Аптадағы сұхбат | Интервью неделиБас тақырып | Тема дня

Ержан НҮКЕЖАНОВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы: «ХАЛЫҚ ДІНГЕ ҚАТЫСТЫ МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫН ҚОЛДАЙДЫ»

– Ержан Болатханұлы, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының әрекет ету мерзімі биыл аяқталады. Оны жүзеге асыру барысында қандай нәтижеге қол жеткіздік және алдағы уақытта жаңа  тұжырымдама қабылдана ма?

– Тұжырымдаманы іске асыру барысында орталық және жергілікті деңгейдегі азаматтардың барлық санаттарымен алдын алу, оңалту жұмыстарын ұйымдастыру, оның дамуына болжамдық баға беру, өңірлер бойынша діни ахуалға талдау жүргізудің бірыңғай жүйесі әзірленді.

Сонымен қатар, министрліктің тапсырысы бойынша жүргізілген әлеу­меттік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, халықтың 86,3 пайызының дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайтыны анықталды. Осы ретте, аталған тұжырымдаманың сапалы жүзеге асырылуы өз деңгейінде екендігін атап айтқан жөн. Жаңа құжатты әзірлеуге қатысты мәселе осы жылы дін саласындағы жетекші сарапшылармен талқыланатын болады.

– Мемлекеттік тілдегі діни терминдерді бір ізге түсіру қалай жүзеге асуда?

– Мемлекеттік тілдегі діни терминдерді бір ізге түсіру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығымен діни терминдер анықтамасы жасалған  болатын. Бұл орталықтың қызметі бүгінгі күні Дінтану сараптамасы орталығы ретінде қайта ұйымдастырылды.  Дегенмен, мемлекеттік тілдегі діни терминдерді сапалы жетілдіру қажеттілігі бар. Осы орайда, Дінтану сараптамасы орталығының 2020 жылғы жұмыс  жоспарында мемлекеттік тілдегі діни терминдерді әзірлеу жолдары қарастырылған. Бұл жұмыс жалғасатын  болады.

– Дін саласындағы радикалды ағымдардың алдын алу бойынша жұмыста қандай түйткілді мәселелер бар?

– Жалпы, радикалды ағымдардың алдын алуға қатысты жұмыстар тұлғаларды оңалту және бейімдеу, дәстүрлі дінге қайтару, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттыру бойынша  республика көлемінде 224-тен астам ақпараттық-түсіндіру топтары (бұдан әрі – АТТ) қызмет жасауда.

Шаралар барысында халыққа радикалды діни ағымдардың негізгі сипаттары, оларды ұстанушылар қолданатын әдіс-тәсілдер мен бағыт-бағдарлар, оларға қарсы тұру жолдары түсіндіріледі. Сонымен қатар, радикалды діни ағымдардың мүшелерін оңалту  және бейімдеу, дәстүрлі дінге қайтару бойынша республикалық деңгейде «Ақниет» оңалту орталығы, ал жергілікті деңгейде әкімдіктер жанындағы «Аңсар», «Шапағат» сынды оңалту орталықтары жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, радикалды діни ағым- дардың алдын алу бойынша Қазақстан  мұсылмандары діни басқармасы  (ҚМДБ) жанындағы республикалық  және жергілікті ақпараттық-насихат  топтары жұмыстар жүргізуде. Дегенмен,  радикалды ағым мүшелерін оңалту, оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде теологтардың сапасы мен құрамын арттыру мәселесіне көңіл бөліп отырмыз. Осы бағытта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан теологтардың білімі мен біліктілік деңгейі артып, сондай-ақ, теологтардың сапалық құрамы ауысып отырады. Жұмыс барысында еліміздегі әр өңірдің және шет мемлекеттердің озық тәжірибелері пысықталып, жүзеге асырылады.  Бұл жұмыстар жыл сайын жалғасады.

Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2019 жылы қыркүйек-қазан айларында ҚМДБ-ның радикалды діни
ағымдардың мүшелерімен тікелей жұмыстар жүргізетін 350-ге жуық имам мен мамандарына семинар-тренингтер  ұйымдастырды.

– Радикалды діни ағым уағызшыларының дыбыс және бейне-жазбаларын әлі де тыңдап, көріп жүргендер аз емес. Мұндай  материалдарды пайда-лануға тыйым  салудың қандай жолдары бар?

– Министрлік ин тернет-кеңістікке мониторинг жүргізу  арқылы радикалды діни уағыздаушылар жүктейтін материалдармен күрес жүргізуде. Күмәнді контентті анықтау, оқшаулау немесе оны жою жөнінде жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін озық технологияларды пайдаланады. Сонымен қатар, 2019 жылы интернет-ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктері ұсынымдық тәртіппен экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 30 мыңнан астам құқыққа қарсы келетін материалды алып тастады. 2019 жылы ҚР «Байланыс туралы» заңына сәйкес еліміздің аумағындағы 17 811 діни экстремизм
мен терроризмді насихаттаған материалға шектеу қойылды. 2019 жылы сот шешімімен елімізде экстремистік және террористік мазмұндағы 22 материалға шектеу қойылды.

– Қордай ауданындағы қайғылы жағдайдан кейін дүнгендер шоғырланған ауылдардағы мешіттердің дін қызметкерлерін тағайындауда және олардың қызметін бақылауда мүфтияттың ешқандай ықпалы болмағаны мәлім болып отыр. Бұл туралы не айтасыз?

– Менің ойымша, Қордай ауданындағы қайғылы жағдай дінге байланысты туындамады. Сол себепті бұндай сұрақты көтерудің қажеті жоқ деп есептеймін.

– Діни сеніміне байланысты  әскери борышын өтеуден бас тартуға бола ма?

– Қазақстан зайырлы мемлекет  болып табылады. Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы заңға сәйкес, ешкімнің де өз діни нанымдары бойынша Конституция мен заңдарда көзделген міндеттерді атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.

ҚР Конституциясының 36-бабында Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті деп белгіленген.  Осыған орай, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы заңның 35-бабына сәйкес білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн беріледі. Аталған заңға сәйкес, бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.

– Ата-аналар өздерінің діни сенімін балаларына мәжбүрлей ала ма? Мұндай жағдайда балаларға кім, қандай көмек береді?

– Баланың қалыптасуына, оның тәрбиесіне, соның ішінде діни сеніміне ең алдымен ата-анасы тікелей жауапты екені баршаға мәлім. Дегенмен, балаға белгілі діни сенімді үйрету барысында оның міндетті білім алу құқығын да ескеруіміз қажет.

Бүгінгі күні мемлекет тарапынан балаларға орта мектепті бітіргенге  дейін оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, оның ішінде ақпараттық-ағартушылық бағытта жалпы дін туралы ақпарат беретін іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, барлық  мектептерде 9-сыныпта «Зайырлылық  және дінтану негіздері» пәні қосымша  факультатив ретінде оқытылады.

Жалпы, ата-ана алдында баланың діни сенімі, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі, сондай-ақ, оның құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, баланың құқықтарын қорғауды қорғаншы және қамқоршы орган жүзеге асырады. Бұл мәселе заңнамалық тәртіпте белгіленген және балалардың құқықтарын қорғау мәселесімен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын  қорғау комитеті тікелей айналысады. Бала құқықтары туралы ратификацияланған Конвенция мен Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс бар. Балалардың құқығын қорғауға 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 62,70-баптары көмекші бола алады. Бала құқықтары туралы ратификацияланған Конвенцияның 14-бабының 1,3-тармақтарында баланың ойлау, ар-ұждан және дін
бостандығына деген құқығын құрмет-тейтіндігі туралы арнайы нормалар қарастырылған. Сондықтан, ата-аналар балаларына діни сенімді үйрету барысында ата-ана ретіндегі құқықтарынан бөлек, атап өтілген заңнамалардағы нормада көзделген баланың құқықтарын да басшылыққа алғаны орынды.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий