Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ЗАҢ ЖОБАСЫ СОТ ШЕШІМІНІҢ САПАСЫН КӨТЕРУДІ КӨЗДЕЙДІ

Заңсыздықтан зардап шеккен азаматтың ең соңғы үміті – сот. Біздің елімізде сот арқылы мәселесін  шешіп жүргендер көп. Өкінішке орай, олардың арасында соттан әділ шешім таппайтындары да бар. Бұған  себеп жетерлік. Соның бірі – азаматтардың құқықтық сауатының төмендігі. Мұндайда оларға көмек қолын  созатындар жоқтың қасы. Ал, осының бәрін көріп, біліп отырған судья дәрменсіз, өйткені ол белгіленген қасаң тәртіптен аса алмайды. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қалалық сотында өткен Парламент  Мәжілісі депутаттары жұмыс тобының көшпелі отырысында айтылды.

Мәжіліс,Жоғарғы Сот,Бас прокуратура, Әділет министрлігі аппаратының  жауапты қызметкерлері, республикалық нотариаттық және жеке сот  орындаушылары палаталарының жетекшілері қатысқан жиында аталмыш жағдайдан шығудың мүмкіндіктері қарастырылды.Яғни, онда соттарға азаматтардың құқын толыққанды қорғауға жол ашатын заманауи форматтарды енгізу, артық сот рәсімдері мен шығыстарын қысқарту мәселелері бойынша Азаматтық процестік кодекске енгізілетін түзетулер жан-жақты талқыланды.

Жиын тізгінін ұстаған Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Таймерденовтың  айтуынша, жалпы 2018–2019 жылдары Азаматтық процестік кодекске (ары қарай АПК) енгізілген түзетулердің алғашқы екі пакеті өзінің тиімділігін дәлелдеді. Жеке сот орындаушылар әрекетін санкциялауды есептемегенде, тек нотариустар 2019 жылы 750 мыңнан астам атқару жазбасын рәсімдепті. АПК-нің бұрынғы нормасы қолданылған кезде бұл материалдар сотқа түсетін. Судьялар бүгінде бұл өзгерістің тиімділігін сезіне бастаған. Осы шаралардың арқасында азаматтық істер мен материалдарды қарау жүктемесі республика бойынша 31 пайызға, ал, елорда соттарында шамамен 41 пайызға азайыпты.

Жалпы ғылым кез келген жүйе үшін кіріс, үрдіс, шығыс болатынын дәлелдейді. Бұл заңдылық сот саласына да жат емес. Егер Азаматтық процестік кодекске бұған дейін жасалған түзетулер соттарға түсетін материалдар санын азайтса, үшінші қадамның маңыздылығы мен күрделілігі үрдістің ішкі мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Таймерденовтың айтуынша, бұл міндетті түрде шығыстың яғни ақырғы сот шешімінің сапасына әсер ететін болады. Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгісі азаматтық процестегі тараптардың араласқан жарыспалылығын қамтамасыз етуге және судьяның істі өз білгенінше қарап шешу құзыретін арттыруға бағытталып отыр. Сонымен қатар судьяның дәлелдерді жинақтау  үшін өз бастамасымен жекелеген  әрекеттер жасап, сот отырысында өзінің құқықтық ұстанымын білдіруіне заңдық негіз ұсынылды. Бұл әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай тараптар ұстанымы дер кезінде анықталып, даудың әділ шешілуіне жол ашады. Мысалы, Грузияда тараптар өздерінің талаптары неге негізделуі және қандай фактілермен бекітілуі керектігін өздері анықтайды. Тағы бір жаңалық сот процесіндегі жаңа коммуникация тәсілі болмақ. Онда судья тараптардың жағдайды одан әрі түсіндіруге немесе дәлелдерді одан әрі тексеруге қажеттілік барын анықтай алады. Мұндай тәжірибе Германияда бар екен. Онда судья тараптармен даудың дәлелдері мен заңдық аспектілерін талқылап, сұрақ қояды. Осылайша судья қолда бар деректер бойынша олардың дер кезінде жан-жақты түсінік беріп, шағым бойынша қосымша мәліметтердің толықтырылуын қамтамасыз етеді. Қолданыстағы заңнама бойынша судьялар дәлелдерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.  Бұл жағдай тәжірибеде көріп жүргеніміздей шешімдердің жиі бұзылып немесе өзгертілуіне алып келуде.

Жиында осы шаралар бойынша серпінді жоба жүзеге асырылып жатқан Нұрсұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов сөз алған болатын. Оның айтуынша, судья робот емес, ол да адам. Сондықтан ол сотқа келуші құқықтарының анық бұзылғанын көргенде қойылған талаптарды нақтылап, белгілі бір дәлелдерді келтіруге дайындық уақытын ұзартып, процессуалдық мерзімді қалпына келтіру арқылы көмектесе алады. Ал, қолданыстағы заң бойынша қазының мүмкіндігі шектеулі. Судьяның белсенділігін заңнамалық тұрғыда бекіту, барлық сот дауларына қатысушылардың құқығын 100 пайыз қорғайды.Отырыс барысында сөз алған депутаттар талқыланып отырған жаңашыл-дықтың өміршеңдігін атап өтті. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкованың пікірінше аталмыш заң жобасы азаматтық іс саласындағы сот қызметін едәуір деңгейде өзгертеді. Бірақ олар қоғам тарапынан әлі де көбірек талқылануы керек. Бұл ретте әсіресе, судьялардың жаңалықтарды қалай қабылдайтыны басты назарда болуы тиіс. Олар тәжірибеде қалай қолданылады, оған бейімделу үдерісі қалай жүрмек, осының бәрі толықтай зерделенуі тиіс. Осыған орай Мәжілістің салалық комитеті бірнеше айдан бері көшпелі отырыс өткізіп жатыр екен. Бүгінгі таңда осындай 15 бас қосу өтіпті.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

 

Комментарий