Қоғам | Общество

«Бөлісетіндей артық байлығым жоқ»: вице-министр айына 300 мың теңге несие төлейтінін айтып «ақталды»

Оның айтуынша, отбасында жеті адам бар. Қазіргі кезде туыстарының үйінде тұрады.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов Мәжілістегі үкімет сағатынан кейін тілшілерге лотереядан бір бөлмелі пәтерді қалай ұтып алғанын айтты, деп хабарлайды Zanmedia.kz ақпарат порталы, Baq.kz-ке сілтеме жасап.

“36 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер ұтып алдым. Ол тек жарты жылдан кейін бос болады. Мен өзім ауқатты отбасыдан шыққан жоқпын. Осы белеске өз еңбегіммен жеттім. Барлығын төменнен бастадым. Біреумен бөлісетіндей артық байлығым жоқ. Көпшілік вице-министрдің көп нәрсеге қолы жетеді деп санайды. Олай емес”, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Оның айтуынша, отбасында жеті адам бар. Қазіргі кезде туыстарының үйінде тұрады.

“Отбасымның жалғыз асыраушысы менмін, әйелім жұмыс істемейді. Үлескер ретінде ипотекаға 4 бөлмелі пәтер алғанмын. Ол үйге әлі көшкен жоқпыз, енді салынып бітеді. Вице-министр ретінде айына 600 мың теңге айлық аламын, оның 300 мыңы осы үйдің несиесін төлеуге кетеді”, – дейді вице-министр.

Аяқастынан олжалы болған лауазым иесі сондай-ақ, “вице-министр жемқор” деп өзін әлеуметтік желіде сынап жатқандарға жауап берді.

“Бәрі мені жемқор деп ойлап жатыр екен. Ондай ештеңе жоқ. Ол жерде шыны лототрон болды. Оған 2000 адам билетін салды. Сосын айналдырды. Үш бас жүлде тігілді: шетелге жолдама, автомобиль және бір бөлмелі үй. Шыны құтыдан ресейлік “Иванушки International” тобының әншісі Кирилл суырып алған билет нөмірі менікімен сәйкес, осындай қуанышқа кенелдім”, – дейді Ғабидолла Оспанқұлов.

Шенеунік, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға болмайды. Бірақ лотереяға қатысып, ұтуға заңда тыйым салынбаған екен.

Комментарий