Бас тақырып | Тема дня

ҰЛТАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛДЫҢ ҚАЛАЙ АЛДЫН АЛАМЫЗ?

Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты ауылдардағы қазақ-дүңген қақтығысын тұрмыстық жанжал шеңберінде қарастырған жөн бе, әлде бұл ұлтаралық қақтығыс па? Құқық қорғау органдарының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете алмауына не себеп? Қазақстан халқы Ассамблеясының бұндай мәселелердегі ұстанымы қандай?

 

Қазақбай ҚАСЫМОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Мен мұны ұлтаралық қақтығыс деп есептемеймін. Бұл ұсақ-түйек тұрмыстық дауды дер кезінде шеше алмаған құқық қорғау органдарының кінәсінен болған жағдай. Полиция қызметкерлері әлі келмей жатса қосымша күш шақырып, жағдайды ауыздықтауға болатын еді ғой. Қазақстанда өмір сүретін әрбір этнос өкілі өздері тұрып жатқан жерді сыйлауы керек. Мен мұны бір ғана түрік халқының атынан емес, барша қазақстандық ұлт өкілдерінің атынан айтып отырмын. Қазақ халқының тарихына тағзым, тағдырына салауат айту әрбір этнос өкілінің парызы деп есептеймін. Осы сөзді жүрген жерімде әрдайым айтып жүрмін, айта да беремін. Ал, енді ел арасындағы бір-екі тентекті тәртіпке шақыра алмаған тәртіп сақшыларының дәрменсіздігіне келсем, олар өз міндеттерін дұрыс атқара алмағаны үшін жауап беруі керек. Онсыз да айналамызда «ізденісте» жүргендер толып жатыр. Еліміздің бейбітшілігі мен бірлігін көре алмайтындар жағдайды пайдаланып кетсе, кімді кінәлаймыз? Сондықтан мұны ұлтаралық қақтығыс деп ұлғайтпайық.

Айман УМАРОВА, адвокат:

– Ұлтаралық араздықтың алдың алу мемлекеттік деңгейде атқарылатын жұмыс. Әсіресе, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей міндеті. Олай болмайды екен, ондай ұйымның бізге керегі жоқ. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Ассамблея өздерінің жиындарын өткізіп, бірін-бірі мақтап, одан қалды, әндерін айтып, ұлттық билерін билеп концерт қоюдан басқа ештеңе тындырып жатқан жоқ. Оларға барлық жағдай жасалған. Өз тілдерінде сөйлесін, салт-дәстүрін сақтап, дамытсын, өссін, өнсін деп жатырмыз. Ассамблеяның ең бірінші міндеті – ел бірлігін сақтауға қызмет ету. Қай жерде көп
ұлтты халық тұрады, қай өңірде қандай этнос өкілдері басым – бәрін білулері керек. Біліп қана қоймай, сондай өңірлерге барып тұрулары керек қой.

Қазақбай ҚАСЫМОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Мен қазақ жерінде ұлтаралық алауыздық бар дегенмен келіспеймін. Қазақ халқы да, басқа ұлт өкілдері де татулықты, бірлікті қалайды. Жалпы, дүнгендер өте еңбекқор халық. Талай жылдан бері олардың біразымен бірге жұмыс істеп жүрмін. Жамандығын көрген емеспін. Ассамблея тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатыр деген сауалыңызға келсем, біздің өкілдер сол күні-ақ оқиға орнына барып келді. Ертеңіне Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен үлкен жиын өтті. Одан бөлек, зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында шаралар да қолға алынды. Жаңа ғана үлкен сөмкені киім-кешекке толтырып, тиісті жерге аттандыруға дайындап қойдым. Қолдан келгенше көмек беруге, жағдайды бейбіт жолмен шешуге дайынбыз. Біз Елбасының ел бірлігі саясатын қолдаймыз және қазақтың жерін де, халқын да құрметтейміз. Орын алған жағдайдың бейбіт жолмен шешілуі – бәріміздің ортақ мүддеміз.

Айман УМАРОВА, адвокат:

Әзірге олай ел аралап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендерді көрген жоқпын. Ал, Қордай жақта болған жағдайға келсек, мұның тамыры біз ойлағаннан да тереңде болуы мүмкін. Бұл жерде жаппай тұрғындарды кінәлауға болмайды. Мәселенің осынша ушығуына жол берген құқық қорғау органдарынан бастап, ауыл әкімдеріне дейін жауап беруі тиіс. Неге олар осы уақытқа дейін үнсіз
отырған? Бұл жергілікті билік осы уақытқа дейін талай келеңсіздіктерді жылы жауып, жоғарыға «бәрі жақсы» деп өтірік есеп беріп келген деген сөз. Яғни, атқарушы билік ел арасында идеологиялық жұмыс жүргізбеген. Жалпы, бұл жағдай жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда күмәнді жәйттар көп. Мысалы, полициямен болған қақтығысты алайық, дәл сол көріністің алдында не болды? Оның ақыры немен аяқталды, білмейміз. Барлығы жіті зерттеуді, саралауды қажет етеді. Бұл жерде арандатушылық та бар. Өз басым, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мырза аз уақыттың ішінде біраз оңды реформаларды жасап үлгерді деп санаймын. Заң қазаққа да, дүнгенге де бірдей. Оған бағынбағандар лайықты жазасын алсын! Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп тұр, оны білу – бәріне міндет. Әсіресе, мемлекеттік тілді білмейтіндер билік басына бармауы керек. Бұл Ассамблеяның басқа көсемдері мен мүшелеріне де қатысты.

 

                                                                                                                                                                                                          Сауалнаманы дайындаған Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Комментарий