Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

КЕҢЕСКЕН ІСТЕ КЕМШІЛІК БОЛМАЙДЫ

 Ұлт жоспарын және мемлекет басшысының «Сындарлы  қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын  жүзеге асыру мақсатында  сот төрелігінің сапасын жақсартып, халықтың соттарға  сенімін арттыру бағытында  бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.  Соңғы жылдары қабылданған  заңнамалық актілер бойынша судьялыққа үміткерлерді  іріктеу және кадрлар құрамын  жақсарту, сот процестерін  жеңілдету, судьяларды артық  жүктемеден, даусыз істерден  босату бағытында өзгерістер  мен толықтырулар енгізіліп,  өз нәтижесін беруде. Сонымен  қатар, заңдарды жаңғыртып,  құқықтық құжаттарды жетілдіру бойынша да тындырымды жұмыстар жасалуда.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына  енгізілген заң жобаларының бірі – Жоғарғы Сот бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының  Азаматтық процестік кодексіне соттар  жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен  шығындарын қысқарту мәселелері  бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы.  Мұндағы мақсат:

– сот процесінде істің толық және  уақытылы қаралуын қамтамасыз  ету;

– соттар жұмысына заманауи форматтар енгізу, яғни, соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту;

– артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту;

– сондай-ақ, процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыру.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіндегі (бұдан әрі – Кодекс) азаматтық сот ісін  жүргізудің міндеттері қаралған норма  (4-бап) «істің толық және уақытылы  қаралуын қамтамасыз ету» міндетімен  толықтырылса, кодекстің 15-бабының  3-бөлігіндегі «Сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан
толық босатылған, алайда тараптың  уәжді өтінішхаты бойынша оған осы  кодексте көзделген тәртіппен қажетті  материалдарды алуға жәрдем көрсетеді» деген нормадан «толық» деген  сөз алынып тасталып, «Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін іске  асыру мақсатында сот өз бастамасы  бойынша істің мән-жайларын анықтау,  тараптардың дәлелдерінің негізділігін  және олар ұсынған дәлелдемелердің  дұрыстығын тексеру бойынша көздел- ген кез келген шараларды қолдануға  құқылы», «Сот, оның ішінде өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын  тараптармен (тараппен) талқылауға,  тараптардың құқықтық ұстанымдары  мен дәлелдерін нақтылауға, іс бойынша дәлелдемелерді уақытылы және
толық жинауға, оларды зерттеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ, азаматтық сот  ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге  бағытталған өзге де іс-әрекеттерді  орындауға құқылы» деген нормалармен толықтырылады.

Соттың өз бастамасы бойынша  әрекеттер жасау құқығын сотқа ұсынылған дәлелдемелердің дұрыстығын  тексеру, сот тапсырмаларын жіберу  барысында да қолдануы осы заң жобасымен қаралған. Істің созбалаңға  салынбай уақытылы қаралуын қамтамасыз етудегі тағы бір тиімді норма –  істі бір соттың жүргізуінен алып, басқа  сотқа беру тәртібі қаралған кодекстің  34-бабының «Екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда,  олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екіншісіне беру  ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу  жүргізілетіні» туралы бесінші бөлікпен  толықтырылуы. Мұндай өзгерістер  мен толықтырулар сот процесінде  істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз етеді.

Цифрландыруды  одан әрі дамыту

Кодекс 133-4-баппен толықтырылып, сот талқылауының аудио-бейнежазбасы электрондық хаттама деп  танылады. Толықтығын, құрылымы  мен сапалы тыңдалуын қамтамасыз  ететін электрондық хаттамаға қойылатын техникалық талаптарды осы  кодекстің талаптарын ескере отырып,  соттар қызметінің ұйымдастырушылық  және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын орган  айқындайды.

Ал, кодекстегі сот бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу тәртібі қаралған 134-бап жаңа редакцияда жазылып, сот бұйрығы сот актісі болып  табылады, судья борышкерді және  өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және  сот талқылауынсыз, даусыз талаптар  бойынша борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өндіріп алушының  арызы бойынша, сондай-ақ, заңда  белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді  орындау туралы өндіріп алушының  арызы бойынша электрондық форматта шығарады.

Кодекс толықтырылатын 187-1-баптың талаптарына сәйкес, сот, іске қатысатын адамдар, куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар сот  талқылауы барысында материалдық  және цифрлық ақпарат жеткізгіштері  бар техникалық құралдарды соттың  рұқсатымен пайдалануға құқылы.  Техникалық құралдар істі қарау барысында туындаған құқықтық мәселелер
мен істің мән-жайлары бойынша қа- жетті ақпарат алу, ақпараттық және  құқықтық жүйелерге, интернет-ресурстарға қол жеткізу, коммуникациялар  желілері операторлары көрсететін  қызметтерді пайдалана отырып байланысты қамтамасыз ету үшін, тиісті  хабарламаны растау және іс үшін  маңызы бар өзге де мән-жайларды  анықтау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Артық сот  рәсімдері мен  шығындарын қысқарту

Заң жобасы бойынша бұрын сот  ұйғарымы шығарылатын жекелеген  сот рәсімдері бойынша алдағы уақытта сот ұйғарымдары шығарылмайды. Кодекстің 173-бабына енгізілетін өзгерістер де істі сот талқылауына тағайындау туралы ұйғарым шығарылмайтынын, судьяның істі дайын деп танып,  тараптарға және іске қатысатын басқа  да адамдарға істің сот отырысында  қаралатын уақыты мен орны туралы  хабарлайтынын бекіткен.

Оңайлатылған іс жүргізу бойынша  өзгеретін маңызды нормалардың  бірі – осы тәртіппен қаралатын талап  қою бағасының заңды тұлғалар үшін  – жеті жүз айлық есептік көрсеткіш  емес, екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар  үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіш  емес бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша сомаларын
өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша қаралуы. Сондай-ақ,  заң жобасы қабылданса, істі мәні  бойынша оңайлатылған іс жүргізу  тәртібімен шешкен кезде сот кіріспе  және қарар бөліктерінен тұратын  қысқаша шешім шығарады. Мұның  барлығы күрделі емес істерге судьяның уақытын аз жұмсап, күрделі  істерді жан-жақты, толық, сапалы  қарауға әсерін тигізеді.

Талап қоюды қамтамасыз ету  сұрақтары бойынша да артық сот  рәсімдері мен шығындары қысқартылып, талап қоюды қамтамасыз  ету туралы соттың ұйғарымы шығарылған күнінен бастап бір жыл өткен  соң орындалуға жатпайды, ал сот
қабылдаған шаралар өзінің қолданысын тоқтатады. Іс бойынша іс жүргізу  тоқтатылған, талап-арыз қараусыз  қалдырылған жағдайда, талап-арызды  қайтару кезінде талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар  сот ұйғарымы заңды күшіне енгенге  дейін өз күшін сақтайды. Талап қоюды  қамтамасыз ету немесе қамтамасыз  ету шарасының қолданылу мерзімін  ұзарту туралы арызды судья іске қа- тысатын адамдарға, төрелік талқылау  тараптарына хабарламай, сот отыры-
сын өткізбей қарайды және шешеді.  Енгізілетін жаңа нормалар бойынша су- дья шешімді түсіндіру туралы мәселені  де сот отырысын өткізбестен шешеді.

Процеске  қатысушылардың  жауапкершілігін  арттыру

Кодекс сот приставының және аудармашының ұғымы, өкілеттігі, құқығы мен міндеті қаралған 56-3 және  56-4-баптармен толықтырылады. Мұндай нормалар қылмыстық процестік  заңнамада бұрыннан бар.

Кодекс толықтырылатын187-­­1-баптың 3-бөлігінің талаптарына сәйкес,  сот талқылауы барысын аудио-­және  бейнежазу осы кодекстің 19-бабы  жетінші бөлігінің қағидалары бойынша  жүзеге асырылады, олардың сақталмауы кейіннен пайдалану мен тарату  мүмкіндігін жоққа шығарады және  кінәлі адамды сотқа құрметтемеушілік  білдіргені үшін жауапқа тартуға негіз  болып табылады. Ал жаңадан жазылатын 194-баптың бірінші абзацының  редакциясы бойынша төрағалық етуші  іске қатысатын адамдарға құқығы мен  міндетін түсіндірумен қатар, заңдарда  белгіленген процестік міндеттерді  орындамағаны және осы кодексте  көзделген процестік салдардың болға- ны үшін жауаптылық туралы ескертеді. Заңның сапалы болуы қоғамның
белсенділігіне тікелей байланысты.  Соған орай кодекске енгізілетін жекелеген өзгерістер мен толықтыруларды  талқылауға белсенді қатысып, азаматтық көзқарас танытуға шақырамыз.

Б.ЕЛШІБЕКОВ,
Қызылорда облысының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының төрағасы

Комментарий