Мәдениет | Культура

АБАЙ ФЕНОМЕНІ

 ЕЛІМІЗДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ, АҚЫН, ФИЛОСОФ, ҒҰЛАМА АБАЙ ҚҰНАН- БАЙҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 175 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ МЕМЛЕКЕТ КӨЛЕМІНДЕ  ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКІЗІЛЕТІН АУҚЫМДЫ ІС-ШАРАЛАР БАСТАЛЫП КЕТТІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВТЫҢ «АБАЙ ЖӘНЕ ХХI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ МАҚАЛАСЫ ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ҚОЛДАУ ТАБУДА.

Абай атамыздың телегей-теңіз мұрасы ғасырлар тоғысында қазақ сахарасында ғана емес, халықаралық, дүниежүзілік танымдыққа ие болып, аспан кеңістігінде «Абай әлемі» деген жұлдыз болып жарқырап тұр. Уақыт өткен сайын аталған жұлдыздың шуағы шамшырақтай от алып, сәулесі нұр болып төгілуде. Ұлттық өнер, құндылықтар деген асылдарымызды саралап, түгендегенде ұлы  Абай бейнесін еске аламыз, оның таудай талантына, кемеңгер болмысына жүгінеміз.

Абай әлемі – сарқылмайтын бұлақ, таусылмайтын қазына. Абайдың заты – тегі терең тұлға, Абайдың аты – халқымыздың төлқұжаты. Ұлы ақынның өмірден озғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі Күн мен Ай алмасқан сайын туған
халқына, туған ұлтына жақындай түсуде.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туы тө- бемізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың  жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді. Замана  атты ұлы күштің, феодализм дәуірінің құрсауында қалып қоймай, ұлы бабамыз ұлтының бүгіні мен ертеңіне, болашағына алаңдады. Ол өзінің тәніне ғана емес, жанына тиген ауыр жарақатқа
қарамастан туған халқын қараңғылықтың бұғауын бұзып, жарқын күндердің шуағына бөленетін  жолдарды іздестіруге шақырды. Ол тіршілік мақсаты мен мұраты – ілім мен ғылымда деген берік тоқтамға келді.

Әрине, жас Абайдың әділ, адалдық, адамгершілік жолды таңдап алуына жаратылысы бөлек, тегі терең, өз дәуірінің даңқты перзенті – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы үлкен ықпал етті. Даланың дарынды ұлы, беделінен «ат үріккен» Құнанбай бабамыз ұлының талабын жанарынан танып, оның білім алуына  жағдай жасады. Әйел деп аталатын  алыптың асыл қасиеттерін бойына  жинай білген, қазақ сахарасының  киесі Зере анамыздың құшағында қамықпай күн кешкен бала Абай  зерделі болып өсті. Мейірбан жанның жүрек лүпілі сүйікті немересінің  санасына мейірімділік пен құштарлықтың дәнін екті. Атақты емес,
арды ойлаған Ұлжан анамыздың ақ сүтімен берілген шексіз махаббаты  перзентінің бойына адал күш болып таралды…

Біз ғұмыр кешіп жатқан XXI ғасырда ұлы Абай атамыздың асыл мұраларының ғибраттары бізге ауадай қажет болып отыр. Себебі, ұлы Абайдың өлеңдері, әндері, қара сөздері, аудармалары өмір сабақтарының нәтижесінде терең толғанумен  дүниеге келді.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас,
талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін» – деп жырлаған ұлы бабамыз өзінің арманының, мұратының жемісін болашақтан, туар ұрпақтан күтті.

Ол тар заманның, ұлтаралық қақтығыстардың, қараңғы қоғамның зәрлі заңдылықтарына қарсы тұратын, замандастарының санасына сәуле түсіремін деген әрекеттері үшін сол қоғамның талқысына түсті. Әсем  сөзінің, алтын басының қасиеттері
бағаланбай, қарсылыққа ұшырады. Бірақ, ұлы ойшыл сөзінің дұрыс, ісінің тура екеніне ешбір күмәнданбады, себебі, олар болашаққа жолданған  арнау еді.

«Атадан алтау,
Анадан төртеу
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп
Сөзімді ұғар елім жоқ
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым – тап шыным!» – деген жасампаз жолдар ұлы ақынның сондай бір күйінген, шарасыздыққа душар болған күндерінде дүниеге  келген шығар.

Келер ұрпақ, жарқын болашақ үшін  ұлы Абай мұрасының құндылығын, қажеттілігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Біз сөз зергері, арнайы маман емеспіз.  Осы айтулы кезеңде көтеріліп отырған мәселеге өзіндік үн қосу үшін, өз  ойымызды білдіру үшін ақ қағазға түскен жолдар еді, бұл. Ежелгі Шығыс классиктері Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиздің алтын  бастауынан сусындаған, орыстың  Л.Толстой, А.Пушкин, М.Лермонтов,  И.Крылов сияқты жұлдыздарының  жырынан нәр алған, Батыстың Д.Байрон, И.Гете, С.Гросс сияқты ғажап  өнер иелерінің шығармаларын оқып,  зерделеген Абай бабамыз қазақтың  мүлгіп жатқан сахарасына жаңа леп,  жарық күннің сәулесін әкелді. Ұлы  Абай аталған ғұламалардың мол  мұраларымен зор ықыласпен танысып, өзінің өшпес еңбектеріне арқау  етіп, жақұт жырларын жазды.

Абай өмір сүрген кезең рулық,  ұлтаралық қақтығыстардың өршіген,  байлық пен билікке ұмтылған топтардың тартысына толы заман еді.  Ақынның асыл сөздерін, толғаулы  тоқтамдарын ешкім естімеді, естігісі де келмеді. Ел ісіне араласқан қадамдары сәтсіздікке ұшырады…

Данышпан Абайдың мол мұрасының кәусар бұлағы – оның таңғажайып жырларынан басқа зерделі ойдың, айдынды ақылдың тереңінен тамыр тартқан – қара сөздері де  екені даусыз ақиқат. Талмай ізденудің, оқығанын «көңілге тоқығанның»,  өмір тәжірибелерінен алған сабақта-рын қорытындылаудың нәтижесінде қағазға түскен осы шығарманы келер ұрпаққа айтылған өсиет деп те, даналықтың бастауы деп те, қайталанбас талант иесінің қолтаңбасы деп те бағалауға болады. Адамның бойындағы асыл қасиеттер мен  кемшіліктердің, байлықтың базарымен кедейшіліктің  кесірінің оның өміріне қаншалықты әсер
ететінін, қандай салдарларға жолықтыруы мүмкін екенін  осы жолдардан ұғынасыз. Баққан мал  мен жиған дүниенің  рухани құндылығы  жоқ екенін, надандықтан арылудың  бірден – бір жолы білім мен ғылымға  ұмтылу екенін жастарға аманат ретін-
де ұсынады.

Биліктің қадір-қасиетін бағалау қажет. Адал жолмен болыс болып сайланбаған  адам халыққа адал қызмет жасамайды,
өз басының қарекеттерінен артыла алмайды. Қазақтың қайғысы мал болған. Қазақ тыныштық үшін,  ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ, мал үшін қам жейді екен. Адал еңбекпен тапқан мал берекелі болады,  бірлікке бастайды.

Абай бір сөзінде «Біздің қазақтың  достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» – деген ой қорытыпты. Бұл ойды  өз халқын кемсіту үшін емес, керісінше жаны ашығандықтан, тығырықтан шығудың жолын көрсетуге деген талпыныстан туған әділетті көзқарас деп  ұғынамыз.

Жиырма жетінше сөзінде Сократ, Аристотель сияқты ежелгі Рим ойшылдарының есімдерін атай отырып, ғұлама Абай өзінің білім мен  ғылым жолында талмай еңбектенгенін, сол арқылы туған халқына  қызмет етудің үлгісін көрсетеді. Мал  жұтайды. Білім мен ғылым жұтамайды. Білім мен ғылымға алғашқы  қадам талаптанудан басталады.  Өнерлі болуға ұмтылу қажет.

Отыз жетінші сөзге тоқталайықшы.  Тұнып тұрған қазына емес пе. Оқы,  үйрен, зерделеп көр де, керегіңе жарат. Бұл жолдар осыдан жүз жиырма  жыл бұрын жазылғанына қарамастан,  біздің бүгінгі тыныс-тіршілігіміз үшін  айтылғандай сезінесің. Даналықтың,  ойшылдықтың, ғұламалықтың шегі  жоқ деген осы шығар.

«Әкенің баласы – адамның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың». Өз кезегінде Елбасы Н.Назарбаев пен  мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан халықтарының достығынан,  ұлтаралық татулықтан асқан байлық  жоқ» – деп атап көрсетті емес пе!?

Адамдар арасындағы құндылықтар қандай өлшеммен бағаланады? Өсіп, толған, болған адамның қоғамдағы орны қандай қасиеттермен ерекшеленеді? Бар болған адам  бір күні «жоқ болып қаламын-ау» – деп ойлана ма?

Адамға байлық емес, дос, бауыр қажет деген өсиетті қуаттайды Абай  атамыз. «Жаман дос – көлеңке,  басыңды күн шалса, қашып құтыла  алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың». Осы қасиетті жолдарды ұлы ғұлама тектен-текке
жазбаған шығар. Өз басынан өткен  дәуірдің көлеңке тұстары болашақта қайталанбаса екен деп тілеген болар.

Абай данамыз келер жас ұрпақты  «жүрегімнің қуаты, перзенттерім» – деп бағалайды. Айтылған сөз, жазылған жауһар ойлары бірінші кезекте  соларға бағытталады. Жат мінез-құлықтан аулақ болудың нақты жолда-рын меңзейді.

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек:  Әуелі – надандық, екінші – еріншектік,  үшінші – залымдық деп білесің» – деп  толғайды ұлы ғұлама. XXI ғасырда өмір сүріп жатқан азаматтар үшін, әсіресе жас толқын үшін
осы айтылған өсиеттердің құндылығына ешкім де шек келтіре алмайтын шығар. Ішіп-жеудің де, ойнап-күлудің де, мал жинаудың да, мансапқа  ұмтылудың да, айлалы болудың да  өзінің өлшеуі бар. Осы шеңберден  шығуға болмайды деген ой орамдары  адамзат баласын қанағатты, салауатты, қайырымды болуға шақырады  емес пе?

«Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім» – деген жолдар адам баласының теңдесі жоқ, шоқтығы биік жаратылыс екенін, сүйіспеншілік, мейірбандық, сұлулық  сияқты қасиеттер тек соларға ғана тән  екенін дәріптейді.Біз өз ойымызды білдірдік. Ал,  Абай бабамыздың қара сөздерінің қасиеті мен құндылығы туралы зерделеуді ғалым бауырларымыздың
еншісіне қалдырайық. Жоғарыда айтылғандай, Абай  атамыз өмір сүрген дәуір де қоғамның белгілі бір заңдылықтарына
негізделіп дамыды, билік пен қарсылықтардың нәтижесінде әлеуметтік ахуал қалыптасты.

Тонау мен зорлыққа, әділетсіздікке талай рет куә болған Абай  һәкім билік ісіне араласу арқылы айтылған келеңсіздіктерді
жоюдың жолдарын қарастырады. Бірақ билеуші топтар оның сөзін  тыңдамады,  өз әрекет терін жалғастыра берді.  Әділетсіз заманның ызғары ұлы ақының жанына жара салды, жылуға толы жүрегін  тоңдырды.

«Қалың елім, қазағым,  қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» – деп басталатын ақынның атақты жыры сол дәуірдің ащы шындығын айқын көрсетеді.
Кез келген қоғамдық экономика-лық формацияда билік мәселесі өте күрделі процесс болғаны дау тудырмайды.

«Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады, елге тығындап» –
деген жолдар билікке таласқан атқамі нерлердің бар болмысын, бетпердесін айқындайды.

Бар малын шығындап, билікке қолы жеткен адам халықтың қамын,  жағдайын емес, кеткен шығынның  орнын толтыруды ойлайды. Осы  жолда ол талай айлаға, әрекетке,  тіпті күш қолдануға дейін барады.  Ал ауыртпалықтың арқаны төменгі  топтың, кедей сорлының мойнына  түседі.

Абай болыс та болып көрді. Алайда теперіш пен қарсылықты бірінші  кезекте байлықтың буына семірген  өзінің жақындарынан, екінші кезекте  елдің есебінен болып, толған байманаптардан көрді.

Жалпы Абай атамыз билік, қоғамдық қатынастар туралы көп ойланғанын, толғанғандығын оның шығармаларымен таныса отырып, байқауға  болды. Ұлы ғұлама өзінің үшінші  қара сөзінде «Бұл билік деген біздің  қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің
қолынан келмейді. Бұған бұрынғы  Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім  ханың «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның  «Құл төбенің басындағы күнде кеңес»  болғанда «Жеті жарғысын» білмек  керек» – деп ой қорытыпты.

Айтылған жағдайдан ұлы һәкімнің  өткен дәуірлердегі биліктің бастаулары туралы ережелер жинағын зерделеп, олардан өзінің көңіліне қонатын  ғибрат алғанын ұғынуға болады. Ерекше тоқталатын бір мәселе,  Семей губерниясына қарасты бес
ояздың би-болыстары, ел билеуші  манаптары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде 1885 жылдың мамырында  өткен съезінде қабылданған 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын  заң нұсқасы. Осы заң нұсқасын жазып, дайындаған Абай Құнанбайұлы  болатын.

Съезді Семейдің генерал-губернаторы Цеклинский басқарады. Съезд барысында Семей қазақтары үшін  қылмысты істерге қарсы арнайы заң  ережесін қабылдауды ұйғарады.  Цеклинский Абаймен жолыққанда,  Абай жалпы қазақ даласын орыс
заңдарымен ғана басқаруға болмай- тынын, бұл халықтың өзіндің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға  ғасырлар бойы мирас болып келе  жатқан әдет-ғұрып, заңдары барлығын, көп мәселелерді осы заңдардың негізінде шешуге болатындығын
айтады. Бұл кезде Абайдың басына  қара бұлт үйіріліп, кейбір атқамінерлер Абайды осы жиында құртамыз  деп келген екен. Керісінше, Абай  патша ұлықтарымен жолыққаннан  кейін оның зерек, терең білімді адам  екеніне көздері жетіп, адалдығы мен
адамгершілігіне тәнті болып, әлгі  адамдар Абайды Төбе би етіп сайлайды.

Абай бабамыз қасына бірнеше  адам алып, үш күн ішінде аталған заң  жинағын дайындаған. «Ережелерді»  әзірлегенде Абай атамыз қазақтың  бұрынғы заңдарын ғана емес, орыс  заңдарын да жетік меңгеріп, оларды  үйлесімді пайдаланып, сол дәуірдегі  қазақ қоғамына қажетті заңдар жинағын жазып шыққан. Аталған заң  билер талқысынан өтіп, Қарамола  съезінде арнайы заң ретінде қабылданған. Бұл «Ереже» 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында  араб әрпімен басылып, мұқият түптелген шағын кітапша ретінде шығарылған. Осы қысқаша ақпаратты келтіре отырып, Абай һәкімнің тек ақын,
философ ғана емес, сол дәуірдегі  белгілі бір топтың, халықтың мұратын,  мүддесін қорғаған қоғам қайраткері  болғанын да анық байқауға болады.

Енді Абай Құнанбайұлының мұрасының құндылы…ойлаймыз. Себебі ол халық «адамзаттың алыбы, адамзаттың Абайы» деп
таныған абзал тұлға, ұлт мақтанышы.

Заманымыздың заңғар жазушысы  М. Әуезовтың «Абай жолы» романы  арқылы Абайды әлем таныды. Танып  қана қоймай қазақ халқының рухани  қазынасымен сусындап, Абай образы  арқылы ұлтымыздың ұлы перзенттері  туралы, әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы тың ақпараттар алды. Мұнан  шығатын қорытынды, Абай атамыз  тек қазақ ұлтының мақтанышы болып
қалмай, «көзі ашық, көкірегі ояу»,  танымдыққа ұмтылған бүкіл әлем  халқының ой, санасына жарқын сәуле  сыйлады, жаңа серпін берді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абайды жаңа  Қазақстанның бренді ретінде әлем  жұртшылығына кеңінен таныстыру  қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі  борышы» – деп атап көрсе…

 АБАЙ – қазақтың бренді. Шетелдіктер қазақты  Абай арқылы таниды, ақынның жырлары арқылы  бағалайды. Биыл алып тұлғаның 175 жылдық ме- рейтойы салтанатпен аталып жатыр. Соған орай  Жоғарғы Соттың бастамасымен Абай шығармала-
рын дәріптеуді, насихаттауды мақсат еткен әдемі  байқау жарияланбақшы. Байқаудың шарттары «Заң газетінің»  алдағы номерлерінде жарық  көреді. Ең бастысы бұл байқау  мерейтой шеңберінде өтетін  науқандық шаралардың қатарында қалмай, жыл сайын жалғасатын,  дәстүрге айналатын айшықты дүние  болса деп тілейміз!

РЕДАКЦИЯДАН

 

 

Комментарий