Экономика

Халық кредитін көбейтсе де НЕГЕ экономика құламайды?

Ұлттық Банк төрағасы Досаев, тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халықтың тұтынушылық кредитті көптеп алуынан қорқатыны байқалды. Алдымен әлеуметтік әлжуаз топтардың несиелерін мемлекет жауып берді, артынан олардың қайтадан тұтынушылық несие алуына заң бойынша тиым салынды. Бірақ халықтың мойнындағы қарыз өссе де, одан келіп-кетер проблема жоқ деп санайтын сарапшылар да бар. 

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуы бойынша, тұтынушылық кредиттер саласында еш проблема жоқ. Себебі нарық өзгеріске ұшыраған және енді тұтынушылық кредиттердің көбеюі халықтың әл-ауқаты нашарлай түсті дегенді білдірмейді.

“Біз кезінде кепілсіз несиеге жүгіну қарыз алушының жағдайы төмендегенінің белгісі деп санайтынбыз. Азаматтың өзіне қажет затты сатып алуға ақшасы жетпедіғ сондықтан ол несие алуға мәжбүр. Бүгінгі таңда ол тұжырым дұрыс емес. Сауда-саттық пен дамып жатқан қаржы секторында несие мен өз ақшаң арасындағы айырмашылық жойылып бара жатыр”.

Бүгінгі күні дисконттық картаны пайдалануды ешкім кедейліктің белгісі деп санамайды. Сонымен бірге, несиеге қол жеткізу – төлем қабілеттілігі мен банктің адамға деген сенімінің белгісі. Егер тұтынушылық несиелер «адамдарда түк жоқтығына» байланысты өссе, жаңа қарыз алушылар үлкен несие ала алмайтын еді. Қазір Бірінші кредиттік бюро есебі бойынша, тұтынушылық несиенің орташа бағасы 170 мың теңге екен.

Қаржы сарапшысы Владислав Туркин елдің «голландиялық» ауруға шалдығып отырғанын айтады. Отандық бизнес, әсіресе өндіріс өте аз. Несиеге деген сұраныстың барлығы импортты қыздырып отыр.

“Тұтынушылық нарықтағы шектен тыс несие көлемі тауарлар мен қызмет құны, тұрғын үй секторының инфляциясын туғызады. Мұны біз несие көлемі үлкен, ал ішкі өндіру көлемі азғандай жағдайда байқаймыз”.

Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылы екінші деңгейдегі банктердің тұтынушылық несие портфелінің өсуі шамамен 27% құрағанын мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, бұл сегмент корпоративтік сектормен салыстырғанда несие беруде көшбасшы болып қала береді.

“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамалық деңгейде бірқатар реттеу шаралары қабылданды. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады. Сондай–ақ, күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие берілмейді”.

Досаев 2020 жылдан бастап қабылданған шаралар несие нарығын тиімді реттейді деп сеніп отыр. Ал сарапшылар, бұл нарыққа мемлекеттің шектен тыс қол сұққаны аса дұрыс емес деген пікірде.

 #несие #ұлттықбанк

Комментарий