Құқық | Право

Қашқын сарбаз ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы Бадам елдімекені жанындағы 10 216 әскери бөлімінен 30 автомат, 27 пистолет алып, қашқан сарбаз Бадам елдімекенінің диірмені жанында ұсталған. Ол Ордабасы ауданы Қайнар ауылының тұрғыны болып шыққан. Тұрғындардың айтуынша, қару-жарақ ұрлады деп күдікке ілінген сержант құрықталса да, елдімекенді полиция қызметкерлері, көліктері әлі де торуылдап жүр.

Бейресми деректерге қарағанда, 1995 жылы туылған сержант Абылай Балғынбайдың қасында екі серігі болған. Олар қару-жарақтарды шекара асырып сатпақ болған көрінеді.

Оқиға түнгі 11-лер шамасында болған. Алдын ала деректерге қарағанда, таңғы сағат 7.30 шұғыл кезекші оқиға жайында ақпарат алған. Абылай Балғынбайдың қызмет орын тастап, қару жарақ алып кеткені белгілі болады. Бұл сарбаз аға лейтенант Шорасуловтың орнына кезекшілік атқарған. Ол аға лейтенанттың қалтасынан байқатпай қару-жарақ қоймасының кілтін ұрлап алған. Сосын күзет дабылын өшіріп, 30 АК-74, 27 ПМ, 2 ПМТ, 420 дана 5,45 калибрлі патрон, 24 дана 9мм калибрлі патрон алған. Сосын кілтті қайтадан кезекшінің қалтасына салып қойған көрінеді. Сосын ізін суытқан. Бұл жайында таңғы сағат 7-де бір-ақ белгілі болған.

Оқиға орнына осы бөлімшенің подполковнигі Т.А.Бейсенбаев және ЗАҚ қызметінің бастығы Мусаев Е.А. барған. Болған оқиға жайында құқық қорғау органдарына дереу хабарланған.

«Әскери бөлімде қару жарақтың жоғалғануына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Атыс қаруының саны азайғаны белгілі болды. Құқық қорғау органдары мен әскери полиция күшімен әскери қызметкер мен жоғалған қаруларды іздеу және ұстау бойынша шұғыл шаралары жүріп жатыр“, – деп хабарлаған еді әскери ведомстводағылар.

Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерде жолдар жабылып, күшейтілген күзет режиміне көшкен. Оңтүстік Қазақстан облысында әскери дабыл қағылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көшеде милиция қаптап кеткен. Көліктерді, жаяу жүргіншілерді түгел тексерген. Үйлерді де тінтіген. Ел арасында ватсап арқылы «террорлық қауіп бар» деген хабарламалар тараған.

Комментарий