Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Іңкәр ЖАНӘДІЛҚЫЗЫ, «Q-Satti Almaty» қоғамдық қорының президенті: «КЕМТАР БАҚҚАН АНАНЫҢ ҚАСІРЕТІН ТҮСІНБЕЙМІЗ»

Ресми деректерге сүйенсек,  әлемдегі халықтың 15 пайызға  жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар  екен. Олардың ішінде жүре келе жарымжан болып қалғандардан гөрі,  дүниеге мүгедек болып келгендер  қатары жыл санап артып барады. Дертті жандарға мүмкіндік  беретін қайырымдылық қорлар  елімізде аз емес. Олардың пайдасы бар ма, ықпалы қандай? «Q-Satti  Almaty» қоғамдық қорының президенті Іңкәр ЖАНӘДІЛҚЫЗЫМЕН  болған әңгімеміз осы сауалдардан  басталды.

– «Бақытты отбасы» орталығынан  көмек алатындар арасында тек көпбалалы отбасылар емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар  өте көп. Кейбір шаңырақта бір емес,  бірнеше «ерекше» бала тәрбиелеп  отырғандар кездеседі. Жалпы, жарымжан баланың бабын табу оңай дей алмаймыз. Дені сау балаға қарағанда  оған екі есе күтім мен айрықша жағдай  қажет. Мүмкіндігі шектеулі баласы  бар аналар көбіне тек бала күтіміне қарап жұмыссыз үйде отырады. Өзінің
қамқорлығына мұқтаж баланы ойлаған  ананың алаңсыз жұмыс істеуі мүмкін  емес. Соған орай «Бақытты отбасымен» бірігіп аналардың қатысуымен  дөңгелек үстел өткіздік. Ол жиында  мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеу кезіндегі қиыншылықтар, үкімет  тарапынан берілетін көмектер жайлы  ақпараттар айтылды. Қоғамнан қолдау  күткен аналарға мұндай шаралардың
берері мол.

«Бақытты отбасы» орталығында  қызмет көрсететін заңгерлер құжаттарды рәсімдеу жағынан аналарымызға көп көмектесті. Сонымен  бірге мәселесін шешуге тиіс құзырлы орындарға жол сілтеп, бағыт бердік. Мұндағы жұмысқа қаныққан  аналар осы орталықтан бөлек тек мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тағы бір орталық болғанын қалайды. Себебі елімізде осындай
ерекше балаларға арналған орталықтар жоқтың қасы.

Көптеген аналар баласына диагноз қойылған күннен бастап күйзеліске түседі. Статистика бойынша,  әсіресе, жас аналардың балаларына  мүгедектік диагнозы жиі қойылады екен. Жаңа өмір бастаған, бала тәрбиелеудің оң-солын білмеген  аналарға мұндай хабарды есту де, қабылдау да оңай болмайды. Осындайда жас аналарға сөз көмегін беріп, қолдау көрсететін орталықтың болғаны, әрине, орынды.  Біздің медицинаның бір осал жері  – шарананың денсаулығынан кінәрат байқалса, бірден алдырып тастауға  кеңес береді. Түсік жасатумен мәселе шешілетіндей көреді. Ал, ананы психологиялық қолдау, кеңес беру мүлде  назардан тыс қалған. Бұл дәрігерлер  тарапынан кететін өрескел қателік.  Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларға
арналған күндізгі бала-бақшалар  ашылып жатыр. Дімкәс баланың бетіне қараумен өмірі өтіп жатқан аналарға бұл үлкен көмек.

– Өзіңіз құрған қоғамдық қор  атауының өзі ерекше екен. Бұл нені  білдіреді?

– Иә, Q дегеннің өзі, қамқорлық, қайырымдылық, қадам деген  мейірімділікке толы адам жанына  жылылық ұялататын құдіретті сөздердің бас әрпі. Сол себептен адам  бойынан табылатын осындай ерекше  қасиеттер сәттілік әкелсін, қайырымды
қарапайым адамдар мұқтаждарға қол  ұшын берсін деген ниетпен қоғамдық  қорымызды «Q Сәтті қоғамдық қоры»  деп атадық.

Қордың ашылғанына небәрі бір жылға жуық уақыт болғандықтан «Бақытты отбасынан» басқа орталықтармен жұмыс жасап үлгермедік.  Біздің қорға қолдау білдіріп отырған  Әуезов және Медеу ауданының әкімдігімен тығыз байланыстамыз. Мүм-
кіндігі шектеулі балалармен жұмыс  жасауда Әуезов ауданы әкімдігінің  қолдауымен «Бақытты отбасы» орталығынан арнайы кеңсе алдық. Әкімдік  қаржылай да қол ұшын созуда. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балаларға  арнап мерекелік шаралар ұйымдастыруға көмектеседі.

Бізден қолдау сұраған аналар  жәрдемақыны көбейту керек дегенді  жиі айтады. Талап сол ақшамен шек- теліп жатады. Мен онымен келіспеймін. Себебі, жәрдемақыны былай  қойғанда, мүмкіндігі шектеулі балалардың болашағына да жағдай жа-
сауымыз керек. Біздің қордың басты  мақсаты кемтар баласы бар аналардың басын біріктіріп, заңға өзгеріс  енгізу. Ерекше балалардың мектепке  баруы, такси, автобус секілді қоғамдық көліктермен жүруі де қиындық  тудырмайтындай шешілуі керек.
Осылайша ана мен баланы қоғамға  бейімдеу керек. Бұдан бөлек, үй алдындағы ойын алаңдары да мүм- кіндігі шектеулі балаларға қолайлы  емес. Тіпті алаңға барып, өзі қатарлы балалармен ойнағысы келген мүгедектерге қиыс қарайтындар бар-
шылық. Мүмкіндігі шектеулі жандар  өзін жайлы сезінсін десек, осы суық көзқарастан арылған абзал.

– Q Сәтті қоғамдық қорын ашуыңызға не түрткі болды?

– Негізінде мен өзім де мүмкіндігі  шектеулі бала тәрбиелеп отырған  ананың бірімін. Осы уақытқа дейін  баламен жүргенде көп кедергілерге тап болатынмын. Менің балам,  Аллаға шүкір, жүреді. Соның өзінде қиналатын тұстарымыз аз емес.  Мәселен, аурухана, сауда үйлері, үлкен мекемелердің алдында мүгедектер көлігін қою үшін арнайы орын  белгіленген. Алайда, жарымжан  баламды сүйреп жүрген мен секілді  аналар ол орынға көлігін қоя алмайды. Өйткені, мүгедек мен емес, балам! Осы мәселе шешілсе, баласын ауруханаға тасыған аналарға үлкен  көмек болары сөзсіз.

«Жалғыздың үні шықпас» дегендей, дәл қазір бес-он ананың өтінішін  арқалап, құзырлы орындарға бара  алмаймыз. Сол үшін қорға келген аналардың басын қосып, ұсыныстардың ең маңыздыларын іріктеп Алматы қаласының әкімдігіне өтініш жасау
ойымызда бар.

«Бақытты отбасы» орталығында  жұмыс істеген кезде жас кәсіпкер аналарға гранттар бөлінді. Сол уақытта да мүмкіндігі шектеулі баласы үшін үйден шыға алмайтын аналар көпте-ген сұрақ қойды. Олар басқа аналар секілді өздерінің кәсіп ашқысы келетінін айтып, ақтарылды. Сонымен қатар, аналар балаларын апаруға  болатын үйірмелер ашылса деген  өтініштерін жеткізді. Денсаулығында  кінәрат болғанымен, ол балалар да  ән айтып, сурет салғанды, би билеп, спортпен шұғылданғанды армандайды. Өкініштісі, олардың өз тұстастары  секілді үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі  жоқ. Осыған орай, домбыраны үйден
үйретуге, жарымжан балалардың  талантын танып, талабын шыңдауға  көңіл бөлінсе дейді. Біздің қорымыз  осы мәселелерді шешудің жолдарын  іздеп жатыр.

– Сауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Гүлжанат МАРАТҚЫЗЫ

Комментарий