Аймақ | Регион

Мұз жарылып, жүк көлігі батып кетті

Шығыстағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғап жатқан Бұқтырма су қоймасындағы паром өткелі тоқтағалы тұрғындар мұз үстін жол қылған-ды. Алайда, қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындар көбейген.

«Aikyn.kz» сайтының жазуынша, жүк тиеген көлік мұздың үстімен Күршім бағытында өте шықпақ болғанда, орта жолда мұз жарылып кеткен. Адамдар көліктен шығып, аман қалған. Ал көлік су түбіне батып кеткен. Енді оны тек көктемде ғана тартып шығару мүмкіндігі бар.

Аудандағы төтенше жағдайлар қызметі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта мұздың үстімен тек салмағы екі тоннадан аспайтын көліктер ғана сағатына 20 шақырыммен қозғала алады.

Ұзындығы он шақырымға жуықтайтын өткелде жылдамдық пен салмақты одан асыруға рұқсат жоқ. Бұл туралы мұз жолына арнайы жол және қауіпсіздік белгілері де қойылған. Ал толтыра жем тиеп алып, жүйткіген «Газель» көлігінің салмағы алты тоннадан асып кеткен. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпсіздік ережелеріне барынша мұқият болуды ескертеді.

Комментарий