Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

АЛДАНҒАНДАР АҚШАСЫН КІМНЕН АЛАДЫ?

Ақтөбеде «Gold» компаниясына қаржы салып, алданып қалғандар көп.  Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам тұрғын ақшасын ала алмай, сенделіп жүр.

– «Gold» компаниясына 600 мың теңге салдым. Қаржымды бір аптаның  ішінде екі есе көбейтіп береміз деген. Алайда өткен жұма күні кеңсе жабылып қалды. Компания туралы таныстарымнан білдім. Олар өздерінің ақша салып, еселеп қайтарып алып жатқандарын айтты. Қазір бұл жерде олардың бірде-бірі жоқ,– деді салымшылардың бірі Гүлжан Өмірзақова.

Жиған-тергенін алаяқтарға беріп, соңында жер сипап қалғандар қазір компания кеңсесінің маңын торуылдап жүр.

– WhatsApp желісіндегі топқа қосылып, 600 мың теңге салдым. Менен  кейін бірнеше адам тіркелгендіктен, бір жетінің ішінде салған ақшамды екі есе көбейтіп алуым керек еді. Бұған дейін банктен алған 1,5 млн теңге несием  бар болатын. Тағы ақша алдым. «Бір жетінің ішінде ақшаға қарық боласың» деген. Нағашым осындай компаниялардың біріне 2 млн 200 мың теңге салып, ай сайын 450 мың теңге алып отыр. Ол қалыпты жұмыс істеп жатыр. Мен оны тыңдамай, ақшамды «Gold»компаниясына салдым. Бірақ қаржымды алуға үлгермей қалдым. Тапқан пайдамның 100 мың теңгесін көмектескен
адамдарға «орамалы» ретінде беруім керек. Топта 100 адам болған. Қазір топ админі барлығын жауып тастады. Онымен хабарласа алмай отырмыз. Кімнің  үстінен арыз жазарымызды білмейміз, – дейді Қайыржан Жұмашев.

Қаржы пирамидасының басшылары бүгінде екі айға қамалған. Ресей  Федерациясының екі азаматына қатысты ҚР ҚК-нің 217-бабы «Қаржылық  (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Салымшылардың көбі ұсталғандардың кінәсіз екендігіне сенімді.  Сол себепті олар полицияға арызданғысы келмейді. Айтуларынша, ақшаны
кассирлердің бірі алып кеткен. Бар мәселе содан кейін басталған көрінеді.

– Қазір мұны алаяқтық, қаржы пирамидасы деп отыр. Олардың кеңсесі  бұған дейін Әбілқайыр хан даңғылында болды. Сол кезде әкімдік, прокуратура мен басқа құзырлы органдар не қарап отырды? «Gold» компаниясының  жұмыс істеп жатқанын, қашама адамның ақша салып жатқанын білді ғой. Ал-дын ала халыққа неге ескертпеді? Енді халықты теңселтіп қойды. Ешкім бұл  жерде еріккеннен жүрген жоқ. Компанияны сол кезде жапқанда, мұнша адам  зардап шекпес еді… Басшылықты босатсын! Ең болмаса халықтың ақшасын  қайтарсын. Өйткені бұған дейін ақшасын қайтарып алған адамдар бар. Мен 1 млн 800 мың теңге салдым. Несие алдық, қарызға да баттық. Қазір ешқандай келісімшартсыз ақшаны алып кеткен кассирдің кесірінен қаншама адам  зардап шегіп жатыр,– дейді аты-жөнін атағысы келмеген салымшының бірі.

Полицейлердің мәліметінше, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ұйым  кеңсесінде тінту жүргізіліп, құжаттама мен компьютерлік техника тәркіленген.

– «Gold» компаниясы ресми түрде Алматыда Юрий Черняев деген азаматтың атына тіркелген. Ал, ұсталғандардың бірі Ақтөбедегі бөлімшенің  басқарушы директоры, екіншісі кеңесші болып жұмыс істеген. Бірақ, олардың  келісімшартта қолы жоқ. Бүгінгі күні зардап шеккендердің саны 10-15 мың адамға жетті. Келген шығын да көп. Салымшылар 300 мыңнан 7 млн теңгеге
дейін ақша салған. Тәркіленген компьютерлерде зардап шеккендердің аты-жөні бар. Біз сол бойынша жұмыс істейміз. Қаржы пирамидасының әрекетінен  зардап шеккен тұрғындардың полицияға шағымдануын сұраймыз, – дейді  облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары С.Аисов.

Тексеру кезінде компанияда да, оның басшыларында да ешқандай банк  есепшоты жоқ екені анықталды. Ал, ресми түрде аталған компания зергерлік  бұйымдар саласында қызмет көрсетумен айналысқан.

– Тінту кезінде келісімшарттар тәркіленді. Адамдар келісімшартқа назар аудармаған. Компанияда бухгалтерлік есеп жүргізілмеген. Тек компьютерге салымшылардың аты-жөні жазылып, ақшаны сейфке салған. Қаржыны кассирлер қабылдаған. Ал, кешкілік екі адам келіп, түскен ақшаны алып кетіп отырған. Біз кеңседен көп қаржы тәркіледік. Компанияның жарнамалық буклетінде  оның маркетингтік жоспары мен инвестициялық жоспары жазылған. Онда  адамдарға 50-60 пайыз пайда табуға уәде берген. Банктерден мұндай табыс  түспейді. Бұл – қаржылық пирамида белгісі, – дейді Самат Аисов.

Оның айтуынша, қазір қылмыстық іс Бас прокуратура мен ІІМ бақылауында.

– Көпшілігі аталған ұйымның қызметін бастапқы сатыда неге тоқтатпаған  деп сұрап жатыр. Бұл компанияның қызметін тоқтату үшін алдымен тексеру  жұмыстарын жүргізу керек . Ұлттық банктен және салық органдарынан аталған  компанияның қаржылық қызметпен айналысуға құқығы бар-жоғын сұраттық.  Кейін Ресей азаматтарының банкте ешқандай есепшоты жоқтығы туралы  ресми ақпарат алдық, – деді ол.

Полицейлер қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті туралы тұрғындарға  алдын ала ескерткен. Соның өзінде қазір «Gold» компаниясынан бөлек бірнеше компания осыған ұқсас жүйемен жұмыс істеуде. Құзырлы органдар бұл  ұйымдардың да жұмысы тексеріліп жатқанын айтты.

Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАС

Комментарий