Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ҚАР СУЫН ҚАТЕРГЕ ЕМЕС, ҚАЖЕТКЕ АЙНАЛДЫРАЙЫҚ!

Жыл сайын көктемде елімізді еріген қар суының әбіргерге салуы әдетке айналды. Табиғаттың мұндай «тосын сыйы» ел экономикасына да айтарлықтай шығын әкеліп жүр. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтан қаласына жауған қардың көптігі 1964 жылғы рекордты қайталаған. Полигондарға шығарылған биылғы қардың көлемі 4 220 000 текше метрден асты. Бұл биылғы қардың  жылдағыдан көп екендігін көрсетті. Ендеше, көктемде қар суынан келер қауіп те жоғары.

Төтенше жағдайлар қызметі Өскеменде 2 мыңға жуық үйді су басуы мүмкін десе, Орал қаласында еріген қар суы  қазірдің өзінде қаланың ішінде айтарлықтай жиналып қалған. Олар  үйлердің жертөлесіне кіре бастаған. Қазір арнайы көліктер бұл суларды дер кезінде сорып, қаланың сыртына тасып үлгермей жатыр. Семей, Қарағанды қалалары мен жекелеген кейбір елді-мекендерді де су басу қаупі бар. Бұл мәселе біздің төтенше жағдайлықтарға таңсық емес. Демек, оған алдын ала дайындықтарды жүргізу де қалыпты жағдай болуға тиіс-ті.  Қарбалас науқан тұсындағы аймақтардың ахуалын біз де бір пысықтап, өз тарапымыздан сұраулар жүргіздік.

Алматы облысының күштік құрылымдары көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтуде. Гидрометеорологиялық бақылау деректеріне сәйкес, СҚО, ШҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында қар жабынындағы ылғал қоры орташа нормадан жоғары екенін анықтаған. Сондықтан мамандар «Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс таулы өзендерінде еріген қар мен жаңбырдан су тасқыны болуы мүмкін. 2020 жылдың ақпан айына арналған синоптикалық болжамға сәйкес, ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде», – дейді. Демек Қазақстанның біраз аймағында су тасқынының қаупі бар.

Осы орайда экономист Дайрабай Үсіпбаев: «Рас, жыл сайын қар суының еруі салдарынан айтарлықтай зиян шегіп отырмыз.  Су тасқыны көпірлер, жолдар, ғимараттар, құрылымдардың қирауына, елеулі материалдық шығынға себеп болса, судың көп жиналуы және су үлкен биіктікке көтерілсе адамдар мен жануарлардың опат болуына әкеліп соқтырады. Қираудың негізгі себептері ғимараттар мен құрылымдарға су массасының, жоғары жылдамдықта жүзіп жүрген мұздардың, әртүрлі сынықтар мен әртүрлі заттардың, т.б гидравликалық соққысы болуы мүмкін. Су тасқыны кенеттен пайда болып және бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы ықтимал. Сондықтан төтенше жағдайға дайын отыруымыз керек. Егер қауіптің алдын алуға тырыссақ қар суынан зардап шекпейміз. Су деңгейінің көтерілуі бірнеше факторларға  соның ішінде қардың еруінің уақыт көрсеткішіне, жауған жаңбырдың мөлшеріне, мұз құрсауының кептелісіне байланысты. Соған сәйкес алдын ала елді- мекен, жеке аула ішінде қарды шығарып, арықтармен су жүретін құбырларды уақытылы қардан, қоқыстан тазарту қажет» -дейді.

Қазірдің өзінде құтқарушылар су басу қаупі бар аймақ тұрғындарына қауіпсіздік шараларын ескерту үстінде. Осы орайда Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Ахашов «облыс аумағында 76 су қоймасы, 117 тоған, 21 бөгет, 35 су торабы, 158 магистралды канал бар. Аталған құрылыстарда тұрақты мониторинг жүргізіліп, су тасқыны жағдайын бақылау үшін 96 гидробекет қойылған. Қазіргі таңда арықтар мен каналдардың, суағар құбырлардың арналары тазартылып, халықты ақпараттандыру жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдай орын алған жағдайда шұғыл шығын салдарын жоюға облыс бюджетінен 1,2 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ 265 шатыр, 1200 төсек, 8,4 мың дана төсек жабдықтары сақадай сай тұр. Шұғыл эвакуациялауға 50 қабылдау орны белгіленіп, 122 дана су соратын мотопомпа қарастырылған», – дейді.

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар қызметі «Өңір бойынша – 700 мың, ал Өскеменде – 125 мың текше метр қар шығарылған. Бұл өткен жылғыдан 2 есеге көп. Сондай-ақ, ұзындығы 6 шақырымнан асатын алты су өткізгіш канал мен арықтар тазартылды. Табиғаттың тосын мінезіне барынша алдын ала дайындалып жатырмыз»-дейді. Қазірдің өзінде шығыстағы 108 елді-мекенде су тасқыны жүру қаупі бар. Бұған себеп – тау өзендеріндегі қар мөлшері орташа жылдық нормадан 20-50% жоғары түсуі болып отыр. «Тасқынның алдын алу мақсатында қосымша мұз жару жұмыстарына 150 млн теңге бөлінген. Қажет болған жағдайда бұл соманы көбейтеміз. Сондай-ақ ірілі-ұсақты 222 су қоймасы бақылауға алынған. Ыдыс қап пен инертті материалдар әзірленуде», – дейді осы өңірдегі төтеншеліктер.

Шыны керек, биылғы қар мөлшері жылдағыдан екі есе көп екенін статистика айғақтап отыр. Аз күнде көктемнің алғашқы айы басталады. Тек төтеншеліктердің дайындығына ғана үміт артпай,өз тарапымыздан да қамдана отырған игі.

 

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

 

Комментарий