Саясат | Политика

Халық өз ойын билікке жеткізгісі келсе, қайтпек керек?

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың азаматтық белсенділермен кездесуі кезінде бейбіт шерулерді өткізу және ұйымдастыру тәртібі жөніндегі ҚР заңын жетілдіру мәселесі қаралған болатын.

Бейбіт шерулер кезінде болып жатқан олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірқатар ұсыныстар жасалды. Алайда оның барлығы бірдей жағдайды толық реттей алмайды.

Митингке шығудың негізгі мақсаты пікір айту болса, халық шығуы керек. Алайда, барлығы заңды түрде жүргізілсе құп дейді. Босқа айқай-шу, іріткі салу жағдайларына жол берілмеуі керектігі де айтылған болатын. Сонымен халық өз ойын билікке жеткізгісі келсе, қайтпек керек?

Бейбіт шеру өткізу кезінде әркім әртүрлі ережелерге бағынып келді. Мұндай жиналыстарды реттеу жұмыстары мәслихаттардың құзырында болды. Ендігі кезекте жаңа заң аясында бейбіт жиын өткізуге арналған барлығына бірдей ереже бекітіледі.

Бейбіт жиын өткізгісі келген, өз пікірін білдіргісі келетін адамдар тиісті инстанцияларға хабарласады, оларға арнайы орын беріледі, олар сол жерге жиналып, өз пікірін білдіре алады.

Дәурен Абаев заңда азаматтардың беталды шеруге шығып, кез-келген жерде ойын еркін білдіруіне шектеу қойылатынын кесіп айтқан еді. Оның айтуынша, митингтерді тек қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген орындарда ғана өткізуге рұқсат етіледі.

Алғаш рет Президент Қ. Тоқаев  2019 жылғы 13 маусымда митингілер өткізу бойынша жаңа заңды қабылдау қажеттігі туралы Euronews арнасына берген сұхбатында мәлімдеген болатын.

Кейін Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингілер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде нақты міндет қойды.

Президент «Конституцияға сәйкес біздің азаматтар ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер бейбіт акциялар заңды бұзу мен азаматтардың тыныштығын бұзу мақсатын көздемесе, онда оларды өткізуге заңмен белгіленген тәртіппен рұқсат беру, бұл үшін арнайы орындар бөлу қажет. Қала шетіне емес. Бірақ конституциялық емес әрекеттерге кез келген үндеулер, бұзақылық акциялар заң шеңберінде жолын кесетін болады», деді.

«Митинг», «пикеттеу», «жиналыс», «демонстрация» осы анықтамаларда бейбіт жиналыстың әр түрінің ерекшелігі тікелей нақтыланатын болады.

Құжатта 50 адамға дейін қатысатын митингтерді ескертусіз өткізуге болады.

Неге тыйым салынды?

1. Ұйымдастырушыларсыз митинг өткізуге болмайды.

2. Бірыңғай киім киюге тыйым салынады.

3. Митингке қатысушыларға бетперде киіп, жүздерін жасыруға тыйым салынады.

Заң жобасы 3 тараудан және 20 баптан тұрады.

Ал, шетелдік тәжірибеге жүгінетін болсақ, бейбіт шеру өткізу туралы заңнамаларында қандай бөлімдер бар?

Италия

Италияның 1975 жылғы «Қоғамдық тәртіпті қорғау туралы» заңына сәйкес (кейінгі өзгертулермен) шеруді өткізгісі келетін белсенділер полицияға кем дегенде үш күн бұрын өтініш беруі керек. Рұқсат берілмеген шеруге қатысқандарға 206-413 еуро аралығында айыппұл салынады немесе 1 айдан 12 айға дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Полицияның ескертуінсіз іс-шара өткізгендердің жазасы ретінде 103 еуродан 413 еуроға дейінгі айыппұл төлейді немесе алты айға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда митингілер мен шерулер Қоғамдық тәртіп туралы заңмен реттеледі (1986 жылы өзгертілген). Ұйымдастырушылар шеру өткізу туралы хабарламаны тиісті орындарға алты күн бұрын жіберуі керек. Сонымен қатар шерудің қай жерде өтетіні, қанша адам қатысатыны анық көрсетіледі. Тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін құқық қорғау органдары бейбіт жиынның орны мен уақытын өзгертуі немесе мүлдем тыйым салуы мүмкін. Белгіленген шарттарды сақтамағаны үшін ұйымдастырушылар үш айға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 2,5 мың фунт стерлинг (2,7 мың еуро) көлемінде айыппұлмен жазаланады. Полицияның бұйрығын орындамаған қатысушыларға 1 мың фунт стерлингке дейін айыппұл салынуы мүмкін (шамамен 1 мың еуро).

Германия

Германияда Жиындар мен шерулер туралы заң бар. Ол 2008 жылы толықтырылған. Заң ержелеріне сәйкес, ұйымдастырушылар өздерінің ниеттерін жергілікті билік органдарына іс-шара өтетін күнге дейін 48 сағат бұрын жариялауы керек. Егер ол қоғамдық тәртіпке айтарлықтай зиян келтіретін болса, аталған шараны өткізуге билік шектеу қоя алады. Атап айтқанда, нацистік режиммен байланысты тарихи орындардың жанында митинг өткізуге жол берілмейді. Тыйым салынған және рұқсат етілмеген жиынды өткізгені үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе айыппұл салынады (оның мөлшері заңда көрсетілмеген). Егер акция белгіленген мақсаттарға сәйкес келмесе, оның басшылары алты айға сотталуы немесе 180 күндік жалақы мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Шара барысында қару-жарақ немесе өзге де зиян келтіретін заттарды қолдануға болмайды. Сонымен қатар, шеруге бірдей форма киіп клуге тыйым салынады. Егер бұл шартқа бағынбасаңыз, екі жылға дейін бас бостандығыңыздан айырылуыңыз мүмкін.

Франция

Францияда митинг туралы хабарлама муниципалитеттің басшысына (Парижде – полиция префектурасына) үш күннен кешіктірілмей және шеруден 15 күн бұрын жіберіледі. Хабарламада шеру ұйымдастырушылардың аттары мен мекен-жайы, уақыты, орны және бағыты көрсетіледі. Егер көрсетілген шарттар бұзылған болса, ұйымдастырушылар 7,5 мың еуроға дейін айыппұл және алты айға дейін бас бостандығынан айырылады. Қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған жиындарды тәртіп сақшылары таратуға құқылы. Францияның Қылмыстық кодексіне сәйкес полиция құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық әрекеттері жасалса және қоғамдық тәртіпті қалпына келтірудің басқа тәсілдері болмаса, полиция алдын ала ескертусіз күш қолдана алады. 2019 жылдың сәуірінде Францияда бетперде киіп немесе бетін орамалмен тұмшалап митингіге шыққандарға жаза қолданылатын заң күшіне енді.

Бұл үшін 15 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Заң аясында қару ретінде пайдалануға болатын заттарды анықтау үшін демонстрациялар өткізілетін жерлерде тінту ережелері де қарастырылған.

АҚШ

АҚШ-та жаппай митингілерді реттейтін заңдар мемлекеттік деңгейде қабылданады. Билік жиналыстардың уақытын, орны мен тәртібін реттеуге құқылы. Мемлекеттік заңнама бойынша шеру ұйымдастыру туралы өтініштерді қараудың ұзақ мерзімі – 80-90 күнге дейін. Кейбір штаттар мен ірі қалалар арнайы шеру өткізу үшін ақша төлеп жатады (25 доллардан 300 долларға дейін). Мәселен, Нью-Йоркте саябақта митинг немесе шеру өткізу 25 доллар тұрады. Өзгелердің жүріп-тұруына кедергі келтіргені үшін немесе қоғамдық көліктердің жолын бөгегені үшін айыппұл төлейді немесе 6 айға дейін қамауда отырады.

Ресей

Ресейде шеру өткізу туралы хабарлама жергілікті атқарушы органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару ұйымына 10-15 күн бұрын жіберіледі. Хабарламада мақсаты, нысаны, орны көрсетіледі. Сонымен қатар шерудің өтетін уақыт аралығы және қатысушылардың саны белгіленеді. Ұйымдастырушылар қоғамдық тәртіпті және медициналық көмек көрсетуді қалай ұйымдастыратындықтарын көрсетуі керек.

Маржан Сәбет

Комментарий