Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықты жою баршаға ортақ міндет

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бір сәт те тоқтаған емес! Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Сондықтан мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауларында, халыққа арнаған Үндеулерінде қоғамның жегі құрты жемқорлықтың жолын кесіп, ауыздықтаудың бағыттарын нұсқап, оның жүзеге асырылуын қатаң қадағалап отыр. Осы орайда жемқорлықтың қарапайым түсінігі — лауазымды тұлғалардың, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы. Демек сатқындық пен сараңдыққа жол беретін мемлекеттік қызметкерлер, өз міндеті мен қызметіне адалдық таныта алмаса, оларға жауапты қызметте орын жоқ. Сондықтан жемқорлықпен күрес аяусыз жүргізіліп, жемқорлық орын алған жағдайда жауаптылар жазаланып жатыр.

Елімізде жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы күрес пен қаншама қабылданып жатқан заңнамалардан, жемқорлықты жою бағытында іске асырылып жатқан іс-шаралардан нәтиже шығару үшін жегі құртпен күресте әрбіріміздің оған деген қарсылығымыз маңызды. Жалпы мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет. Елбасымыз да бұл мәселені ерекше атап өтіп, Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», – деген болатын.

Ерекше атап өтер жайт, сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі, жалпы қоғамның қарсылығы онымен күрестің қуатты құралына айналуы тиіс. Сонда ғана жемқорлықпен күрестен нәтиже шығады. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні айқын нәрсе. Ең бастысы – халықтың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Ал мемлекетке деген халық сенімі бәрінен маңызды.

Қыдырмұратова Гүлнәр, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының бас маманы

Комментарий