Бас тақырып | Тема дняТағдыр | Судьба

«Алты баламызбен далада қалғалы тұрмыз…»

«Алланың бұйырған, ешкімнен ұрламай, алдамай тапқан дүниемізбен балалардың рахатына жаратайын деп үйлі болған едік. Нәсіп еткен 6 ұлымыз бар, шүкір. Алайда, еш кінәсіз үйден айырылып отырмыз… Кеше ғана Астанада үйі болмай, күндіз-түні нан табу мақсатында еңбек етіп жүрген ата-ана бір-ақ түнде 5 қызынан айырылған еді, енді 6 балалы отбасы далада қалмақ…». Арызын осылай бастаған көпбалалы ана Г.Джананова соңғы үмітпен редакциямызға арызданып келіпті. Арызда келтірілген уәжіне дәлел болатын бір бума құжаттың көшірмелерін де ұсынды.

Шымкентте құбыр дауына іліккендер қатары 800-ге жуықтапты
Мәселенің мән-жайына қысқаша тоқталып өтер болсақ, Шымкент қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Пролетарская көшесі 39 үйде тұратын арыз иесін сотқа беріп, жер астынан өткен кәріз құбырының үстіне тұрғызылған деген себеппен ұзындығы 10 метр және ені 5 метр тұрғын үйді, 25 метр бетон қоршауды бұздыртуға шешім шығартады. Апелляциялық және кассациялық сот бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдырған. Алайда, бұған арыз иесі келіспейді. «Сот шешімін және қаулыны әділетсіз шығарылған деп есептеймін, – дейді арызданушы Г.Джананова. – Біздің, кәмелетке толмаған 6 баламыз бен анамыздың, зайыбымның конституциялық құқымыздың бұзылуына жол берілді. Бұған негіз болар деректер жеткілікті. Мемлекеттік актіге сәйкес аталған жер учаскесі жеке меншігіміз болып табылады. Сондай-ақ, ол құжатта ешқандай шектеулер немесе ауыртпалықтар, қандай да бір құбыр жүйелері туралы белгілер жоқ. Осыған байланысты «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның баспанамды бұзғызу мақсатында сотқа түсірген арызына қарсы талап арыз берген болатынмын. Бірақ, судья «үйдің құжаттары толық ұсынылмаған» деген себеппен қарсы арызымды қараусыз қалдырды. Сумен қамтамасыз етуші серіктестік бертінге дейін біздің жер учаскеміздің астындағы құбырдың нақты қай жерде екенін, тіпті бар екенін де білмеген. Өйткені, олар талап арызында ұсынған топотүсірілімінде құбырды үйдің астында деп көрсеткен. Біз құбырдың бетін ашып, жаңа топотүсірілім жасатқанда олай болмай шықты. Судья шешімді жариялау кезінде кәріз құбырларының 1965 жылы салынғаны туралы оқыды және шешімінің негізіне алды. Ал, ол құжат сол мекеменің бас есепшісі И.Ровенконың қол қоюымен расталған. Мұрағаттан алынған құжат болса келісуге болады, ал, талапкер болып табылатын тараптың заңдық күші жоқ анықтамасы не себепті ресми құжат болып табылуы керек? Керісінше, біз аталған жер учаскесі сонау 1935 жылдан бері жекенің меншігінде екендігі жөнінде ресми құжат, нақты айтқанда Шымкент қаласы Абай аудандық Әділет басқармасының басшысы С.Акбаровтың 18.06.2018 жылғы №1-375/6612 санды шығыс нөмірімен берілген құжатты ұсындық. Алайда, судьяның біздің ресми құжатты емес, талапкер жақтың өздері дайындаған бір жапырақ қағазды назарғаалғанын түсінбедік. Заң талаптарына сай заңдастырылған жер учаскеміздің мемлекеттік актісіне қатысты сот тарапынан ешқандай кем-кетік табылмады. Олардың заңды күші жойылмаған. Соған қарамастан, үйді бұзуға шешім қабылдаған. Тағы бір назар аударатын жағдай, судья көшпелі сот отырысында тікелей өзі қатысып, үйдің шын мәніндегі көлемі – ұзындығы 12, ені 11 метр екенін өз көзімен көрсе де шығарған шешімінде үйдің толық көлемін талапкердің арызында көрсетілгендей ұзындығы 10, ені 5 метр деп қате көрсетеді. Оның үстіне негізсіз талап етіліп отырған 5 метр санитарлық қорғау аймағына үйдің бір ғана бұрышы сәйкес келмейді». Бізге пікірін білдірген К.Алибаев үлкен бір мекеменің заңгері. Ол мәліметтерді немесе заң талаптарын бір негізге сүйеніп айтып отырғаны анық. Дегенмен, көкейде бірнеше сауал пайда болды. Ол «Жер кодексінің 44-бабы бойынша меншік иесі құрылыс жүргізер алдында мекемелермен өздігінше келісім шартқа отыруы қажет» дейді. Аталған заңда мұндай қажеттілік жер учаскесі жаңадан сұралған кезде жүргізілетіні көрсетілген. Ал, бұл жерде жер учаскесі жаңадан сұралып отырған жоқ, бұрыннан пайдаланылып келген учаске сатып алынған. Оның үстіне аталған заңда санитарлық-қорғау аймағын белгілеу үшін уәкілетті орган тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелермен бірлесе отырып атқаратыны көрсетілген. К.Алибаев «Сервитутқа отыруға бізге құқық беріледі, бірақ, міндетті емеспіз. Ондай келісім-шартқа отыруға жер учаскесінің иесі тарапынан ұсыныс болуы қажет» дейді. Ал, аталған кодекстің 67-бабында меншік иесі жер учаскесін мүдделі жеке және заңды тұлғаларға шектеулі нысаналы пайдалану құқығымен беруге міндетті» делінген. Яғни, келісімге отыру жайлы ұсыныс жер иесі емес, мүдделі жақтың ұсынысы негізінде жасалатыны айтылып отыр. Сонымен қатар, К.Алибаевтың сөзінен түсінгеніміздей, жылжымалы мүліктерді тіркеу, құжаттау мекеменің міндеті емес екен. Ал, Су кодексінің 80-бабы, 5-бөлімінде «су шаруашылығы ұйымдары гидромелиорациялық жүйенің, су шаруашылығы құрылысының паспортына ие болуға мiндеттi» екені тайға таңба басқандай жазулы тұр. Айтқандай, кәріз жүйелері жылжитын мүлік болса, оларды ауыстыру жолымен мәселені шешуге болатын болса неге ол халықтың есебінен жасалуы керек? Неліктен құрылысты бұзып немесе қосымша қаражат жинап, зардап шегуі керек? Серіктестік тұтынушыларды сумен қамтамасыз етудің арқасында пайда тауып отыр емес пе? Тағы бір назар салатын нәрсе, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан ГАСК мекемесіне құбырлардың жайы туралы 2012–2013 жылдары ғана хат жолдаған екен. Ал, серіктестіктің 1998 жылы жекешеленгенін ескерсек,
осы кезге дейін неге үнсіз жатқаны да түсініксіз.
Журналистік зерттеу жүргізу барысында су және кәріз құбырларына қатысты кедергілерге жолыққан адамдар саны 800-ге жуықтағанын білдік. Олардың да бірнешеуімен арнайы жолығып, мән-жайға қанығуды ойладық. Шымкент қаласындағы Тұлпар атты көшедегі оннан астам үйдің су құбырына жақын орналасуына байланысты құрылыстарды бұзу жөнінде сот шешімі шыққан. Тұрғындар қанша әрекеттенсе де сот шешімі күшінде қалдырылған. Амал жоқ, олар өзара келісе отырып өз есептерінен су құбырын үйлерден алшақтау етіп айналдырып өткізу үшін ортадан ақша жинауға кіріседі. Сөйтіп, әрбір үйдің егесі 800 мың теңгеден астам қаражат жинап беруге мәжбүр болады. Бірақ, ол ақшаны беруге біреуінің шамасы келеді, біреуінің шамасы келмейтіні түсінікті жайт емес пе? Тұлпар көшесі 137-үйдің тұрғыны Жанар Қожаева «үйіміздің су құбырына жақын орналасқанын оны сатып алғаннан кейін барып білдік», – деп отыр. Ал, жердің мемлекеттік актісінде ешқандай да шектеулер мен белгілер жоқ. Сонда олар үй астында құбыр жатқанын «пал ашып» білуі керек пе? Соттың «үйдің біраз бөлігін бұзу керек» деген шешімінен кейін есеп шоттарына тыйым салынып, жауып тастапты.
Осы көшенің тұрғыны Эльвира Розақұлова «үйімізді бұзудан аман алып қалу үшін балалардың жәрдемақысын, декреттік ақшаның бір тиынына да тимей, жетпегенін қарыз алып толтырып, жинап беруден басқа амал қалмады» деп отыр. Октябрьская көшесі 64/1 үйдің тұрғыны Гүлмира Ахметова жалғызбасты ана екен. Жағдайды айтып, жанарын жасқа шылаған ана «Мен жұмыссыз, жалғызбасты анамын. Балам арнайы дәрігерлік есепте
тұрады. Бар тапқанымыз сол баланың дәрі-дәрмегіне кетеді. Осындай жағдайымызға қарамастан үш қосалқы үйді, моншаны өз есебімізден бұзуға мәжбүрледі. Барлығын уақытылы істедім. Сонда да жеке сот орындаушысы келіп, 126 мың теңге айыппұл салды. Бұл мен үшін үлкен ақша. Үйді арестке қойды. Осыншалықты жауапқа тартатындай біз қылмыскер ме едік?
Осы секілді шағымын айтушы тұрғындар көп. Жоғарыда айтқандай, соттың шешімімен тұрғын үйді, түрлі құрылыстарды бұзуға байланысты шыққан шешімдердің саны 800-ге жуықтайды екен. Демек, 800 отбасы деген сөз. Бір-екеу болса мейлі, сонда осынша адам ортақ қателікке жол беріп отыр ма? Және осы қателікке кінәлі тұрғындардың өздері ғана ма? Ал, жер учаскесін кезінде оңды-солды бере берген жер комитетінің, әкімдіктің қызметкерлері, тұтынушыларға қызмет көрсететін түрлі коммуналдық мекеме қызметкерлері сүттен ақ, судан таза ма? Құрылыстар заңсыз салынған болса, оған бақылау жасамай, жол берген лауазым иелері не үшін жауапқа тартылмайды? Бәлкім, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның заңгері айтқандай, сервитутқа отыру үшін меншік иелерінен ұсыныс түсу керек деп қарап отырмай, санитарлық-қорғау аймақтарында орналасқан құрылыс иелерімен сот арқылы емес, азаматтық тұрғыда мүдделі мекеме ретінде келісімге келіп, мәселені шешпеске? Кәріз, су құбырларына толықтай құжаттар жасалып, тиісті құзырлы органдарға ұсынылып, ол қағазға ресми түрде енгізілсе, жер учаскелерінің иелері де құбырдың үстіне әдейі құрылыс салмайтын шығар? Сол кезде мұндай даулар туындамас па еді? Бұл жағдайға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі тікелей араласып, мәселенің оңды шешілуіне ықпал етпесе соңы ушығып кетпесіне кім кепіл?! Қашанғы қарапайым халық зардап шеге бермек? Шыдамның да шегі бар емес пе?
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ. 

Комментарий