Экономика

Неге халықтың басым бөлігі ақшасын доллар түрінде сақтамайтын болған – сарапшы жауабы

Доллар түріндегі депозиттерінің үлесі 2019 жылдың соңында көп жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке ие болып, 41,3% деңгейге жетті.

Халықтың доллар түріндегі депозиттерінің үлесі 2019 жылдың соңында көп жылдан бергі төменгі көрсеткішке ие болып, 41,3% деңгейге жетті. Бұл немен байланысты болуы мүмкін екенін Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы басқарушы директоры Олжас Төлеуов болжап, Телеграммдағы Tengenomika арнасында жазба жариялады.

Сарапшы атап өткендей, соңғы төрт ай қатарынан жеке тұлғалар депозиттегі долларын жаппай алып, оны өзге валютаға айналдыру үрдісі үздіксіз жалғасып жатыр. Бұл процестегі ең қызығы, теңгедегі депозиттер бойынша ставкалардың төмендігінде (2019 жылғы қыркүйек-желтоқсандағы көлемі 9,2% -дан 8,8% -ға азайған) және долларлық депозиттер бойынша ставкалардың өсуінде (бұрын 1% болса, дәл осы кезеңде 1% – 1,4%) болып тұр.

“Мұның тек бір себебі ғана бар. Адамдар бұрынғыдай енді оңды-солды девальвация болады дегенге сенбейді. Сондықтан доллар жинап, одан көп пайда таба алмайды. Ендеше олар ақшасын көбейтетін басқа амалдарды қарастырып жатқан болуы мүмкін”, – деп жазды Олжас Төлеуов.

Ал заңды тұлғаларда бұл процесс тұрақсыз. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша, заңды тұлғалардың доллардан арылу деңгейі 44,7% құраған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы, яғни 2018-де 49,3% болыпты. Бірақ 2019 жылдың мамыр айында ол өзінің ең төменгі шегі – 35,9% жеткен еді.

– Өткен жылдың ортасында заңды тұлғалардың депозиттердегі доллардан арылу деңгейі ең төменгі шек – 36% -ға дейін құлдырауы экономикадағы индикаторларға еш қатысы жоқ, ол елден едәуір капиталдың кетуімен байланысты болды. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстаннан ағылып сыртқа кеткен жеке капиталдың көлемі 3,7 млрд долларды құрады, бұл билік транзиті кезінде орын алған дүрбелең құбылыс болатын. Міне, қазір белгілі бір деңгейде күмән азайып, инвесторлардың (резиденттер де, резидент еместер де) көңіл-күйі жайланып, заңды тұлғалардың депозиттері мен олардың шетел валютасындағы салымдары тұтастай өсуде, – деп ойын қорытындылайды Олжас Төлеуов.

Комментарий