Қоғам | Общество

Нұр-Сұлтан қаласында ішімдік сатуға шек қою ұсынылды

Елорданың ойын-сауық орындарында ішімдік сату шектелуі мүмкін. Елорданың ойын-сауық орындарында түнгі 23.00-ден таңғы 08.00-ге дейін ішімдік сатуға шектеу қою ұсынылды, деп хабарлайды Elorda Aqparat.

Бұл ұсыныс қала әкімдігінде ойын-сауық мекемелері мен халық көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту туралы өткен жиналыста айтылды.

“Тәртіп бұзушылықтың басым бөлігі ішімдік ішкен соң болады. Сондықтан мейрамхана, дәмханаларда түнгі сағат 23.00-ден таңғы 08.00-ге дейін ішімдік сатуды шектеуді ұсынамыз”, – деді қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Госман Жакин.

Биыл 41 ойын-сауық мекеме иесіне тәртіп бұзушылыққа әкеліп соғатын жайттарды жою керектігі ескертілген.

“Темекі бұйымдарын сату ережесін бұзғаны үшін 86 мекеме жетекшісіне, түнде ойын-сауық орындарына кәмелеттік жасқа толмағандарды кіргізгені үшін 115 мекемеге ескерту берілді”, – деді Госман Жакин.

2018 жылдың қараша айынан бастап патрульдік қызметтің жұмыс істеу тәртібі өзгерген болатын. Полицейлердің біразы тәртіп бұзушылықты көлікпен емес, жаяу жүріп тексереді. Демалыс және мереке күндері барлық ойын-сайық орындарының жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді.

Жыл басынан бері ойын-сауық орындарындағы тәртіп бұзушылық жайлы үш мыңға жуық қоңырау түскен.

Комментарий