Экономика

Тендер тоқырауға ұшырай ма?

Қытайдан келетін импорттың жартысы (45,6%) жабдықтар мен механикалық құрылғылар, қазандықтар және электр машиналары болып келеді.  Олардың импорты инфрақұрылымдық жобалар мен үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, жолдар мен тұрғын үйлер құрылысы, өндіріс орындары мен цехтардың жабдықталуы үшін өте маңызды. Әсіресе Қытайдың арнайы техникасы құрылыс саласына көптеп қолданылады. Арнайы техниканы жаңартып отырмаса, құрылыс компаниялары ірі жобаларды іске асыра алмай қалуы мүмкін. Ал құрылыстың еліміздегі тендерлердің 80 пайызын құрайтынын ескерсек, онда сатып алулар алдында тұрған қауыптің көлеңкесін аңғаруға болады. Мұнымен қоса, “Коронавирус әлегінен мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды сатып алумен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдері көп зардап шегуі мүмкін” – дейді, қор сарапшылары.

“Егер сатып алу бюджеттері бұрыннан бекітілген болса және Қытайдан келетін тауарлар әлдеқайда қымбаттап кетсе, бекітілген бюджеттерге “симай қалу” қаупі бар. Шағын және орта бизнес субъектілерінің сатып алуға қатысудан бас тартуы мемлекеттік органдардың, холдингтердің және ұлттық компаниялардың бюджетті орындау және бағдарламаны іске асыру жоспарларын бұзады. Жалпы, бұл бизнеске де, мемлекетке де кері әсерін тигізеді”.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2018 жылы мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордегі тендерлердің жалпы көлемі 9,2 трлн теңгені құрады. Оның ішінде: мемлекеттік сатып алулар – 3,6 трлн, «Самұрық-Қазына» қоры – шамамен 5 трлн және басқа ұлттық компаниялар («Бәйтерек», «ҚазАгро» және басқалары) – шамамен 600 млрд. теңге. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көлемнің 3,4 пайызға артқанын ескерсек, 2020 жылы сатып алу көлемі 9 трлн теңгеден төмен түспейді деуге болады. Қазір Экономикалық бастамаларды дамыту қорының бағалауы бойынша, тендерлерге тікелей немесе жанама тартылған қытай тауарларының жылдық құны (жабдықтар, машиналар, арнайы құрал-жабдықтар, өлшеу және бақылау құралдары, электроника, резеңке, кеңсе тауарлары және т.б.) 600 миллиард теңгені құрайды. Сондықтан, Қытайдағы өндіріс тоқтап, немесе шекара жабылып жатса, елдегі тендер көлемі 6-7 пайызға қысқаруы мүмкін. Ол өз кезегінде экономикаға орта мерзімде жағымсыз әсер беретін болады.

Комментарий