Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Толықтырулар заң үстемдігін одан әрі қамтамасыз етуге ықпал етеді

Тарихымызға зер салсақ, ата-бабаларымыз ұзақ жылдар бойы «Жеті жарғының» талаптарымен өмір сүрді. Және олардың құқықтық мәдениеті өте жоғары болды. Себебі, бабаларымыз «Уәде құдай сөзі» қағидасын берік ұстанып, бидің шешімі мен кесіміне бас иді. Яғни, би шығарған үкімді мүлтіксіз орындады. Сөзге тоқтай білді. Бұл құқықтық сананың сол замандағы өлшемін көрсетеді. Мұны айтып отырған себебіміз, билік айтудың халық игілігіне қызмет ету түсінігімен үндесуі бүгінге жалғасты.

Қазіргі Қазақ елінің Ата Заңы мен барша заңнамасын түп тарихтан бөліп қарай алмайтынымыз да осыдан. Құқықтық мемлекет құруға ұмтылған елімізде адам құқығы мен бостандығы бірінші кезекте қорғалуға жататын құндылық. Демек, заңдардың осы мақсатта орай жаңарып отыруы да заңдылық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігі жүйесін жаңғырту қажеттігін айтқан болатын. Соған орай, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына Жоғарғы Сот бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Ондағы мақсат сот процесінде істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз ету; соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу; артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту, сондай-ақ, процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыру болды. Бұл заң жобасын Қазақстанның барлық аумағындағы заңгерлер мен құзыретті органдар қызметкерлері талқылап, өз ой-пікірлерін айтты. Аталған Кодекс түбегейлі өзгермейді, тек заман талабына сай қосымшалар енгізіліп, Ресей, Германия сынды елдердің құқықтық озық тәжірибелерімен толықпақ.

Жалпы айтқанда, өзгерістерге сай, сот процестері одан әрі оңтайландырылады, яғни, сотқа да, тараптарға да ауыртпалық келтірілмейтіндей деңгейге жеткізіледі. Және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделеріне басымдық беріліп, олардың жапа шекпеулері бұдан әрі нық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса судья мен сот ісіне қатысушылар жұмысы заманауиландырылады, яғни, артық сот рәсімдері мен шығындары қысқартылып, цифрландыруға басымдық беріледі.

Судьялардың жауапкершілігін бүгінгіден бетер арттыруға баса мән берілген. Сонымен қатар, азаматтардың сотқа дайындығын пысықтау және баж салығын реттеу мәселелері де назардан тыс қалмаған. Шағымданушы жақтарды сотқа дейін мәмілеге келтіру, бұл тұрғыда құқықтық сауаттылықты арттыру басты назарға алынған. Жобадағы тағы бір өзгеріс, жұмысына салғырттық танытқан судьяны жауапқа тарту мәселесі қарастырылған. 15-бап «Сот, оның ішінде өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын тараптармен (тараппен) талқылауға, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылауға, іс бойынша дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де іс-әрекеттерді орындауға құқылы» деген 4-1 бөлікпен толықтырылды. Істің созбалаңға салынбауын қамтамасыз етудегі норма – 34-баптың «Екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізілетіні» туралы бесінші бөлікпен толықтырылуы.
Заң жобасы Мемлекет басшысының сот төрелігінің сапасын жақсарту мен азаматтардың соттарға сенімін арттырудағы міндетін іске асыруға бағытталып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты дайындалған. Оған еліміздің дамуы мен менталитетімізге сай келетін, сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сай нормалар енгізілген. Мұндай толықтырулардың елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге одан әрі ықпал етеріне сенім зор.

 

 

Жанар Ибрагимова,
Алматы облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий