Қоғам | Общество

Әл-Фараби оқулары басталды

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық университетінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларының аясында VI халықаралық Фараби оқулары  басталды. Шетелдік және отандық ғалымдар мен таяу және алыс шет ел сарапшылары, ҚР СІМ және дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысатын бұл шара 2-12 сәуір аралығында он күнге созылмақ.

         Бағдарлама бойынша:

2-3 сәуір – «Әл-Фараби және қазіргі заман» VІ халықаралық форумы»;

4-6 сәуір – «Ботай мәдениеті халықаралық зерттеулерінің және басқа да Орталық Азия энеолиттік ескерткіштерінің нәтижесі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция;

9-10 сәуір – «Мультиполярлық әлемдегі Қазақстан: экономикалық сценарийлер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция;

8-10 сәуір – «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың Халықаралық ғылыми конференциясы

12 сәуір – VI Халықаралық Фараби оқуларының салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Алты жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Фараби оқулары ғылыми қоғамдастық пен әлемдік жоғары оқу орындары арасында танымал болып, халықаралық деңгейге ұласты. Халықаралық ғылыми шаралар қоғам, мемлекет және тұлғаны дамыту жаһандық мәселелерін шешуде шетелдік және қазақстандық ғалымдардың күш жігерін жұмылдыруға бағытталған.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:

– Өздеріңіз білесіздер, әл-Фараби оқуларының негізгі мақсаты – әл-Фараби мұраларын насихаттау арқылы қазақстандық бренд қалыптастыру. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында өз еліміздің ұлы тұлғаларын насихаттау арқылы Қазақстанды әлемге таныту мәселесі нақты айтылған. Қазір осы Фараби форумы осы бағыттағы өте жақсы платформаға айналып отыр. Жылына әлемнің 20-30 елінен Фарабиді зерттеушілер келеді. Бұл форумның аты «әл-Фараби және қазіргі заман», сондықтан қоғамның, ғылымның дамуы бағытында әлемнің әр бағыттағы белгілі ғалымдары келіп, баяндама жасап, зерттеулерімен бөліседі. Келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы басталады. Қазір ол ЮНЕСКО-ның тізіне еніп жатыр. Сондықтан бұл оқуларды алдағы үлкен тойға, үлкен іс-шараға дайындық деп санаймыз.

 

Комментарий