Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

МАМАНДАР – СОТ ЖҰМЫСЫНЫҢ АЙНАСЫ

ІЗДЕНІС ПЕН ІРКІЛІСТІ ТАРАЗЫЛАП, ӨТКЕНДІ ЗЕРДЕЛЕУ КЕЛЕШЕКТІҢ КЕМЕЛДІГІ ҮШІН КЕРЕК. МІНЕ, СОНДЫҚТАН ДА ӘР САЛА ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАУ АРҚЫЛЫ ЖҰМЫСЫН ЖҮЙЕЛЕУДІ, КЕМШІЛІКТЕН САБАҚ АЛЫП, ЖЕТІСТІКТІ ЖАЛҒАСТЫРУДЫ МАҚСАТ ЕТЕДІ. ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ 2019 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАҒАН КЕҢЕЙТІЛГЕН КЕҢЕСІНДЕ ДЕ СОТ ТӨРЕЛІГІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАПҚА САЛЫНДЫ. ОСЫ АЛҚАЛЫ ЖИЫНДА СӨЗ АЛҒАН СОТТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ НАИЛЬ АХМЕТЗАКИРОВ СОТТАРДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРҒА ТОҚТАЛЫП ӨТТІ.

Жоғарғы Сот ашықтық, жеделдік, заманауи технологияларды қолдану жағынан өзге құзырлы орындардан көш ілгері келеді. Маңызды мәселелер көтерілетін, жаңа бастамалар сөз болатын басқосуларды тікелей желі арқылы ұйымдастырып, көпшілік талқысына салуды әдемі дәстүрге айналдырған фемида қызметкерлері халыққа жақын екенін, заманауи жаңашылдықтарды еркін  меңгергенін анық аңғартып жүр. Жиында сөз алған Н.Ахметзакиров былтырғы жылы татуластыру үрдісі қалыптасып, цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейткенін атап өтті. Сонымен бірге былтырғы жылы көптеген оңтайлы жобалардың қолға алынғаны белгілі. Пилоттық жобалардың да сот ісін жүргізуде тиімділікті арттырғанына көпшілік куә.

Әрине, сот жұмысы тек қаулы шығарып, шешім мен үкім оқудан тұрмайды. Ақ пен қараны ажыратып, әділдіктің салтанат құруына серпін беретін бұл құрылымның артында судьялардан бөлек қаншама маманның жанкешті жұмысы тұр. Судьялардың алаңсыз еңбегін, өлшеусіз қызметін кеңсе мамандарының тынымсыз тірлігінен бөліп қарауға болмайды. Сот ғимаратына келген азаматтарға жайлы жағдай жасап, күту залында қолайлы орта қалыптастыратын, сот отырыстарыныңдер кезінде басталып, ондағы қауіпсіздіктің сақталуына, тараптардың тоқ көңілмен кетуіне мүдделік танытатын кеңсе мамандарының жұмысын сырт көз байқай бермейді. Кеңейтілген кеңесте соттың «тылында» атқарылып жатқан жұмыс сапасы да сөз болды. Осы ретте департамент басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 1 400 сот залының цифрлық құрал-жабдықтармен жабдықтандырылатынын хабарлады. Бұл бастама істердің бірқатар санаттарын қағазсыз форматқа көшіруге, электронды сот төрелігіне кедергісіз өтуге, жасанды интеллект элементтерін енгізуге мүмкіндік береді.

Президент Әкімшілігінің, Үкімет пен Парламенттің қолдауымен 2020–2022 жылдарға арналған бюджеттік өтінімге сәйкес сот жүйесіне бөлінген қаражаты қомақты. Аталған қаражат соттардың 3 жаңа ғимаратын (Таразда облыстық соттың, Сәтпаевта бес құрамды, Арыста үш құрамды сот ғимаратын) салуға, Теміртау қалалық сотында күрделі жөндеу және аудандық соттардың 100 ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын болады.

«Жөндеу жүргізіп, жайлылық жасау аз. Соттарда кез келген сұраққа жауап бере алатын коммуникабельді және сыпайы мамандар жұмыс істеуі керек. Қызметкерлерге талапты күшейте отырып, біз олардың жұмыс көрсеткіштері мен келушілердің сот қызметінің сапасына қанағаттанушылық деңгейіне қарай лайықты еңбекақымен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұған қажетті қаражат қарастырылған», – деді Н.Ахметзакиров.

 

Нұрлан ШЫНТАЕВ

 

Комментарий