Әлемде | В мире

Қытай түрмелері жаппай коронавирусқа шалдығып жатыр

Қытайдың Циньин қаласында (Шандун провинциясы) орналасқан Женьчэн түрмесінде жаппай коронавирус инфекциясын жұқтыру фактісі анықталды. Бұл туралы Xinhua агенттігі жергілікті үкіметтің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлауда.

 Соңғы мәліметтер бойынша, мамандар аурудың 207 жағдайын растады. Диагноз қойғандардың бәрі оқшауландырылып, ем қабылдай бастаған.

Агенттіктің мәліметінше, түрме қызметкерлерінің кейбірі ақпан айының басында жөтеле бастаған. Кейінірек, 13 ақпанда күзет қызметкерлерінің біріне коронавирус диагнозы қойылады. Жергілікті билік пен түрме әкімшілігі аурудың таралуына жол бермеу үшін шара қолданғанымен, эпидемияны тоқтата алмаған.

Осы оқиғаға байланысты партияның бірнеше лауазымды тұлғалары мен түрме қызметкерлері қызметінен босатылды. Сондай-ақ, арнайы аурухана құру, қажетті құрал-жабдықтар бөлу, мамандарды жұмылдыру және ауруларды емдейтін топ құру, түрмеде жұмыс істейтіндердің барлығын тексеруден өткізу тапсырылды.

Пекин жаңалықтарының хабарлауынша, Чжэцзяндағы тағы бір түрмеде 28 сотталушының коронавирус жұқтырғаны расталды.

Комментарий