Судья мінбері | Судебная система

Сот саласы заман сұранысына сай бейімделуде

Соңғы жылдары мемлекетіміздің сот жүйесінде үлкен қарқынмен реформалар жүргізілуде. Сәйкесінше сот жүйесі де заманға сай жаңғырып, жаңару үстінде. Салада жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты сот жүйесінің азаматтарға деген ашықтығын қалыптастырып, судьялардың азаматтардың алдында ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сот жүйесін оңтайландыру болып табылады.

Осы орайда мемлекетіміздің Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов 2018 жылдың басында сот жүйесінің одан әрі даму мүмкіндіктеріне қатысты «Сот төрелігінің «Жеті тасы» жобасын ұсынған болатын. «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «SMARTСОТ», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» секілді жүгі ауыр міндеттерді жүктеген сот жүйесінің “жеті тасы” саланың дамуына да айтарлықтай ықпал етіп келеді. Халық қызметінде жүрген кез келген мемлекеттік қызметкер ең алдымен ісінің халық игілігі үшін  атқарылып жатқанын сезінеді. Бұл жауапкершілік әрбір судьяны әділетті шешім шығаруға, қолжетімді және ашық болуға үндейді. Елдің кемел, рухани жаңғырған мемлекетке айналуы үшін халқының жан-жақты сауатты, білімді болғаны маңызды. Сот ашықтығы мен қолжетімділігі осы жолда жасалған ұтымды қадамдардың бірі. ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов ұсынған «Сот төрелігінің «Жеті 7 тасы» жобасы, халықтың сот жүйесіне деген сенімін жетілдіру деңгейін айқындайтын өлшемге айналып отыр.

Жоба аясындағы бір ғана татуласу, бітімге келу жүйесі бүгінгі күні көптеген мәселенің алдын алуға себеп болып отыр. Мәселен қоғамда дау-дамайды тек сот арқылы ғана шешу керек деген көзқарас қалыптасып, санамызда берік орын алған. Сәл дау туындаса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот алаңына шығарып, сол арқылы бас пайдамызға шешкіміз келіп тұрады. Ащы болса да шындық қымбат. Даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі тараптың талаптарын бірдей қанағаттандыра алмайды. Дау қолданыстағы заңды қолдана отырып шешілуі тиіс. Мысалы, отбасы, ағайын, дос-жаран, көрші-қолаң арасындағы талас-тартысты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бұл бір жағынан қазақтың билер жолын жаңғырту болса, екінші жағынан сот саласындағы күрмеуі қиын мәселенің шешімі болып отыр.

Біріншіден, сотқа негізсіз жүгіну арқылы біраз уақыт әуре-сар­саңға түсеміз. Іске нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін.

Екіншіден, сот – үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейміз, сот шығынын өтейміз, жол қаражаты бар, заңгерлерді жалдаймыз. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, оларда дауды шешу уақыты бізден де ұзақ, сот шығыны бізден де қымбат. Сондықтан оларда даудың саны көп емес. Себебі шетелдіктер сотқа барарда жүз ойланып, мың толғанады. Бүгінгі күні “жеті түйіннің” біреуінің өзі медиацияның дамуына айтарлықтай ықпал етті. Сондай-ақ сот шешімдерінің түсінікті болуы да Жоғарғы сот төрағасы тарапынан айтылған сынның бірі болатын. Жақып Асанов мырза “Судья өзінің шешімін жариялағаннан кейін, заң терминімен емес, түсінікті, қарапайым тілмен түсіндіріп берсе. Судьялар солай жұмыс істесе, сонда ғана сенім болады. Сонда ғана азаматтарымыз келіспей, жоғары сатыларға арыздарын жаудыра бермейді” деген болатын. Қазіргі таңда жүйелі түрде сот шешімдерінің сапасын көтеру мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда бұл өзгерістерде Жақып Асанов мырзаның рөлі зор!

Адиль Бакин, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий