3-6 ай бұрын жоспарлап, бағдарлама жасайды. Ал біз оларға не виза рәсімдей алмай, не ұлттық шаралардың алдын ала бекітілген нақты күнтізбесін ұсына алмай жүрміз. Мәселен, Наурыз мерекесінде Алматы қаласы іс-шаралар жоспарын 1-2 апта қалғанда әрең берді. Ал оны көршілес өзбек елі туристік компанияларға былтырғы қараша айынан бастап жіберіп қойды.
– Мәдениет және спорт министрі мемлекеттік бағдарлама жобасын Үкіметте таныстырған кезде шетелдік туристерден әрбір тәулікке 2-4 доллар көлемінде төлемақы алу мәселесін көтерді. Бұған не дейсіз?
– ЕХРО мамандандырылған халықаралық көрмесі Астанада өтер кезде біз де сондай ұсыныс енгізгенбіз. Түскен қаржыны елді әлемге таныстыруға жарнамаға жұмсайық дедік. Алайда, ол кезде ешкім тыңдаған жоқ. Осыдан 4-5 жыл бұрын БАӘ-де ЕХРО-2020 болады деген кезде, олар мұны енгізді. Статистикалық деректерге қарағанда, бұл шетелдік туристердің санына еш әсер етпеген. Сондықтан, мұндай шараны біз де құптаймыз. Бірақ, туристерден алынатын бұл қаржыны қонақүй бағасынан алса дұрыс еді.
– Естуімше, қазір туристерге қызмет көрсететін гидтердің қызметін ешкім бақыламайтын сияқты…
– Дұрыс айтасыз. Алдыңғы жылы маған Жапониядан туристер келді. Сол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жапон тілінен сабақ беретін тарихшы қызды гид етіп қосып, Түркістанға жібергенбіз. Дәл сол уақытта А.Яссауи кесенесіне Өзбекстан арқылы тағы бір жапондар делегациясы келген. Экскурсия кезінде олар бірнеше мәрте ұшырасып қалған. Өзбекстаннан келген делегациядағы гид Яссауи өзбектен шыққан ғұлама болған, бұл кесене байырғы өзбек жерінде орналасқан, оны біздің бабамыз Әмір Темір салдырған деп таныстырып жүрген көрінеді. Тарихты бұрмалайтын мұндай әңгімені өз елі арқылы Қазақстанға туристер алып келіп жүрген өзбек қана емес, орыс пен қырғыз гидтері де айтып жүр. Мәселен, қырғыз гидтері қазақ деген болмаған, олар қырғыздан шыққан, зерттеушілер күні кешеге дейін бізді қырғыз, қазақтарды қайсақ деп атаған десе, солтүстік облыстардағы орыстілді гидтер бұл Ресейдің жері деп жүргені БАҚ-та сан мәрте жазылды. Ал өз тарихын сыйлайтын ешбір ел өз мемлекетінде басқа мемлекеттің өкіліне өз идеологиясын насихаттатпайды. Мәселен, Өзбекстанда туристті алып жүрсеңіз, кеудеңізде үкіметте ресми
тіркелгеніңізді көрсететін арнайы нөмір жазылған бейджигіңіз болуы керек. Онсыз бір қадам аттап баса алмайсыз. Біздің де нарықта тәртіп орнату керек, әркім өз бетінше гид болмауы керек деген әңгімені Үкіметке сан мәрте айттық. Әзірге құлақ асқан жан жоқ.
– Туризмнің дамуында іскерлік туризмнің алар орны ерекше. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көңіліңізден шыға ма?
– Бізде осы уақытқа дейін іскерлік туризм болған жоқ. Ол енді ғана қолға алынып жатыр. Өйткені, іскерлік мақсатта келушілерді қабылдайтын туркомпаниялар емес, кездесуді, конференция, саммит сияқты шараны ұйымдастырушылардың өздері. Олар қонақтардың сапарын көңілдегідей етіп ұйымдастыру үшін маманданған компаниялармен келісімшарт
жасап, бірге жұмыс істеуі керек еді. Егер бәрі дұрыс ойластырылса, барлық тарапқа мұндай жұмыс табылады. Өкінішке қарай, көрпені өздеріне қарай тартып, қала аумағы мен одан сыртқары жердегі барлық сапарды өздері ұйымдастырып, оған тіл білетін қызметкерлерін гид етіп қосып қоятындықтан, бұл салада да мемлекеттік саясат өз деңгейінде жүрмей тұр. Жалпы, туризм саласы бізде мүлде қорғалмаған. Ондағы қызмет көрсетушілер өз күнін өзі көруге мәжбүр.
– Кеңес Одағы кезінде де Қырғызстан мен Өзбекстанда туризмнің дамуына біршама қолдау жасалып, ондай жәрдемнен Қазақстан сырт қалған-ды. Елдегі туризмнің кенжелеп қалуына мұның да әсері тиіп жатқандай. Қалай дейсіз?
– Өзбекстанда КСРО кезінде-ақ туризм жақсы дамыған. Метро салынып, Бұхара, Хиуа, Самарқанд сияқты қалаларға Одақтың түкпір-түкпірінен саяхатшылар келетін. Грузияның таулары, Қырғызстанның Ыстық көлі, Молдованың шараптары, Балтық жағалауы қалалары
сол кездегі тәп-тәуір жарнамаланды. Ал, Қазақстан мал мен егін шаруашылығы басым дамыған ел ретінде ғана қалып, туризмге айтарлықтай көңіл бөлінген жоқ. Көрші елдер сол кездегі әлеуетті әлі пайдаланып келе жатыр. Бізде тәуелсіздік жылдары бірқатар ауқымды жобалар қолға алынғанымен, нәтижесі көңіл қуантпай тұр. Себебі, туризмге деген көзқарас қана емес, саясат да әлі түзелген жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий