Жаңалықтар | Новости

14 300 теңгеңіз НЕГЕ қайтпайды?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жарнамасы тарап жатқан 14 300 теңгені 143 мың теңге етіп қайтарып беруге уәде беретін пирамиданың ғұмыры бар-жоғы 30 күнге созылуы мүмкін. Мамандар мұндай “батпан құйрыққа” сенбеуге шақырады.

Парадокс. Әйгілі алаяқ Сергей Мавроди “МММ” пирамидасын құрған 90-шы жылдардан бері қаншама жан ақшасынан айрылса да, пирамидалардың адамды алдау екені туралы мыңдаған мақалалар, пікірлер, нақты мысалдар жарық көрсе де, олардың құрбандары азаймай отыр. Қазақстанда күн сайын жаңа пирамида пайда болады және ескілері жабылып жатады. Құқық қорғау органдарында қаржы алаяқтарының үстінен жазылған том-том арыз жатыр. Осыған қарамай, тіпті банктен несие алып, сол ақшаны алаяқтарға өз қолымен апарып бергендер бар.

Биыл қазақ пирамидасына 26 жыл толады. Біздегі қаржылық алдау мен арбау тарихы Нұрлан Смағұловтан басталады деуге толық негіз бар. 1994 жылы ашылған «Смагулов и К» қаржылық пирамидасы 35 мыңнан астам адамды тақырға отырғызды. Смағұлов сол кездің өзінде салымшылардан 630 миллион теңге жинап, шетелге қашып кеткен болатын. Интерполда әлі күнге дейін іздеуде тұр.

Нұрлан Смағұлов. Фото: Интерпол

 

Елімізде ашылып жатқан пирамидалардың барлығы “Понци” схемасына негізделгенін айта кету керек. Схема итальяндық алаяқ Чарльз Понцидің атымен байланысты.

1919 жылы Чарльз Понци Бостонда бағалы қағаздармен айналысатын компания ашады. Жарнама арқылы салынған соманы 90 күннің ішінде 150 пайыз қылып қайтарамын деп, азаматтарды иландыра бастайды. Жарнамаға сенген азаматтар аз болған жоқ. Шын мәнінде Понци бұрынғы салымшыларға кейінгілердің ақшасын төлеп отырған. Ол әрекеті тез арада Федералды тергеу бюросының көзіне түсіп, Понци 5 жылға түрмеге қамалады. Бірақ ол жинап үлгерген 2 миллион доллар сол күйі қайтпады.   

Kursiv.kz мәліметі бойынша, пирамидалар пайда болғалы ел азаматтары 7 млрд 175 миллион теңгеден айрылған. Прокуратурада тіркелген істерді саралап, біз еліміздегі пирамидалардың орташа ғұмыры 2-3 айды құрайтынын айта аламыз. Демек, кіру үшін 14 300 теңге төлеуіңіз тиіс пирамиданың тақырға отыруына шамамен бір ай қалды. Қазір ақшасын салып жатқан азаматтардың өз қаржысын қайтарып алуы екіталай. Егер пирамида қазірдің өзінде орташа есеппен 10 мың азаматты еліктіріп үлгерсе, онда мемлекетке және халыққа 143 миллион теңге шығын әкелмек.

Комментарий