Қоғам | Общество

ҚОРДАЙДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС: СЕБЕП пен САЛДАР

Қазақстан халқы Ассамблеясы – біздің елдің әлемдік жиындарда ауыз толтырып айтатын мақтанышы еді. Содан болар 130-дан аса ұлт пен ұлысты бір мақсатқа ұйыстырып, бір межеде қиыстырып келген елдің татулығы мен тыныштығына тәнті болмағандар аз. Бірақ, күні кеше Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған қайғылы жағдай сол әдемі үйлесімнің артында үлкен мәселенің қордаланып жатқанын аңғартты.

Жолға таластан бастау алған ерегестің салдары оңай болып тұрған жоқ. Ресми дерек бүгінге дейін 10 адамның қаза болып, 40-тан астам адамның жарақат алғанын растап отыр. Сонымен бірге Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Масанчи ауылында орын алған жаппай төбелесте 30-ға жуық үй, 15 сауда орталығы қирағанын, 23 көлік өртенгенін мәлімдеген. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Сонымен қатар Мемлеке басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департа ментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды. Әрине, дүние түгенделер, жоғалғанның орны толар. Ал жылдар бойы сақталып келген сыйластық қалпына келе ма? Сынған
кесе бүтінделгенмен, сызаты қалмайтын ба еді?

Қазір бұл жағдайдың орын алуына қатысты болжам айтып, пікірімен бөлісіп жатқандар көп. Бірі – бұл мемлекеттік идеологияның әлсіздігі десе, енді бірі мұны қазақтың жалпақшешейлігімен байланыс-
тырады. «Дүнгендер шектен шығып кетті, жергілікті ұлтты сыйламайды» деп эмоцияның жетегімен кеткендер де табылып жатыр. Шындығында «Сұрап алған сыйдың қадірі жоқ». Отанға деген сүйіспеншілік қорқыту, үркіту арқылы қалыптаспаса керек. Жалпы, Қордайдағы қақтығыс бірнеше мәселенің басын ашып берді. Біріншіден, бұл бізде ауыл арасындағы түйткілдерді ушықтырмай ба-
сатын, елді сендіре алатын, сөзін жұртқа тыңдата алатын қариялардың жоқтығын аңғартты. Ақсақалдар айбынды болса, мұндай келіспеушіліктер республика тұрмақ, ауылдың шегінен шықпас еді.

Екіншіден, тарихты түгендеп, жергілікті халықтың жасаған жақсылығын ұрпағының құлағына құйып отыратын көнекөз қариялар жоғалып кеткен екен. «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан

кетпейді» дейтін қазақтың дархан көңілін бағалау өткен күннің еншісінде қалғандай. Осы мақсатта тұңғыш президенттің Жарлығымен арнайы алғыс күні де белгіленді. Бұл мереке ұлттар арасындағы
сабақтастықты сақтауға, өзге ұлттардың жергілікті халыққа деген құрметін арттыруға бағытталған болатын. Алғашқы жылы «Қазақтың суын ішіп, нанын жеп отырып мемлекеттік тілді білмеу – арға сын»

деп Асылы Османова апамыз өзге ұлт өкілдеріне үн қатып, үлгі көрсеткенімен, – жақсы іс жалғасын таба қоймады. Кейінгі жылдары бұл күн –
баланың анаға, қызметкердің басшыға алғыс айтатын мерекесіне айналып кетті.

Үшіншіден, Қордайдағы қақтығыс құзырлы орындардың өз міндетін дұрыс атқара алмайтынына көзімізді жеткізді. Ішкі істер саласы реформадан кенде болып көрген жоқ. Жыл сайын сақшылар-
дың аттестациядан өткізіліп, талаптың күннен-күнге күшейтіліп жатқанын естиміз. Алайда, сол талап үлкен қалалардан аспайтын секілді. Әйтпесе, кезінде полиция қатарына білім-білігін былай
қойғанда, тұлғасы сай келетін жандарды іріктеу керектігі басты назарға алынды. Тәртіп сақшысының тәртіпсіздікке төтеп беретін қауқары болғаны жөн. Қаруына емес, қабілетіне, қарымына сенетін-
дер ғана жиналуы керек бұл ортаға. Ал, кешегі қоғамдық тыныштықты сақтауға тиіс қордайлық сақшылар ашулы жұртты сабырға шақырып, шектен шыққандарды сабасына түсірудің орнына өз дәр-
менсіздіктерін барша жұртқа паш етіп алды.

Төртіншіден, біздегі ресми орындар оқиға туралы жедел, шынайы ақпарат таратуға әлі дайын емес. Қазір ақпараттың заманы. Құзырлы орындар дер кезінде жаңалықпен бөлісіп отырмаған соң, қоғамда қаңқу көбейеді. Қордайдағы жағдайдың асқынуына да осы мәселе себеп. Сондықтан, мемлекеттік мекемелердегі баспасөз қызметіне кәсіби мамандарды тартқан дұрыс. Шынайы ақпа-
ратқа сусап отырған жұрттың қарапайым қалауын ескерген абзал.
«Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынатынын» көрсеткен бұл жағдай ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап, әділет, ішкі істер, прокуратура, білім, мәдениет министрліктері үшін де үлкен сын болғалы тұр. Оны вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік комиссия жан-жақты талқылап, шынайы қорытынды жасамаса, халықтың билікке деген сеніміне түскен сызатты қалпына

келтіру қиынға түспек. Президент тапсырмасы бойынша Бердібек Сапарбаев Масанчи, Сортөбе, Қарасу, Қаракемер ауылдарын аралап, тұрғындармен кездесіп тілек-талаптарын тыңдап шықты. Халық сырын айтты, шынын айтты. Енді сол елдің қалауы ескерілсе дейміз.

Қазақстан – заң үстемдігін орнатуды мақсат еткен, зайырлы мемлекет. Ал құқықтық мемлекетте мәселе жұдырықпен, айқай-аттанмен, білектің күшімен шешілмеуі керек. Әлбетте, құзырлы орын-
дар жұмысын дұрыс үйлестірсе әлдінің әлсізге, көптің азға тісі батпас еді. Ендеше, алдағы уақытта да түсінбеушіліктер текетіреске ұласпас үшін, әрбір азамат тыныштықтың қадірін білуі керек! Ел болған соң ішінде тектісі мен тентегі қатар жүреді. Сол тентекті тезге салудың да маңыздылығын ұмытпаған жөн! Ешкімді тіліне, діліне, дініне, ұлтына, жынысына бөлмей, бейбітшіліктің бесігінде әлдилеп отырған қазақстандық саясатты барлық халықтың бағалайтын кезі келді.

 

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

Нұрлан ШЫНБАЕВ

 

Комментарий